Тарих • 09 Тамыз, 2018

Ақ Жайықта – Жұмағазы хазірет

633 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пір Бекет!» Барша қазақ үшін тұрақты сөз тіркесіне айналған осы бір бата сөзін батысқазақстандықтар «Ақ Жайықта – Жұмағазы хазірет» деп жалғайды. 

Ақ Жайықта – Жұмағазы хазірет

Оның мәнісі – әуелі пайғамбар, одан кейін күллі түркі жұртының пірі болған Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет Ясауиден қалған рухани жолдың жалғасы дәл осы Жұмағазы хазірет деген сенім болса керек. 

Алтайдан Атырауға дейін созылған, құс қанаты талатын ұлан-байтақ даланы жайлаған жалпақ жұрттың бір дін, бір сенімде болғаны таңғалдырады. Әйт­песе Жұмағазы хазіреттің туған жері Еділ мен Жайықты тең жайлаған Бөкейлік жұрты қасиетті Түркістаннан 3 мың шақырымдай (!) қашықта жатыр. Бірақ білім іздеген жас Жұмағазы ауылынан ұзап шығып, рухани білімді дәл сол Түркістаннан алыпты! «Әзіреті Сұлтан мешітінде көп жыл оқып, ұстаздық дәрежесіне де жетіпті» дейді ел аузынан жеткен аңыз. Бірақ Жұмағазы хазірет білімі толысып, кемеліне келген соң алыстағы туған топырағына асыққан.

Жұмағазы хазіреттің қазіргі жатқан жері – Шолақ Аңқаты өзенінің Шалқар көліне құяр сағасын қоныстануы да аңызға бергісіз әңгіме. Бұл жер әу баста кердері руына қарайтын қоныс екен. Түркістаннан алған ілім-білімін елге таратуға келген Жұмағазы хазірет ру ақсақалдарына жолығып, осы жерді сұраған екен. Әуелі келісім ала алмапты. Сол кезде ренішін ішіне бүгіп, бұрылып кетіп бара жатқан жас молданың арқасынан лаулап жалын көрінген-мыс. Мұны байқаған қарияның бірі: «Бұл адамның сұрағанын беріңдер, тегін адам емес екен», депті.

– Бабамыздың көптеген қолжазбасы бол­ған екен. Кешегі аласапырандарда жоғалып кеткен. Бір дерегі шыға ма деп Астрахань, Орынбор, Алматы архив­теріне сұрау салып көрдім. Әттең, әзірге еш­теңе табылмай тұр, – дейді бүгінде киелі мекеннің шырағын жағып, зиярат етіп келген халыққа қызмет қылып жүр­ген Ғарифолла Жамбозов.

Қазіреттің Үбінияз деген баласынан ту­ған Жамбоздың немересі Ғарифолла Бай­мұратұлы 2009 жылдың 25 маусымы күні Батыс Қазақстан облыстық Әділет департаментінде «Дәдем ата» жеке қорын тіркеуден өткізген. Қазақ халқының әулиеге құрмет, зиярат әдебі туралы білу үшін Қазақстанның әр жеріндегі киелі мекендерді арнайы көріп қайтыпты. «Арыстан баб, Әзіреті Сұлтан, Шопан ата, Бекет ата секілді жерлерде болдым, ол жердегі зияратшы халыққа жасалған қамқорлыққа көңілім толды. Шіркін-ай, осы жерді де сондай мекенге айналдырсам!» деп армандаған екен Ғарифолла. Бүгінде шырақшының өз күшімен, жанашырлардың демеушілігімен зиярат­ орнында сәулетті мешіт, үлкен қо­нақ үй көтерілген. Халық күнде келіп, абыр-сабыр болып жатқан киелі мекенде электр жарығы, табиғи газ желісі тартылған. Айнала абаттандырылып, су бұрқақ орнатылып, өрнектастар төселіп, кө­шет егіліп, керемет күйге түскен. Орал – Ақтөбе күре жолына жалғайтын 3 ша­қырымдық жол ғана ауа райының қолай­сыз күндерінде қиындық келтіріп тұ­р­ғаны болмаса, зияратшыларға барлық жағдай жасалған.

Жұмағазы хазіретті жергілікті халық «Дә­дем ата» деп атайды. Бұл атаудың шы­ғуы жөнінде де бірнеше нұсқа бар. Біреу­лер «Дәдем» деген қазақтың көне сөзі, үлкен баба дегенді білдіреді» десе, ен­ді бір топ Совет өкіметі жылдары осы өңір­дегі «Правда» совхозын басқарған Виктор Шубинмен байланыстырады.

