Қаржы • 14 Тамыз, 2018

Цифрлы қаржы: тез, арзан, тиімді

647 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қаржы секторы Қазақстанда цифрлы технологияларды пайдалануда көшбасшы салалардың бірі. Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Жанат Құрманов бас басылымға берген сұхбатында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру шеңберінде бұл реттеуші нарықтың «диджиталдану» деңгейін одан да биік көтеретін бірқатар жобаны іске асыруға ниетті екенін әңгімеледі.

Цифрлы қаржы: тез, арзан, тиімді

– Жанат Бостанұлы, қаржы секторы цифрлы технологияларды пайдалану саласында экономиканың барынша өр­леуші саласы деп есептеледі. Сіз осы пайымдаумен келісесіз бе?

– Бәрі дұрыс, қаржы секторында инновациялар мен цифр­лы шешімдер әр кезде белсенді қолданылды және қолданылуда. Бұл қаржы ұйымдарында ақ­параттың, деректердің үлкен кө­лемінің пайдаланылуына байланысты және ақша мен ақпараттық ағынға тиімді қызмет көрсету қажеттілігі қаржы ұйымдарынан ақпараттандыру саласындағы жаңа жетістіктерді қолдануды әрдайым талап етеді. Бұдан басқа, банк жүйесінде қолданылатын ақшаның қолма-қол ақшасыз нысаны кез келген жоғары тех­но­логиялық, электронды және мобильді технологияларды барынша тез енгізуге мүмкіндік береді.

Заманауи жоғары техно­ло­гия­лық шешімдерді пайдалану банктерге және басқа қаржы ұйымдарына өз шығындарын және клиенттердің шығыстарын барынша азайтуға, банктерге бармай-ақ бір мезгілде қызметті барынша шұғыл және сапалы деңгейде ұсынуға мүмкіндік береді. Яғни IT-сервистерді пайдалану қаржы қызмет көрсетудің негізінде тұр. Сондықтан қаржы нарығындағы бәсекелестіктің маңызды құрауышы болып табылады.

– Қазақстандықтардың интернет-банкингті және қа­шықтан банктік қызмет көрсе­тудің басқа жүйелерін пайдалану статистикасы қандай?

– Соңғы бірнеше жылда қашықтан қызмет көрсету сег­­мент­­тері дамудың маңызды жетіс­тік­терін көрсетуде. Интернет пен мобильді банкингті төлем саласын цифрландырудың озық үрдістері деп сенімді атауға болады. Бүгінде Қазақстанның шамамен барлық банктерінде қашықтан жүргізілетін банкинг жүйесі бар. Мобильді банкинг сервистерін банктердің 60%-і (20 ЕДБ) ұсынады, бұл банктердің барлық клиенттік базасының шамамен 90%-ін қамтиды. Мобильді және интернет-банкинг жүйелерінде бүгін 11 млн-ға жуық пайдаланушы тіркелген, олардың үштен бір бөлігіне жуығы (26%) операцияларды үнемі жүргізеді. Күн сайын халық цифрлы банкинг арқылы 6 млрд теңге сомада төлем карточкалары бойынша 400 мың операция жүргізеді. Заңды тұлғалар­дың қаржылық операцияларының ­70%-і қашықтан ұсынылатын сервистер арқылы да өтеді.

Осылайша егер 2016 жылы халықтың цифрлы арналар арқылы төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген төлемдерінің өсуі 2,6 есе (400,1 млрд теңгеге дейін) болса, ал 2017 жылы осындай төлемдердің көлемі 3 еседен астам өсті (1,2 трлн теңге болды). 2018 жылғы бірінші жар­тыжылдықта халықтың төлем карточкаларын пайдалана отырып қашықтан ұсынылатын арналар арқылы операцияларының көлемі 2017 жылғы осындай кезеңдегі көрсеткіштерден 2 есе асып, 1,2 трлн теңге сомада 80,3 млн операция деңгейіне жетті.

– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру шегінде Ұлттық Банктің алдында қандай міндеттер тұр?

– «Цифрлы Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасы шеңберінде Ұлттық Банк нарықты одан әрі дамыту бойынша бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобаларды көздеді. Бүгін банктермен және басқа қаржы ұйымдарымен бір­ле­се отырып клиенттерді қашықтан сәйкестендіру тетігін енгізу, мо­бильді телефонның нөмірі бойын­ша мезеттік төлемдер жүйесін құру, мемлекеттік органдармен электронды өзара іс-қимыл, онлайн-сақтандыру, өзара іс-қимылдың ашық бағдарламалық интерфейстерінің көмегімен инновацияларға өту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Қазіргі кезде банкте кез келген қызметті тұтыну үшін клиент келу тәртібімен сәйкестендіруден өту қажет. Қашықтан сәйкестендіру сервисінің арқасында банктік шотты қашықтан ашу және банкке барусыз басқа қажетті қызметті алу мүмкіндігі жасалады. Бұл тетікті биометрияны және мемлекеттік дерекқорды пайдалану негізінде іске асыру ұсынылады.

