Қазақстан • 09 Тамыз, 2018

Қызылжар өңірінде заңды белден басқандар жазаланды

443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінде қазынаның қаржысын шүлен таратқандай мақсатсыз шашатын басшылардың іс-әрекеті жергілікті қадағалаушы органдар тарапынан әшкере болды.​​​​​​

Қызылжар өңірінде заңды белден басқандар жазаланды

Күйеуі – күзетші, келіні – аспаз, ал ұлы...

«Қоғамдық бақылау», «Жасырын тұтынушы» жобалары аясында көз тайса­ болды заңды белінен басып, ел мүддесін емес, алдымен ту­ған-туыстарының қамын күйт­тейтін талайлар зар илеп, жал­ғанның жалпағына шығып жатыр. Солардың бірі Тими­рязев ауданында аймандай болып әшкереленді. Ол жө­нінде облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының міндетін атқарушы Елена Степаненко мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда осы аудандағы Ишим ауылының тұрғындары мектепте орын алған келеңсіз жайттардың тоқтатылуын талап етіп, сенім телефоны арқылы хабарлаған. Жұмыспен қамтамасыз ететін орын – білім үйі ғана. Ал оның басшысы болса күйеуін – кү­зетші, келінін – аспаз, ұлын – пеш жағушы етіп қызметке алып, өзгелерге шекесінен ше­кірейе қарап келген. Арыз-ша­ғым бойынша тексеріс жүр­гізіліп, барлық фактілер рас­талған. Туған-туыстарына бүй­­регі бұрған басшыға сөгіс жа­рия­ланып, екі тараптық келі­сімшарттар күшін жойған.

Жыл басынан бері 425 мем­ле­кеттік қызметшіге түрлі тәр­тіп­тік жаза қолдануына, жарты мыңға жуық заң бұзушылық орын алғанына қарағанда қо­лынан келсе қонышынан басуға ұмтылатын шенеуніктер қатары жуық арада азаяды дегенге сену қиын.

Жемқорлықты әшкерелеп, сыйақы алды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұлттық бюросының облыстық департа­менті алты айда 68 қылмыстың анықталғанын, оның 34-і ауыр қылмыс екенін жайып салды. Өткен жылға қарағанда сыбай­лас жемқорлыққа қатысты құ­қық бұзушылық саны 2,6 есеге көбейгені, оған негізінен мем­лекеттік қызметшілер бейім екені байқалады. Атап айтқанда, лауазым иелерінің қызмет бабын асыра пайдалануы және бюджет қаражатын қымқыруы салдарынан 21 парақорлық оқи­ғасы тіркелген. Қылмыстық жауап­кершілікке тартылған 19 адам­ның 7-уі басшылық қызметтегі тұлғалар. Олардың қатарында денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы же­текшісі В.Безлер, тағы басқалары бар. Оның орын­­басары сот­талып, түрмеге тоғытылған. 43 қылмыстық іс сотқа жолданып, былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 7 еседей өскен. Түйені түгімен, биені бүгімен талғаусыз жұта беретін тойымсыз өңештерге кеткен қаражаттың 217 миллион теңгесі бюджетке қайтарылып, жегендері желкесінен шыққан. Сыбайлас жемқорлық фактілері жайлы хабарлаған үш адамға жарты миллион теңге сыйақы төленген.

Ірі қылмыстық істердің бірі Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қатысты қозғалған. Оның лауазымды тұлғалары 200 мил­лион теңгені жымқырудың амал-әдістерін күні бұрын ойластырып, алдын ала келіскен тәрізді.

Қыруар қаржы мақсатсыз жұмсалған

Айыртау ауданында орталық қазандықтың жылу желілерін қалпына келтіруге бюджеттен бөлінген 83 миллион тең­ге «Айыртау су» ЖШС-і қыз­мет­керлерінің жалақысын өтеуге, қазандық пен көмір отынын сатып алуға, салықтармен есептесуге жұмсалған. Осы құқық бұзушылық үшін кәсіпорынға 20 миллион теңге айыппұл са­лынған. Бұл – облыстық ішкі мемлекеттік аудит депар­таменті тексерісінен келті­ріл­­ген мыс­қалдай бір мысал ғана. Цифр­ларды одан әрі «сөй­летсек» қомақтылана түседі. Мәселен, саусақ тигізбеген құ­рылыс жұмыстары үшін «Ең­бек-Ас­тана» мекемесі 13 миллион теңгені иеленген. Бұдан бө­лек шағын сәулет мүсіндерін орна­туға қарастырылған 9,5 миллион теңгені ескілерін жөндеуге ғана жұмсаған. Қалалық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде 24 миллион теңгеге сатып алынған негізгі қорлар басқа операциялық шығындарға кіргізілген, 2,2 миллион тең­ге өте­лім есептелмеген. Ғ.Мүсі­репов ауданында тұрғын үй қорындағы пәтерлер заңсыз жекешелендірілген. Осындай қитұрқы әрекеттер үшін жауапты қызметкерлерден 96,2 миллион теңге айыппұл өндірілген.

Камералдық бақылау қоры­тындылары бойынша 24,5 мил­лиард теңгенің 1242 мем­ле­кеттік сатып алу рәсімдері тоқ­татылған. Тұтастай алғанда, 54 мемлекеттік аудит нысанында 63 тексеру іс-шарасы жүргізіліп, нәтижесінде 8,3 миллиард теңге қаржы мақсатсыз жұмсалғаны анықталған.

Жалақысын бермей отыр

Еңбек Кодексі талаптарын бұра тартушылық та өңірде жиі кездеседі. Еңбек инспекторлары 146 мекемені тексеріп, 364 заң бұзушылықты тіркеген. Олардың 38-і еңбек қауіпсіздік шараларын сақтамауға қатысты болса, 21 жағдайда еңбек ке­лісімшарттары өрескел түрде бұр­маланған. 9 жұ­мыс беруші азаматтарды ешбір құжатсыз қабыл­даған. Жалданушылардың жұмыс уақыты норма­сын бұзу, арнайы қорғаныс құралдарын бер­меу, нұсқаулықтар жүргізбеу сияқты кемшін тұс­тар да аз емес. Әлі күнге дейін екі жүзге жуық адам табан ақы, маңдай тер жалақасын даулап, есік тоздырып жүр. Бұл ретте «Айыртау су» және «Қай­­­ранкөл астық» кәсіпорындары озып тұр. Ал­дың­­ғысы 137 жұмысшыға 15 миллион теңге берешек.

Жыл басынан бері 41 келеңсіз оқиға тіркеліп, 2 адам қаза тапқан. 18 адам ауыр жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жат­қызылған. Комиссия кісі өлі­міне соқтырған екі жағдайда да жұмыс берушілер кінәлі деген шешімге келген. Талдау ба­рысы көрсеткендей, оқыс оқи­­ғалардың үштен бірі жұ­мыс берушілер тарапынан орын ал­ған. 59 жұмыс беруші әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, 8,9 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелген.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар