Аймақтар • 14 Тамыз, 2018

Жетісулық делегация Татар елінің даму тәжірибесімен танысты

407 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған ресми делегация Ресей Федерациясының Татарстан Республикасына іскерлік сапармен барып, бірқатар келісімдерге қол қойды. 

Жетісулық делегация Татар елінің даму тәжірибесімен танысты

Талдықорған мен Қазан қалаларының бауырластық  байланысына бұған дейін-ақ негіз қаланған еді. Осыдан бір жылдай уақыт бұрын Татарстан президенті Рустам Минниханов елімізге жасаған ресми сапары аясында Жетісу өңірін аралап, екіжақты мәдени, іскерлік қарым-қатынастардың тереңдеуіне ықылас білдірген болатын. Енді А.Баталов бастаған жетісулықтар сол сапардың қарымтасымен Қазан қаласына сапар шегіп, екіжақты келісімшарттарға қол жеткізіп қайтты. Кездесу барысында Татарстан Республикасы мен Алматы облысының дамуына серпін беретін ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп, білім мен ғылым, туризм мен цифрландыру және мәдениет саласы бойынша ынтымақтастық жайы сөз болды.

Жетісулықтар не көрді?

Татарстан астанасында орналасқан «Қазан» агроөнеркәсіптік паркінің жұмысы жетісулық делегацияның қызығушылығын туғызды. Жалпы аумағы 50 мың шаршы метрді алып жатқан паркте бір мезетте бірнеше бағытта қызмет көрсету жолға қойылған екен. Бұл жерде өнімді қоймаға жинау, өңдеу және дайын өнімді сату сияқты жұмыс жүйеленген. Бастысы, кәсіпкерлерге қолайлы болу үшін барлық инфрақұрылымдар жасалған. 

Қазан қаласының маңында «Алабұға» атты өндірістік қалашық бар екен. 4 гектар аумақта 56 өндірістік және логистикалық кәсіпорын жұмыс істеуде. 7 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ерекше экономикалық аймақ статусын иеленген қалашыққа негізі қаланған 12 жыл ішінде 114 млрд рубль инвестиция құйылған. 

Екі ғасырдан астам тарихы бар Қазан федералды университеті де жетісулықтарды бай мұрасымен қызықтырды. Бір кездері әлем әдебиетінің классигі, көрнекті орыс жазушысы Лев Толстой, орыс математигі Николай Лобачевский сияқты тұлғалар осы университетте оқыған. Ғылыми-ағартушылық бағытындағы жұмыстарды жандандыруда көне білім ордасының тарихы мен тәжірибесі бізге қажет болатыны сөзсіз.

45 379 адам бірден сыйып кететін «Қазан Арена» футбол сарайы Татарстанның ғана емес, Ресей стадиондарының ішіндегі мақтау­лысы. Биылғы футболдан әлем чемпио­­наты кезінде бұған жанкүйерлер куә болған. Облыс мамандары футбол стадионының инфрақұрылымымен танысты. 
Қазандағы ІТ-парк пен Иннополистегі smart city қалашығына атбасын тіреген Алматы облысының делегациясы татар топырағындағы жоғары технологиялар мен цифрландыру бағытындағы жұмыстардың барысына куә болды. ІТ-парктегі жоғары технологиямен танысқан жетісулықтар одан әрі «Эйдос-робототехника» мен «Эйдос-Медицина» орталығының қызметімен таныс­ты.

Орталық мамандары роботтандырылған өндірістің артықшылықтары, жұмысқа арналған робот-манипуляторларды дайындау әдістері туралы баяндап, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында мамандарды тәжірибемен ұштастыра отырып оқыту үшін робот-пациенттерді қалай жасайтынын көрсетті. Сондай-ақ қонақтардың назарына студенттерге де, көп жылдық тәжіри­бесі бар дәрігерлерге де қолайлы теңдессіз медициналық симуляторлар ұсынылды. Мамандардың айтуынша, симуляторлар үшін арнайы бағдарламалық жасақтама әзірленген. Оның құрамына түрлі жаттығулар кешені, автоматты түрде бақылау мен оқыту процесін бағалау енгізілген. Бұл өз кезегінде үйренген машықтарды орнықтырып қана қоймай, оны одан әрі дамытуға мүмкіндік береді екен.

Татар тарапын не қызықтырады?

Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов Қазақстан аумағындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының жұмысына қызығушылық танытатынын айтады.

− «Қорғас» жобасы үлкен қызығушылық туғызатын және зор әлеуеті бар жоба. Оны біз әлемдік деңгейдегі ірі көлік-логистикалық хаб ретінде көрдік. Біз өз тарапымыздан осы бағытта әріптестік байланыс орнатсақ, бизнес-байланыстарымыздың ауқымын кеңейтсек деген ұсынысымыз бар, − деді ол екіжақты кездесуде.

Татар халқының назары Жетісу өңірінің туристік әлеуеті жайында, оның ішінде Алакөл жағалауындағы демалыс орындары туралы хабарға елеңдейді екен. Осы сапар барысында да Алматы облысының делегациясы тарапынан Алакөлдің шипалы суы мен жағажайдағы демалыс орындары жайлы мағлұматтар айтылды. Өз кезегінде Татарстан Президенті Рустам Минниханов Алакөл жағалауындағы туризмнің дамуынан хабардар екенін, жалпы елдегі туристік саланы дамытуға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша назар аударып отырғандығынан үлгі алатындығын айтты.

Облыс әкімі Амандық Баталов татар­стан­дық билік назарын демалыс орындары және білім мен ғылым, зерттеу орта­лық­тары арасындағы байланысты нығайтуға ау­дарып, заманауи технологияларды дамыту салаларындағы тәжірибе алмасуға шақырды. Бұйырса, татар балалары Алматы об­лысындағы сауықтыру лагерьлеріне, соның ішінде Алакөлге келіп демалмақ. Ай­мақ­тардың жоғары оқу орындары арасында да білімгерлер алмасу жайы шешілгендей болды. Алматы облысындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен С. Демирел университетінен білім алуға бейілі бар татар жастарының қатары көп екен. 

Түйін

Осылайша Алматы облысы мен Татар­стан Республикасының арасындағы ынты­мақтастық байланыстар жетісулық делегацияның Қазан қаласына жасаған сапары барысында бекемдене түсіп, нақты жоспарлар айқындалды. Тиімді келісімшарттарға қол қойылды.

− Алматы облысы Қазақстандағы ең ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші аймақтың бірі. Осы орайда біз Татарстан Республикасының ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытып отырмыз. «Қазан» агропаркінің жобасы өте ұнады. Онда үстеме бағасыз өз өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізу мүмкіндіктері қолайлы қарастырылған екен. Сол сияқты өндірістік алаңдарды дамытудағы татарстандықтар­дың тәжірибесі де біз үшін маңызды. ІТ-технология саласына, цифрландыруға байланысты пайдалы жобаларды көрдік. Бұл сапарымыздың нәтижелі болуына кепілдік береді. Татарстанның даму тәжірибесіндегі ІТ-технология саласын, стартаптар мен бизнес-инкубаторларды дамытудағы, сол сияқты инвесторлар тартудағы озық үлгілерге ден қоймақпыз, − деді ресми сапарын түйіндеген сөзінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»