13 Тамыз, 2018

Солтүстік Қазақстанда әлемдік фотосуретші шеберлік сағатын өткізді

418 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«National Geographic» халықаралық басылымының танымал фотосуретшісінің қатысуымен облыс орталығында шеберлік сағаты ұйымдастырылды.

Солтүстік Қазақстанда әлемдік фотосуретші шеберлік сағатын өткізді

Осы саланың үздігі саналатын итальяндық фотосуретші Альберти Ди Мауро,  сондай-ақ қазақстандық Ерболат Шадрахов пен Дмитрий Ругис солтүстікқазақстандық  әуесқой фото суретшілермен кездесіп,  өз тәжірибелерімен бөлісті. Өңіріміздің қайталанбас сұлу жерлерін, тарихи орындарын аралап, танысып қайтқан олар алған әсерлерін ортаға салып, фотоға түсірудің қыр-сырларын әңгімеледі.

«Мен кез келген кездесудің ашық  диалогта өтуін қалаймын. Сонда шеберлікті қалыптастырудың, табысқа жетудің жолдары, өзіндік қолтаңбасы жан-жақты ашылатын болады. Жеке фото жасау стиліме келетін болсақ, оның ешқандай құпиясы жоқ. Тек тынымсыз ізденіп, еңбектене білу керек», дейді  «National Geograhic» журналының фотосуретшісі Альберто Ди Мауро.

Ғылыми-танымдық журналдың өкілі  жергілікті фотосуретшілердің назарына өзінің  таңдаулы жұмыстарын ұсынып, түсірілу тарихы жайлы айтып берді. Фото және бейне түсірілім бір-біріне ұқсас. Жақсы жақтарын игеріп, жұмыс барысында  пайдалана білудің маңызы зор. Жергілікті бейнеоператор  Михаил Казначеевтің ойынша шетелдік тәжірибені игеру еш артықтық етпейді.

Шеберлік сағатына қатысушылар түрлі сауалдар қойып, әлемге танымал журнал фотосуретшісінің жұмыс лабораториясының құпия сырларына бойлауға ұмтылды. Өңіріміздің рухани-мәдени нысандары  мен көрікті жерлері туралы  түсірілген фотолармен танысты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы