Өнер • 10 Тамыз, 2018

Елорданың өнерсүйер қауымы Пикассоның тағы бір қырымен танысуға мүмкіндік алды

382 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық музейде ашылған «Пабло Пикассо. Вал­лористік Селестина мен кера­мика» атты көрмеге ХХ ға­сырдағы ең танымал тұл­ғалардың қатарына кіретін өшпес өнер иесінің керами­калық және гравюра­лық бірегей туындылар­ы қойылды.

 

Елорданың өнерсүйер қауымы Пикассоның тағы бір қырымен танысуға мүмкіндік алды

Көрмені аралаған ағайынның көңілдері көк жайлауға қонғандай күй кешкені талас тудырмаса керек. Корифейдің өзі көркемдеп өрнектеген түрлі құмыралар, табақшалар, сауыттар, аң-құстар мен мифтік бейнелер, таңғажайып табиғат көріністері еріксіз көз сүйсінтеді.

Көрмеде көрнекі құрал ре­тін­де қабырғаға ілінген Пабло Пикассо өмірбаянынан оқыға­ны­мыздай, 1946 жылы Франциядағы Вал­лорис қаласына барып, сонау Рим заманынан керамика өндірісімен айналысатын «Мадура» шебер­ханасының жұмысымен танысу барысында тағдырында күрт өз­геріс басталады. Суретшілігі мен мүсіншілігі аздық еткендей, ендігі жерде керамиканың қыр-сырын меңгеруге  кіріседі. Сонымен қойшы, шалқыған ша­быт ауанымен төрт мыңнан аса декоративті керамикалық пішін­дер жасап, аттың басын бір-ақ тартады. Оның барлығына «Пикассо қолынан шыққан» деп арнайы белгі соғылған көрінеді. Олардың біразын көзімен көріп, қолымен ұстаған астаналықтарда да арман жоқ. Қалай болғанда да ұлылықпен ұшырасу жоралғысы емес пе, бұл дегеніңіз.

Көрмедегі құндылықтардың екінші бір бөлігі – Пикассоның иллюстрациялық қолтаңбалары. Оларды Селестина сериясы деп те атайды. Оның себебі мынау. «Селестина» – Сер­вантестің «Дон Кихоты» жазыл­ғанға дейін Испаниядағы өте кең тараған трагикомедия. Мұндағы басты кейіпкер Селестина атты айлакер әйел қос ғашық Калисто мен Мелибеяны өйтіп-бүйтіп өлтіріп тынады. Фернандо Де Рохастың бұл кітабы кейін француз тіліне аударылғанда, иллюстрациясын Пабло Пикассо жасапты. Содан безендіру бағытындағы суреттері классикаға айналып шыға келген сыңайлы.

Қазақ қауымына дүниежүзілік дүлдүл суреткер  Пабло Пикассо туындыларының көрсетілуі – шын мәнінде жағымды жаңалық. Ендеше осынау жақсы дәстүр жалғасын таба бергей.

Айтулы оқиғаға арналған салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл Астананың мерейтойы аясында ұйымдастырылған шоқтығы биік шаралардың бірі екендігін атап өтті. «Пабло Пикассо – тек сурет өнерінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл өркениет көшінің, жалпы адамзаттың алға басуына қомақты үлес қосқан адам. Өйткені мынау бозжайнақ дүниенің сұлулығын бар бояуымен қағаз бетіне түсіріп, оған ерекше әр бере білу әркімнің қолынан келе беретін іс емес», деді ол ойын түйіндеп.

Бұл кеште Ита­лия­ның Қазақ­стан­дағы елшісі Пас­куале Д’Авино мен еліміз­дегі Испа­ния елшілігі миссия­сы жетек­шісінің орынбасары Айки Маулеон Мураматсу мемле­кеттер арасындағы мейман­дос­тық белгісіндей осынау игі істің ойдағыдай жүзеге асуына тілек­тестіктерін білдірді. «Әлемге әйгілі Пикассоның жеке көрмесі Қа­зақстанда тұңғыш рет ұйымдас­тырылып отыр. Көркем шығар­малар көптің көңілінен шы­ғып, мұражайға келушілерді қуан­тарына сеніміміз мол», десті олар ортақ пікірлерін жеткізіп. Екі бірдей ел ресми өкілдерінің қоса қа­баттаса сөйлеуі тегін емес. Се­бебі Пабло Пикассо Испания­ның тумасы болғанымен, оның осы көр­медегі мұраларын сақтау­шы­лар италиялық коллекционерлер.

Ал венециялық өнертанушы ғалым Джан Камилло Кустоза болса, қазақстандық көрермендер көзайымына айналуы тиіс 32 гравюралық және 66 керамикалық жәдігер ұлы шебердің өмірінің соңғы кездерінде дүниеге келуімен де құнды екендіктеріне екпін түсіре айтты.

Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»