Медицина • 14 Тамыз, 2018

Шұбартаулық шаруалар несиені бір емес, екі мәрте төлей ме?

421 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Шұбартаулық шаруалар несиені бір емес, екі мәрте төлей ме?

Облыс орталығы Өске­меннен – 500, аудан орталығы – Ая­гөзден 200 шақырым қашық­тықта орналасқан шалғайдағы Шұ­бартаудың Байқошқар ауылы­нан екі тұрғын жәрдем сұрап, қоңырау шалды. Екеуі де мал шаруашылығымен шұғыл­данып, соның арқасында отбасын асырап отырған шаруалар.

«2014 жылы Үкіметтің «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдарламасының мал асыл­дандыру бағыты бойынша әкімдердің айтуымен 5 жыл­ға жеңілдетілген несие алған болатынбыз. Берілген қар­жыға мал сатып алып, жұмы­сымызды жандандырып жат­қанбыз. Несиені де уақты­лы төлеп жүрдік. Аягөзде құ­рыл­ған «Демеу қаржы» несие се­ріктестігі арқылы 39 адам 3 миллион теңгеден қаржы алған едік. Сөйтсек, серік­тестік мүшелерінің жартысы несиені төлемеген екен. Оны жақында білдік. Соған байланысты сот шешімі шы­ғып, сот төлемегендердің ақша­сын төлейсіңдер деп біздің мүл­кімізді, көлігімізді, тракторы­мызды бұғаттап тастапты. Енді, міне, малымызды да сата алмай отырмыз. Шөп шабу нау­қаны келді. Жанармай алу ке­рек, тракторға қосалқы бөлшек алу керек дегендей. Осылай­ша қолымыз жіпсіз байланып отыр», дейді Байқошқар ауы­лының тұрғыны Жайық Төле­генов.

«Әкімдер әуелде ескерткен жоқ»

Жайық Төлегенов мемле­кет­тік бағдарлама арқылы берілген 3 миллион 300 мың теңгеге 2 жа­сар 1 бұқа, 1 жарым жасар 5 бұқа, 5 сиыр мен 5 тайынша са­тып алыпты. Мемлекетке қай­таруға тиіс 3 миллион 600 мың теңгенің 2 миллион 900 мы­ңын қайтарыпты. «Несиені наурыз айында төлеп бітіруім керек еді. «Демеу қаржы» несие серіктестігінен несиені бір­ге алған 39 адамның төртеуі ғана Байқошқар ауылынан, қал­ған кісілерді дұрыс танымай­мыз. Әкімдік әуелде «39 адамның біреуі несиені төлемесе орнына сіздер төлейсіздер» деп түсіндіріп айтқан жоқ. Оны білгенде алмас едік. Мәсе­лемізді айтып, аудан әкімі мен прокуратураға да бардық. Олар «сот шешіміне қарсы тұра алмаймыз» деп отыр. «Демеу-қаржы» серіктестігінің төрайымы Жанат Құсайынова сотқа қарсы шағым түсіріңдер деп айтқаннан кейін 20 мың теңгеден жиып, адвокат жалдадық. Мемлекеттік баж деп 80 мың теңге төледік. Қазір «Демеу қаржыны» тексеріп жатыр деп естідік. Тергеушілер тек­серіс екі-үш айға созылады дей­ді. Екі ай күтсек, шөпті қара күз­де шабамыз ба? Осы жағы қиын болып тұр», дейді шақша­дай басы шарадай болған шаруа.

Осы бағдарлама арқылы несие алған Байқошқар ауылының тағы бір тұр­ғыны Аман Камил келісімшартта әуелде несие алған адамдардың бір-біріне кепіл болатыны, төлемегендер үшін төлеп жүргендердің жауапты екендігі туралы жазылмағандығын айтады. «Бұл тармақ кейіннен қосылған секілді. Келісімшартта ауыл әкімінің, біздің және Жанат Құсайынованың қолы бар екен. Қай уақытта қол қойыл­ғанын да білмейміз. Бізбен бірге несие алған 39 адамның кейбіреуі «бұл менің қолым емес, менде ондай қағаз жоқ» деп айнып шығыпты. Сөйтіп 32-33 адам қалған секілді. Биылғы қаңтар айының соңында Өскеменде сот болды. Сотқа біз бара алмадық. Сотта Жанат Құсайыновадан «тө­ле­меген адамдардың қағазын бер. Соларды шақыртамыз» деп сұраған­да құжаттарын бермепті», деген ол ішкі күдігі бар екенін де жасырған жоқ.

Құсайыноваға да телефон шалып көрдік. Алайда бірде ұялы телефоны бос болмай, бірде ұялы телефоны сөндіріліп тұрғандықтан сөйлесе алмадық.

Мәселенің анық-қанығын білейік деп Аягөз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарластық. Бөлім басшысы Қуаныш Азыханов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2011-2015 жылдар аралығында 8 несие серіктестігі арқылы Аягөз ауданының 364 тұрғыны 1 миллиард 2 миллион теңге көлемінде несие алғанын, соның ішінде 122 адам несиесін жапқанын, қазіргі уақытта аудан мемлекетке 504 миллион теңге қарыз екендігін жеткізді.

Сонымен қатар аудан бойынша осы уақытқа дейін 167 миллион теңгені мемлекетке қайтармаған адам­дарға қаржыны қайтару жөнінде сот шешімі шыққанын, қазір 251 миллион теңгені қайтаруға қатысты өтініш сотта қаралып жатқанын тілге тиек етті. Ал «Демеу қаржы» несие серіктестігі арқылы жалпы саны 135 адам несие алыпты. Біз сөз қылып отырған 39 адамның мемлекеттен алған қаржысы – 107 миллион 518 мың теңге.