Онлайн-сақтандыруды енгізу нәтижесінде халық офиске барусыз және агенттің қатысуынсыз сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы сақтандыру шарттарын жасасу мүмкіндігін алады. Онлайн-сақтандыру географиялық қолжетімділікті қамтамасыз етеді және халық пен бизнес үшін сақтандыру қызметінің құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сақтандыру мен төлемдердің рәсімдерін қысқарту көзделеді. Мысалы, сақтанушылардан алынатын өтініштерді онлайн-қарау, қажетті құжаттарды электронды форматта алу және жөнелту мүмкіндігі есебінен бұл барлық бизнес-процестерді жеделдетуге бірталай мүмкіндік береді.

Қаржы ұйымдарының мем­лекеттік органдармен электронды өзара іс-қимылы бойынша жобалары маңызды бағыт. Бүгінде қаржылық қызметті көрсету үшін банктер қағаз тасымалдағышта клиенттерден түрлі анықтамаларды және растауды талап етеді, ал бұл ақпарат пен мәліметтер мемлекеттік органдардың жүйелерінде бар және қаржы ұйымдары оны тікелей мемлекеттік дерекқордан ала алар еді. Клиенттерден қағаздағы анықтамаларды талап етуді жою және ақпаратпен электронды алмасу үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесе отырып жұмыс тобы құрылды, тиісті жол картасы шегінде жұмыс жүргізілуде.

Қазақстанда мезеттік төлем­дер жүйесін құру кез келген банк­тердің клиенттері арасында ме­зеттік режімде қысқартылған сәйкестендіру – мобильді телефон нөмірі бойынша төлемдерді жүргізуге және ақшаны аудару­ға мүмкіндік береді. Қорытын­ды­­­сын­да тұтынушы қашықтан банктік қызмет көрсетудің түрлі арналарын пайдалана оты­рып банкке және төлем жүйе­сіне қарамастан, кез келген басқа тұлғаға тәулік бойы төлем жүргізу және ақша ­ауда­ру мүмкіндігін алады. Ал шағын және орта бизнес қаражаттың айналымы жеделдеуінен және төлем қызметінің шығыстары төмендеуінен ұтады. Қазіргі кезде Ұлттық Банк жекелеген екінші деңгейдегі банктермен бірлесе отырып тиісті технологиялық платформаны тестілеуде. Ағым­дағы жылғы үшінші тоқсанда жүйені қанатқақты режімде іске қосу жоспарланып отыр.

Ашық интерфейстер арқылы инновацияны әзірлеушілер түрлі банктік жүйелермен ықпалдаса және клиенттің сұратуы бойынша бір арна, мысалы, мобильді қосымша арқылы сервистердің жиынтығын (әзірлеушіден сияқты басқа банктерден де) ұсына алады. Осы жоба бойынша бағдарламалық интерфейстерге технологиялық талаптармен стандарттарды әзірлеу, келісу және енгізу талап етіледі.

Осылайша Қазақстанның қаржы секторында цифрлы қызметті кеңейту үшін мүмкін­­дік­тер мен ынталандыруды жасау Ұлттық Банктің аталған бас­тамаларының міндеті болмақ. Нәтижесінде қаржылық қызметті қашықтан алу, банктік сияқты мемлекеттік сервистерде де «қағазсыз» қызмет көрсетуге өту, қызметтердің деңгейін және халыққа оның қолжетімділігін сапалы арттыруға жағдай жасалады. Төлемдер мен ақша аударымдарын тез және қолай­лы тәсілмен, цифрлы техно­логиялардың «осы жерде және қазір» деген талаптарына сай жүргізу мүмкін болады.

– Интернет-банкингті, банк­­­­­тік қызмет көрсетудің қа­шықт­ан ұсынылатын жүйе­лерін пай­далану қолайлы ғана емес, кибер­­қауіппен байланысты белгілі тәуекелдер де. Қазақ­стан­ның банктері және қаржы секто­ры­­ның басқа қатысу­шылары кибер­қыл­мыскер­лердің қол сұ­ғуына қанша­лықты тап болады?

– Жаңа талаптарға сәйкес ағымдағы жылғы сәуірден бастап банктер тоқсан сайын кибер оқыс оқиғалар туралы Ұлттық Банкке мәліметтер ұсынуға міндетті. Қазіргі кезде банктерден алғашқы тоқсандық есептерді алу және талдау жүргізілуде. Келіп түсетін ақпараттан қаржы секторына үнемі шабуыл жасалатыны туралы қорытынды жасауға болады. Жай ғана шабуылдан күрделі шабуылға дейін. Алайда банктердегі ақпа­рат­тық қауіпсіздік қызметтері кәсіп­тік тұрғыдан дайындалғанын, жаб­дықталғанын атап өткен жөн. Бұл кибер шабуылдарға ойдағыдай тосқауыл қоюға және ақпараттық қауіп­сіздіктің жеткілікті деңгейін қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Қаржы нарығының ойыншылары реттеушімен жаңа заманауи технологияларды пайдалана отырып, клиентті қашықтан сәйкестендірудің жаңа жүйелерін енгізу мәселе­лерін талқылай ма? Мысалы, адамның бет-әлпетін, көздің сыртқы мөлдір қабығын ажырату жүйелері және т.б.

