Қазақстан • 13 Тамыз, 2018

Жетісуда көгілдір отынға қосылу жүйелі жүруде

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз бұған дейін де Алматы облысының аумағында газ тарту жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын жазған едік. Алматы қаласы маңынан Талдықорған аумағына қарай салынған құбыр желісі бүгінде толықтай аяқталып, облыстың бұрын-соңды көгілдір отын  жетпеген аудандары табиғи отынға қосыла бастады.

Жетісуда көгілдір отынға қосылу жүйелі жүруде

Жақында «Талдықорған – Текелі» магистралды газ құбыры желісінің құрылысы аяқталып, кеншілер қаласындағы алғашқы нысандарды көгілдір отынға қосу жұмыстары іске асты. Мерзімінен бұрын аяқталған жоба қаланың ішкі көшелеріне тартылатын желілерді де ерте бастауға мүмкіндік беріп отыр.

– «Талдықорған – Текелі» құбыр жолының құрылысы белгіленген мерзімінен ерте, сәтті аяқталды. Қазір қаланың ішкі көшелеріне және жақын жатқан елді мекендерге газ тарту жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның құны 1,5 млрд теңге шамасында. Бұл қаржы жұмысты сапалы атқаруға кепілдік береді. Магистраль бойынша газ берудің жоспарлы қуаты  –  сағатына 43,7 мың текше метр. Бұл Текелі қаласының тұрғын үйлері мен өндірістерін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге толық жеткілікті, – дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов.

Ал құбыр тарту жұмыстарын жүр­­гізіп жатқан «АқниетГрупп» ЖШС басшысы Александр Петлиннің айтуын­ша,  Текеліге дейін тартылған газ құбырына жол үстіндегі ауылдарды да қосу мүмкіндігі қарастырылыпты. Ескелді ауданының Шымыр, Байысов, Ешкіөлмес, Абай, Өрқусақ, Жетісу, Екпінді, Сырымбет ауылдарының тұрғындары қазірдің өзінде көгілдір отынды күтіп отыр.

Жалпы, «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасы» Үндеуінің жариялануы өңірдегі газбен қамту жұ­мыстарына жаңаша сипат пен серпін бергені анық. Қазір облыстың 11 ауда­нына  газ тартылған болса, мүлдем көгілдір отын иісі сезілмейтін 6-7 аудан кезекте тұр. Алдағы кезеңде облысты 100 процент қамту мақсаты тұрғандықтан шекаралық аудандардың тұрғындары да газға қосылудан дәмелі. Облыс бойынша бұл жұмыстарға 8,5 млрд теңге қарастырылған. Оның 5,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен тартылса, жергілікті бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінген екен. Бүгінде бюджет қаржысы игеріліп, халық алғашқы нәтижесін көре бастады.

Алматыдан тартылған газ құбы­рына алғашқы болып қосылған Көк­су ауданында көгілдір отынға сұ­раныс жоғары. Биылғы мамыр айында Балпық би ауылында  газ тарату жүйесінің құрылысы аяқталып, 32 тұрғын үй табиғи отын жүйесіне бір күнде қосылған екен. Қазір ауданда 2,2 шақырым орта қысымды жер асты газ құбыры және 6 шақырымнан артық төменгі қысымды газ құбырын тарту аяқталды. Бұл тұрғындарды ғана емес, аудан аумағындағы өндіріс орындарын да газдандыруға мүмкіндік береді. Тұрғындар үшін көгілдір отын желісіне қосылу құны 320 мың теңге шамасында.

Айтпақшы, өндірісті газ желісіне қосу артық шығындардан арылтып, өнім өндіруге оң ықпал етеді екен. Мысалға, осы Көксу ауданындағы қант зауыты қазір толықтай қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Бірінші кезекте өндірісті толықтай газға қосу ісі жүргізіліпті.

– Өңірді газдандыру тек жеке үйлерге ғана емес, кәсіпорындарға да үлкен септігін тигізіп отыр. Көксу қант зауыты табиғи газға көшу арқылы шығынын 20-25 процентке төмендетуге қол жеткізеді, – дейді бұл турасында облыс басшысы Амандық Баталов.

Осы жерде Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастамаға тағы да тоқталып кеткен жөн. Өйткені бұған дейін Жетісуды газдандыру жұмыстары облыс орталығына дейін газ желісін тарту ісімен шектелетін болса, әлеуметтік бастама аясында бұрын көгілдір отын тарту жоспарланбаған аудандарды да қамту міндеті күн тәртібіне шықты. Мысалға,  облыстың шығысындағы Алакөл, Сарқан, Ақсу сияқты шалғай аудандардың тұрғындары да көгілдір отыннан үміттеніп отыр.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы