10 Тамыз, 2018

Астанада цифрландыру күні өтті

903 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрландыру күнін өткізді. Шара ЭКСПО қалашығындағы Astana Hub аумағында ұйымдастырылды. Оған вице-министр Нариман Мұқышев қатысты.

Астанада цифрландыру күні өтті

Жиынға ІТ саласының бизнес өкілдері мен өз істерін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер, бірқатар ІТ мамандары шақырылған екен. Шарада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі өздері тарапынан цифрландыру  бағытында атқарып жатқан жұмыстар жайын баяндады.   Соңында сұрақ-жауап форматына ауысып, келушілермен өзара пікір алмасылды. Қатысушылар IT-технологиялар саласындағы өз тәжірибелерімен де бөлісті.

«Біз саланы цифрландыру мәселесінде ІТ компаниялармен тығыз жұмыс істейміз. Себебі автоматтандыру-цирфландыру мәселесінде ІТ-нарықтағылардың тәжірибесі мен ұсыныстары аса маңызды. Мұның қарапайым мысалы ретінде Электронды еңбек биржасын (ЭЕБ) атауға болады», деді вице-министр.

Н.Мұқышев Электронды еңбек биржасының жұмысы және электронды еңбек келісімшарттарын енгізу туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Ол база – бүгінде құрылған және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы іске асырылған жобасы. Оның аясында азаматтарды жұмысқа орналастыру процесі электронды форматқа көшіріліп, жұмыс іздеушілер мен вакансиялардың ірі базасы қалыптасқан. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі күні ЭЕБ қызметін 58 мың жұмыс беруші мен 225 мың жұмыс іздеушілер пайдаланған. Сондай-ақ ЭЕБ арқылы 203 мың азамат жұмысқа орналастырылып, оның базасында 36 мың бос орын мен 91 мың түйіндеме жарияланған.

«Электронды еңбек биржасы қазір жұмыс істеп жатыр. Енді соның аясында бірқатар жаңа бағыттар ашудамыз. Мысал ретінде «сағаттар аутсорсингі» жобасын атауға болады. Біз жұмысқа орналастыру тетігі бойынша лот арқылы нарыққа шығарамыз. Яғни, «Егер мына азаматтарды жұмысқа орналастыратын болсаңыз, біз сізге ақша төлейміз» дейтін боламыз», деді Н.Мұқышев. Вице-министрдің айтуынша, аталған жоба шамамен осы жылдың қазан айында іске қосылатын болады.

«Сондай-ақ еnbek.kz сайтында біліктілік дәрежесі көрсетілген азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған белгілі бір лот орналастырылады. Азаматтар тұрақты жұмысқа орналастырылған жағдайда мемлекет төлейтін қаражат көлемі де көрсетіледі. Олардың тұрақты жұмысқа орналастырылуы маңызды. Бір-екі ай жұмыс істеп, одан соң жұмыстан босатылуы жарамсыз», деді министрдің орынбасары.

Мәлім болғандай, қазіргі уақытта 45 жекеменшік жұмыспен қамту агенттігі Электронды еңбек биржасын қолданып отыр. 2018 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында олар 8182 бос орынды жариялаған.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда еңбек, жұмыспен қамту, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік қолдау көрсету, арнаулы әлеуметтік қызметтер және көші-қон секілді ведомство қызметінің барлық бағыттары бойынша бірнеше кіші ақпараттық жүйені қамтитын Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Жалпы министрлік «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында негізінен үш ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Оның біріншісі – басты міндеттерінің бірі халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру болып табылатын Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту. Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың екінші үлкен жобасы бұл – Электронды еңбек биржасы. Үшінші үлкен жоба – электронды еңбек шарттарын есепке алу жүйесін енгізу. Барлық аталған шаралар елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізбек. Цифрландыру күні, міне, осы шаралардың әлі де жетілдіріліп, қолға алынған жобалардың лайықты жүзеге асуына барынша күш салынатыны айтылып, жоспарлар тағы бір пысықталды.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»