– Қазірдің өзінде Қазақстанның банктері биометрияны пайдалану­ға негізделген технологиялық ше­шімдерді (саусақтың бедерін, адамның дауысы мен бет-әлпетін ажырату) клиенттерге қызмет көрсету кезінде қолданады. Алайда бұдан бұрын айтылғандай, бүгінде банктік сервистерді бастапқы алу клиенттің жеке өзі қатысып, болуын талап етеді. Сондықтан клиенттерді қашық­тан сәйкестендірудің болуы – цифрлы қаржылық экожүйені құрудың фундаменті мен негізі. Ұлттық Банк осы бағыттағы жұ­мысты банктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып өткен жылдан бастап жүр­гізуде. Бастапқы сатыда жүйе адамның бет-әлпетін ажырату сияқты биометрикалық көрсеткіш арқылы клиенттерді сәйкестендіруге негізделетін болады. Клиенттің жеке басын растау үшін мемлекеттік дерекқорлардан алынған мәліметтер пайдаланылады. Қазіргі кезде мүдделі мемлекеттік органдармен бірле­се отырып жобаны іске асыру­дың техникалық мәселелері пысықталуда.

– Бүгінгі нарықта келе­шекте дәстүрлі банктік құ­ры­лымдарға маңызды бәсекелес болатын көптеген қаржылық техникалық компаниялар пайда болуда. Ұлттық Банк экономиканың осы жаңа секторының өкілдерімен қалай өзара іс-қимыл жасауда, олардың қызметін реттей ме?

– Цифрлы технологиялардың белсенді дамуы іс-жүзінде қызметті көрсетудің бизнес үлгісі өзгеруіне, нарықта жаңа қатысушылар және нарықтың тұтастай сегменттері пайда болуына әкелді. Ұлттық Банк орын алып отырған өзгерістерді аса назар қойып қадағалап отыр. Қаржылық техникалық компаниялар деп аталатындар P2P-кредиттеу, инвестициялау (краудфандинг), төлемдер, үлкен деректерді талдау, блокчейн технологиясын пайдалану және басқа бағыттар саласында қолжетімді қызмет көрсете алатынына үмітті.

Қазақстанның төлем нарығында қызметті ұсынатын жаңа ойыншыларға қатысты Ұлттық Банк 2016 жылы қажетті құқықтық базаны жасады. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» жаңа заңға сәйкес төлем қызметін көрсететін барлық субъектілерде төлем қызметін берушілер мәртебесі болуы тиіс. Банктік емес қатысушылар төлем ұйымдарына жатқызылды және өз қызметін бастар алдында Ұлттық Банкте есептік тіркеуден өтуі тиіс. Қазақстанда бүгінде 40 төлем ұйымы тіркелген. Бұлар Ұлттық Банктің интернет-ресурсында орналастырылған тиісті тізіліміне енгізілген. Оларға төлем терминалдары желісінің банктік емес операторлары, электронды ақша жүйесінің операторлары, клиенттердің мобильді/электронды төлемдерін өңдеу жөніндегі процессингтік және басқа компаниялар жатады.

Сөзсіз, қандай да бір инновация­ны енгізу іс-шараның ойдағыдай шығуында белгісіздікпен және күмәнмен байланысты. Сон­дықтан қаржы нарығы мен тұтыну­­шы­лар үшін тәуекелдер әкелетін инно­вациялық жобаларды тестілеу үшін халықаралық практикада «реттеу орталары» деп аталатын реттеуіш және реттеу таралуда. Арнайы режім (эксперимент) кезеңінде осындай «реттеу ортасына» қатысушылар инновациялық қызметтерді, технологияларды және шешімдерді шектелген ортада тестілеуге арналған реттеуіш нормативтік талаптардан толық не ішінара босатылуы мүмкін. Қазақстан Ұлттық Банкі заңнамаға сәйкес, қаржы ресурстарын шоғырландыру немесе төлем қызметін көрсету бойынша қызметін жүзеге асыратын ұйымдар үшін реттеудің «арнайы» режімін белгілеу жө­ніндегі өкілеттікке ие.

Қазіргі кезде Ұлттық Банкте реттеудің арнайы режімінің талаптарын және әлеуетті қатысушыларға талаптарды/өлшемшаттарды белгілейтін құжаттарды әзірлеу жүргізілуде. Осындай алаңның болуы жаңа ойыншыларға өз шешімдерін қауіпсіз режімде саралауға мүм­­кін­дік береді деп ойлаймыз. Ал реттеуші жаңа қаржылық өнім­­дердің пайда болуын бақылай алады, оның дамуына мониторинг пен бақылауды жүргізе алады, «реттеу ортасындағы» жұмысының нәтижелері бойынша оның одан әрі пайдалануды мақұлдай немесе тыйым сала алады.

Думан АНАШ, 

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше