Хоккей • 14 Тамыз, 2018

«Амур» хоккей клубы Президент кубогінің жеңімпазы атанды

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Хоккейден Астанада өткен Қазақстан Республикасы Президенті кубогі халықаралық жарысында Ресейдің «Амур» хоккей клубы жеңімпаз атанды.

«Амур» хоккей клубы Президент кубогінің жеңімпазы атанды

Тамыз айының 9-12-сі күндері аралығында өткен бәсекеде хоккейден Қазақстанның ұлттық құрамасы, елорданың «Барыс» клубы мен Құрлықтық хоккей лигасының өкілдері «Амур» және «Нефтехимик» командалары бақ сынады. «Барыс Арена» мұз сарайында өткен турнирдің соңғы күнінде Хабаровскінің «Амур» командасы Нижнекамскінің «Нефтехимик» клубымен ойнап, 2:1 есебімен басым түсті. «Амур» хоккейшілері бұл жеңістен соң жалпы саны үш ойында жеті ұпай жинап, топта бірінші орын иеленіп қана қоймай, Президент кубогінің жеңімпазы атанды. «Нефтехимик» жүлделі екінші орынды қанағат тұтты.

Ал Астананың «Барыс» хоккей клубы үш ойынның біреуінде жеңіске жетіп, үшінші сатыға тұрақтады. «Барыс» алғашқы ойында «Амур» командасын жеңгенімен, қалған екі матчта «Нефтехимик» және Қазақстанның ұлттық құрамасынан жеңілді. «Барыс» соңғы ойынын Қазақстан ұлттық құрамасының хоккейшілеріне қарсы өткізіп, тартысқа толы өткен кездесуде 3:4 есебімен овертаймда есе жіберді. «Барыс» командасына жуырда ғана бас жаттықтырушы болып тағайындалған Андрей Скабелки үшін Президент кубогі алғашқы турнир болды. 

Еске сала кетейік, өткен жылғы Президент кубогі үшін халықаралық жарыста «Нефтехимик» командасы топ жарған болатын. Биыл аталған команданы «Барыс» клубының экс-жаттықтырушысы Андрей Назаров жаттықтырады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»