Хазірет зираты жатқан қорым әкім­шілік бөлініс жағынан бүгінде Сы­рым ауданы, Шолақаңқаты ауылдық окру­гіне қарайды. Бұл округ (орталығы Тоға­нас ауы­лы) – бұрын «Правда» газеті атындағы кеңшар атанған әйгілі шаруашылық болатын. Егіні мен мал шаруашылығын қатар дамытып, бүкіл Одаққа әйгілі болған осы кеңшарды ұзақ жыл Виктор Шубин деген азамат басқарған. Кезінде шаруашылық «миллионер совхоз» атанып, Шубин Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған. Халық бұған осы Жұмағазы әулиенің шарапаты тиді деп санайды.

– 1954 жылы «тың игеру» деген нау­қан басталды ғой. Сол жылдары Жұма­ғазы хазірет жатқан көне зират орнын тегістеп, егіс алқабына жыртып жібермек болған екен. Бірақ директор жұмсаған тракторлар осы тұсқа жеткенде аяқ астынан сыр беріп, сына берген. Бұған сенбеген Виктор Игнатьевич өзі келеді. Шынжыр табан трактордың табаны қорым шетіне іліге бергенде шорт үзіліп, трактор шыр айналады. Кереметті көзімен көріп, бұл жерде бір құдірет барын түсінген Шубин енді әулие зиратын қоршап, ешкім тиіспеуін тапсырыпты. Өзім осы ауылда туып-өстім. Совхозда сауын фермасының бригадирі болып, Шубиннің қарауында қызмет еттім. Орыс болса да Дәдем атаны ерекше сыйлайтын. Жыл сайын әулиенің басында құран оқып, садақа шалу үшін ауыл қарттарына бір сиырды тегін беріп отырғанына куәмін. Шубин әулиені Жұмағазы деуге тілі кел­мей, құрметпен «Дядя» деуші еді, – дей­ді бүгінде Батыс Қазақстан облыстық мұсыл­мандар мешітінің қызметкері Қадер Бисенов.

Бір қызығы, Виктор Шубин құр­меттеген қазақ әулиесінің басына ағыл­ған жұрттың ішінде өзге ұлт, өзге дін өкіл­дері де толып жүреді. Зияратқа келу­шілер толтырған дәптерлерді қарасаңыз, небір тылсым оқиғаға, қызықты хикаяға қанығасыз. Аспанда – Күн, жерде  әу­лие ортақ деген халық сеніміне таңға­лып, бас иесіз.

«Дәдем ата» жеке қорының ресми тіркеліп, он жылға таяу қызмет етіп жатқанын айтқанбыз. Ерекше тоқталып айта кетер мәселе – қор жетекшісі Ғари­фолла Жамбозов үкіметтік емес ұйы­м­ның өкілі ретінде азаматтық қоғамның негізін салып отырған айтулы азаматтың бірі. Өңірдегі өзге де ҮЕҰ өкілдерімен бірлесіп, жыл сайын азаматтық шаралар өткізеді. Қайырымдылық көрсетіп, айналадағы елді мекендердегі аз қам­тылған отбасыларға тұрақты түрде демеу­шілік жасап отырған қызметі тағы бар.

Жыл сайын сәуір айында Орал –Аты­рау күре жолы бойындағы әулие аял­дамасында Орал қаласының бір топ белсенді азаматтарының күшімен таза­лық сенбілігі өтеді. Бұл «Толағай» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдірдің бастамасынан туған еді. Міне, жетінші жылға кетіп, дәстүрлі шараға айналды. Дәл осы сенбілік нәтижесінде зират басында пайда болған «Алаш аллеясында» балапан теректер бой түзеп өсіп келеді. Бұйырса бірер жылда бұл жер шағын орманға айналса керек.