«Шикіліктің бәрі кепілдеменің жоқтығынан болып отыр ғой. Несие серіктестігінің мүшелері келісімшартта кепілдеменің орнына «біріміз үшін біріміз жауап береміз» деп қол қойған. Несие кепілдемесіз берілген. Мал асылдандырамыз, мал басын көбейтеміз деп несие алған шаруалар көлденең көк аттылар емес, ауыл әкімдерінің ұсынысымен өткен адамдар. Олар серіктестікке өз еріктерімен мүше болып кірді. Кіргені үшін 300 мың теңгеден төледі. Олардың арасында несиені төлейтін ақшасы жоқ, жағдайы нашар адамдар да бар. Сот орындаушылары бәріне төлеңіздер деп жатыр. Біз өз тарапымыздан ауыл әкімдеріне серіктестіктермен бірлесе жұмыс жасау жөнінде тапсырма бердік», дейді бөлім басшысы.

Өңір кәсіпкерлері мемлекетке 5 миллиард теңге қарыз

Шығыс Қазақстандағы шаруаларға «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы бойынша берілген несие­лер «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы үлестірілген болатын. Корпорацияның басқарма төрағасы Антон Крамаренконың айтуынша, аталған бағдарлама арқылы 2011-2015 жылдары облыс бойынша 485 несие серіктестігімен 450 келісімшарт жасалып, шаруаларға 13 миллиард теңге көлемінде несие беріліпті. Осы уақытқа дейін сол қаражаттың 8 миллиард теңгеден астамы мемлекетке қайтарылған. Алайда облыс бойынша Көкпекті мен Ұлан аудандары қарызға белшеден батып отыр. Көкпекті ауданы мемлекетке − 590, Ұлан ауданы 634 миллион теңге қарыз екен. «Шаруаларға қаржы республикалық бюджеттен бөлінді. Бөлінген қаржыны мемлекетке қайтаруымыз керек. Аягөздегі «Демеу қаржыға» келсек, 39 адамның белгілі бір бөлігі несиені уақтылы төледі, қалған бөлігі төлемеді.

Келісімшартта несие серіктестігінің мүшелері біріміз төлемей қалған жағдайда қалғандарымыз төлейміз деп жауапкершілік алғандықтан қайтарылмаған ақшаны барлығынан бірдей өндіруге мәжбүрміз. «Демеу қаржының» кейбір мүшелері не­сиелерін уақтылы төлемегендіктен біз аталған несие серіктестігімен ке­лісімшартты бұзып, ақшаны қай­тару жөнінде сотқа талап-арыз беріп, сотта жеңіп шықтық. Егер несие серіктестігінің мүшесі «келісімшартқа қолды мен қойған жоқпын» десе, сотқа барып дәлелдеуіне болады. Мұндай фактілер бұған дейін тіркелген. Несие серіктестігі мүшелерінің арасында алаяқтар болған жағдайда, ол нақты дәлелденсе, жауапкершілік алаяқтарға жүктеледі», деп түсіндірді басқарма төрағасы.

Түйін

Редакцияға мұңын шағып хабар­лас­қан Байқошқар ауылының екі тұрғыны сот орындаушылары 101 миллион теңгені мойындарына қойып отырғандарына қапалы. «Несиені дер кезінде төлеп жүрген біздің қандай жазығымыз бар? Төлеп жүргендердің жаны қиналып барады, төлемей жүргендердің дыбыстары шықпайды. Құзырлы органдар осы мәселеге байланысты тиісті шешім қабылдап, бізге жәрдемдеседі деп сенеміз», дей­ді олар.

Мемлекеттік бағдарлама төңіре­гін­де шыққан шу біраз жұрттың мем­лекеттік бағдарламаларға деген сенімін жоғалта бастаған секілді. Мұны Байқошқар ауылының тұрғыны Аман Камил да растап отыр. Оның айтуынша, жақында ауылда арнайы жиын өтіп, әкімдер «мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алула­рыңызға болады» деп ұсыныс айт­қанда, несие алуға ниеттеніп жүрген тұрғындардың көпшілігі бас тартыпты.

Мемлекеттік бағдарламадан шық­қан дау-дамай осыдан біраз уақыт бұрын «Атамекен» ұлттық пала­тасының кәсіпкерлердің құқығын қор­ғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесін­де қаралған еді. Сол жиында Шы­ғыс Қазақстан мен Атырау облы­сының кәсіпкерлері несиені бір емес, екі мәрте төлеуге мәжбүр бо­лып отыр­­ғаны, Шығыста несие серік­тес­тіктерімен 13 млрд теңгеге 485 келі­сімшарт жасалып, соның 131 келі­сімшарты бұзылғаны, тағы да 354 келісімшарт бұзылудың аз-ақ алдында тұрғаны, ал Атырауда несие серіктестіктерімен 2,734 млрд теңгеге 86 келісімшарт жасалғаны жайында айтылған-ды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда несие серіктестіктері өз міндеттемелерін орындамауына байланысты сот жалпы сомасы 1,936 млрд, ал Атырау облысы бойынша 1,1 млрд теңгені құрайтын талап-арызды қарағаны сөз болған еді.

Осылайша, мемлекеттен несие алып, несібемді арттырамын, мал өсіріп, өрісімді кеңейтемін деп үміт­тенген ауылдағы шаруалар тығырыққа тіреліп, дел-сал күйді бастан кешіп отырған жайы бар.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»