Үкімет • 14 Тамыз, 2018

Жеті айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 4% құрады — ҚР ҰЭМ

302 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2018 жылдың қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4%-ды құрады. 2018 жылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары туралы Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, қаржы министрі Б.Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары О.Смоляков баяндады, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Жеті айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 4% құрады — ҚР ҰЭМ

Тимур Сүлейменов экономиканың өсуіне инфляциялық қысымның төмендеуі, жоғары инвестициялық белсенділік және экономиканың негізгі салаларында оң қарқынның сақталуы негізгі серпін бергенін айтты.

Инфляция ең төменгі үш жылдық деңгейде сақталуда. Жыл басынан бері ол 2,7% құрады, бұл ретте жылдық инфляция – 5,9%.

1 тамыздағы жағдай бойынша елдің халықаралық қоры $87,7 млрд құрады, оның ішінде Ұлттық қордың активтері — $56,8 млрд, алтын валюталық қорлар — $30,9 млрд құрады.

Өнеркәсіптік өндіріс 5,1%-ға ұлғайды. Өнеркәсіп белсенділігінің өсіміне ең көп үлесті өндіру салалары қосты. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің шығарылымы 5,4%-ға өсті. Мұнайды (6,1%), газды (6,4%) және темір кенін (7,4%) өндіру бойынша салалалар қозғаушы күш болды.

Өңдеу өнеркәсібінің өсу серпіні 4,9% деңгейінде тіркелді. Өңдеу салаларының бөлінісінде ең жоғарғы өсімді машина жасау саласы көрсетіп тұр. Осы саладағы шығарылым 16% құрады. Өсім барынша күрделі өндірістік құрамдауыштары бар салалардың есебінен қамтамасыз етілді. Бұл автокөлік жасау (58,5%), электр жабдықтарын өндіру (47,2%) және электрондық, оптикалық өнімдер (45,7%) өндірісі.

Химия өнеркәсібінде (10,9%), мұнай өңдеуде (4,4%), металлургияда (3,6%) және қағаз өнімдері өндірісінде (10,1%) орнықты өсім жалғасуда.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы 3,5%-ға ұлғайды. Көрсетілетін қызметтер саласының өсуі 3,8%-ды құрады. Көрсетілетін қызметтер сегментіне инфляцияның баяулауы мен экономиканың нақты секторындағы жоғары іскерлік белсенділік оң әсерін тигізуде. Төмен инфляция аясында сауда өткен айға қарағанда 6,1%-ға дейін ұлғайды. Бұл ретте, өндірістік белсенділік көліктің 4,9% өсім денгейінде сақталуына ықпал етеді.

«Негізгі капиталға салынатын инвестициялар кеңеюде. Олар 23,7%-ға өсті. Инвестициялардың ең үлкен өсімі — 32,7% өнеркәсіп саласында тіркелген. Бұл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға және Теңіз кен орнында болашақ кеңейту жобасын іске асыруға байланысты. Жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың $6,7 млрд тартылды. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,4% жоғары», — деді Т.Сүлейменов.

Экспорт көлемі 21,8%-ға, импорт — 7,8% өсті. Экспорттың импорттан едәуір өсуі төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығын төмендетуге негіз болды. Ол екі есеге $1,4 млрд дейін қысқарды.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жоғары өндірістік белсенділік еңбек нарығының көрсеткіштеріне жағымды әсер етті. Осы жылдың басынан бері 297,1 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады.

«Жалақы бір қалыпты қарқынмен өсуде. Биыл қаңтар–шілде айларында орташа айлық жалақы 157,7 мың теңгені құрады және нақты мәнінде 2,3% өсті. Осы жылдың қаңтар–маусым айларында нақты ақшалай кірістер 1% өсті», — деп түйіндеді ұлттық экономика министрі.

Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша заңды және жеке тұлғалардың депозиттері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2%-ға ұлғайып, 17,8 трлн теңгені құрағанын жеткізді. Екінші деңгейлі банктер берген несиелер 1 шілдедегі жағдай бойынша 1%-ға өскен (12,8 трлн тг дейін).

Алдын ала берілген деректер бойынша, 2018 жылдың қаңтар–мамыр айларында сыртқы сауда айналымы $35,6 млрд құрады және 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 18%-ға өсті, оның ішінде экспорт — $23,3 млрд (22,3% -ға өсті), импорт — $12,3 млрд (10,7%-ға артық) артты.

О. Смоляковтың айтуынша, шілде айында «7–20–25» президенттік бағдарламасы ойдағыдай іске қосылды. Қазірдің өзінде 1330 өтінім келіп түсті, 6 млрд теңгеден астам сомаға несие берілді.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. Мәселен, осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің негізгі параметрлері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жақсы орындалды.

Түсім 6,264 трлн теңгені немесе есепті кезең жоспарының 101,9% құрады. Шығындар 6,466 трлн тг немесе 98% орындалды. Мемлекеттік бюджет тапшылығы 203 млрд тг сомасында қалыптасты. Бұл жоспардан екі есеге төмен.

Мемлекеттік бюджетке 4,351 трлн теңге кірістер (трансферттерді есепке алусыз) түсті немесе жоспардың 104,4%. Республикалық бюджет кірістері 104,2%-ға орындалып, бюджетке 3053 млрд теңге түсті. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 116,2%-ды құрады.

Бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда бюджетке салықтар 432 млрд теңгеге артығымен түсті. Мұндай өсім негізінен қосылған құн салығы — 207 млрд теңге, экспорттық кеден бажы — 107 млрд теңге есебінен қамтамасыз етілді.

Алдағы кезеңге арналған бірінші кезекті міндеттер қатарында Б.Сұлтанов «Кірістер жиналымын арттыру» жобасының мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуді және оның теңгерімді орындалуы үшін бюджеттің кірістер мен шығыстар бөлігіне мониторинг жасауды атады.

Мәселені қарау барысында Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Астана әкімі Ә.Исекешев, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов, сондай-ақ Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше