Медицина • 10 Тамыз, 2018

Ә.Ғаделшиев: Конвенция – көптеген мәселелер шешімі

357 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ә.Ғаделшиев: Конвенция – көптеген мәселелер шешімі

12 тамызда Ақтауда Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түркменстан елдері президенттерінің қатысуымен V Каспий маңы мемлекеттерінің саммиті өтпек. Каспий теңізінің құқықтық статусын анықтау мақсатында бұл саммит шешуші рөл атқаруы әбден мүмкін. Келіссөздер барысында тараптар салиқалы ұстаным тұрғысынан келіп, саммит жұмысы барысында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылады деп жоспарлануда. 

Бұл жерде салиқалы ұстаным деңгейі әр елдің өз ұстанымын қаншалықты жұмсартуға дайындығынан көрінетін болады. Бітімге қол жеткізудің ең маңызды шарты осы. Егер мемлекеттер Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне байланысты ортақ келісімге қол жеткізсе, олар теңіз айдынындағы, түбіндегі таласты аумақтарда орналасқан мұнай және газ кенорындарын өңдеуге, энергоресурстарды тасымалдауға, теңіз түбіне мұнай-газ құбырын жүргізуге байланысты мәселелерді шеше алатын болады.  

Кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірістің жедел дамуы Каспий теңізінің табиғатына салмақ түсіруде. Соның салдарынан теңіздің биологиялық алуандығын сақтау мақсатында нақты шаралар қабылдау қажеттігі туындауда. Осы орайда 12 тамызда қол қоюға даярланып жатқан Конвенция ең алдымен экологиялық сипаттағы мәселелерді шешуге, көпжақты тиімділікке негізделуі тиіс. 

Әрине, экологиялық фактор энергетика саласындағы шешімдерге ерекше ықпал ететін болады, ал транзиттік-көліктік жобалар, балық аулау мен кеме қатынасы екінші орынға ысырылатыны анық. Яғни, «Каспий бестігінің» мүдделері ең алдымен экологиялық саясат призмасы тұрғысынан қарастырылатынын байқауға болады.

Каспий маңайы мемлекеттері теңіздің құқықтық мәртебесін нақтылау бойынша өткен келіссөздер үдерісі бес елдің дипломаттарынан үлкен еңбекті, табандылықты талап еткені анық. Кешенді мәселелердің шешімін табу үшін бойы көптеген кездесулер өткізілді. Олардың қатарында мемлекеттер басшылары деңгейінде 4, ал министрлер деңгейінде 8 кездесу өтті. Бұл кездесулер барысында мемлекеттердің әрқайсысы Каспий теңізінің мәртебесін анықтау мәселесіне байланысты түрлі ұстанымда болды.

Осы орайда мемлекеттер арасындағы ұзақ мерзімге созылған келіссөздер үдерісі аяқталуға жақын деп үміттенгіміз келеді. Өйткені Конвенция қабылданысымен Каспийді бөлісу бойынша даулы мәселелер кезең-кезеңімен реттелетін болады. Конвенциямен бірге дайындалып жатқан экономикалық сипаттағы құжаттар Каспий маңайы елдерінің транзиттік әлеуетін кеңейтіп, көліктік бағыттарды әртараптандыру мүмкіндігін арттырады.

Ал 10-11 тамыз күні өтетін Арнайы жұмыс тобының 52-ші отырысын мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері деңгейінде өткізу жоспарлануда.  Әзірше Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін нақтылайтын саяси шешім жоқ, сондықтан маңызды экономикалық жобалардың жүзеге асуы өзекті күйінде қалып отыр.

Әділхан Ғаделшиев,

ҚСЗИ Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің аға ғылыми қызметкері