Елімізде 31 мамыр – саяси қуғын-сүр­гін мен ашаршылық құрбандарын ес­ке алу күні ретінде аталып өтіледі. Бі­рақ дәл осы күнді қалай атап өту­дің бірыңғай үлгісі қалыптаса қойма­ғандай. Ірі қалаларда митингі болып, ескерткішке гүл қойылар. Жалпы­ха­лық­тық шара, ортақ үлгі жоқ қой. Ал батыс­қазақстандық белсенді азаматтар дәл осы күні жазықсыз құрбан болған Алаш ардақтыларын әулие басында ас беріп, дұға қылып еске алуды ұсынған. Ғарифолла Жамбозов бұл идеяны бірден қолдай кетті. Міне, бірнеше жылдан бері 31 мамыр күні Дәдем ата басында ірі қара сойылып, үлкен ас беріледі. Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы «Қайраткер» қорының жетекшісі, алаштанушы ғалым Дәметкен Сүлейменова бас болып, дәл осы жерде Алаш қайраткерлерінің өмір жолына арналған ғылыми конференция да өтті.

Батыс өңіріндегі халықтық мерекенің бірі 14 наурыздағы «Көрісу күні» де бұл жерде ұлан-асыр той болып өте­ді. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік ме­ре­кесінде де осынау Ұлық күнді жа­қын­дату жолында құрбан болған барша Алаш азаматтарының аруағына ас беріп, Құран бағыштау дәстүрлі ша­ра­лардың біріне айналғалы қашан. Осы­ның бәрі киелі мекен, әулиелік зия­рат орындарының бүгінгі миссиясын ай­қындап тұрғандай. Әрине, мұның бәрі осы киелі жердің иесі, Жұмағазы хазіреттің ұрпағы Ғарифолла қажы Жамбозовтың жаңашыл қасиетінен, көрегендігінен дер едік.

Өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін елімізде үлкен қозғалыс, шын мәнінде рухани жаңғыру жұмыстары басталды ғой. Сол шаралардың аясында Батыс Қазақстан облысына іс­сапармен келген «Қасиетті Қазақстан» ғы­лыми-зерттеу орталығының мамандары өңірдегі киелі жерлерді түгел аралап шыққан еді. Әрине өңірдегі киелі нысанның бәрі өз дәрежесінде қызмет қылып тұрған жоқ. Бірақ астаналық меймандар Жұмағазы хазірет зиратын бір көргенде-ақ «Бұл жер Қазақстанның жалпыұлттық 100 нысанының қатарына кіруге лайық екен» деген шешім қабылдаған. Өйткені жай күндері-ақ адам аяғы үзілмейтін киелі нысанда сенбі-жексенбіде 250-300 адамға дейін жиналады. Олардың бәріне де осы жерде түсер орын, ас ішер дастарқан дайын. Ұқыпты ұйымдастырудың арқасында зияратшыларға қызмет көрсету жоғары дәрежеде жолға қойылған.

...Осыдан бірнеше жыл бұрын әлдебір жомарт жанның демеушілігімен Дәдем ата зияраты басында әсем мешіт тұр­ғы­зылған болатын. Сол жылы-ақ мешіттің ішкі маңдайшасына қос қар­лығаш ұя салыпты. Адам аяғы үзіл­мейтін мешітке киелі құстың қалай үйір­сектегені бізге жұмбақ. Міне, содан бері қарлығаш балапанын өргізіп алып кет­кенше мешіттің есігі жабылмайтын болды.

«Маң дала.

Маңда жатқан қабір ғана,

Дарыған дəл осында сабыр дара.

Ішінен Дəдем ата мешітінің,

Қарлығаш ұя сапты қабырғаға.

 

Бұдыр жоқ.

Тас қабырға бұл заманғы,

Белгісіз – мұнда қанша мұң қамалды.

Қас шебер – қиғаш қанат қарлыға­шым,­

Сенің де біліп жатыр кім бағаңды...

 

Мешіттің маңдайына ұялапсың,

Қаштың ба қапасынан қиянаттың.

Ілікпес жерге ұя іліктіріп,

Үй соғып алыпсың-ау, тиянақтым.

 

Паналап тіріні емес, өлгендерді,

Рухпен қаладың ба емделгенді.

Мекенін мəңгіліктің таңдадың ба,

Тұрсын деп ойландырып келгендерді.

 

Бұл белгі, қарай бердім, көктен бе деп,

Түсірдім суретке еппен бөлек.

Жетіліп балапаны өскен бе деп,

Шуағын мама-құстар төккен бе деп.

Дəметіп адамдардан Адамшылық,

Ұясын аманаттап кеткен бе деп...», – оралдық ақын Дариға Мұштанова апамыздың осы өлеңі Жұмағазы қазірет зияратының тылсым сырын, адам жанына тыныштық сыйлайтын ерекше қасиетін білдіріп тұрғандай.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»