Білім • 14 Тамыз, 2018

Оқулық шығаруда олқылықтарға жол берілмеуі қажет

1694 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министр­лігінің мамандары 3,6 және 8-сыныптарға арналған оқу әдебиеттерін басып шығару әрі білім беру мекемелеріне жөнел­ту барысындағы жұмыстармен, оқулық­тарды басу өндірісімен таныстыру мақсатында Алматы қаласында бұқара­лық ақпарат құралдары өкілдерімен арнайы кездесу ұйымдастырды.

Оқулық шығаруда олқылықтарға жол берілмеуі қажет

Қазіргі кезде республика өңірлеріне оқулықтар жет­кізу қарқынды жүргізілуде. «Пол­и­графкомбинаттағы» баспаха­на жұмыстарымен танысты­ру барысында «Атамұра» корпора­циясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед оқулықтар шы­ғару ісіне, өндірістік кешен­нің жетіс­­тіктеріне тоқталды. Ал жет­піс жылдан астам тарихы бар «Полиграфкомбинат» ЖШС дире­к­торы Ыдырыс Бегалиев кәсіби баспаханадағы кітап басу өндірісі туралы әңгімелеп, әрбір қондырғының қандай бағытта жұмыс атқарып жатқандығына назар аударды. Мектептерді оқу­лықпен дер кезінде қамтамасыз ету мақ­сатында қазіргі кезде баспа­хана үш ауысымда жұмыс істеуде. Ал бас­паханадан шыққан кітап­­тар түптеліп, қапталып, тасымал­дау­шыға дейінгі арнайы орынға жөнелтілуде. 

Баспа кешенінің қым-қуыт өнді­рісімен танысқан БАҚ өкіл­дері №159 мектепте өткен арнайы баспасөз мәслихатында оқулық авторлары және баспагерлер қауы­мымен де кездесті. Аталған шара­ны жүргізген Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова оқулықтардың дайындық барысынан хабардар етіп, сөз кезегін кәсіби мамандарға ұсынды. 

2018-2019 оқу жылында 3,6 және 8-сыныптарға арнал­ған оқу­лықтардың білім үдері­сіне ен­гізілуінен толық хабар­дар ет­кен «Оқулық» респуб­ли­ка­­лық ғылы­ми-практика­лық орталы­ғы­ның директоры Бей­бітгүл Кәрімова оқу әдебиет­тері­нің тірек мектептерінде сынақтан, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық сараптама кезеңдерінен өткен­дігіне тоқталды. 

Елімізде жаңаша білім маз­мұнына көшу жұмыстары 2016 жылы басталғаны белгілі. Алғаш 1-сынып, 2017-2018 жылдарда 2,5,7-сыныптар, биылғы оқу жы­­лын­да 3, 6, 8, ал 2020-2021 жыл­­дарға қарай толық көшуді жос­­пар­лап отырған министрлік тара­­пы­нан оқулық сапасы мен сараптама жұмыстарын жетілдіру бағытында нақты шаралар жүзеге асырылуда. 

«Еліміздің «Білім беру туралы» Заңына сәйкес білім беру ұйымдарын оқу әдебиетімен қам­тамасыз ету жергілікті атқару орган­дарының құзырында. Оқу­­лық­тарды сатып алуға қара­жат жергілікті бюджеттен бөліне­ді. 2018-2019 оқу жылында респуб­ликадағы 3,6 және 8-сыныптарда оқитын 906 417 оқу­шыға арналып 12 187 466 оқулық сатып алынған. Сонымен қатар оқу­лық­тар­дың электронды нұс­қа­ларын­да орналастырылған QR-коды арқылы гаджеттен ашып оқу мүм­кіндіктері де қара­сты­ры­­лып отыр. Баспадан шыққан оқу­лықтарды өңірлерге жеткізу­ге байланысты республиканың 3 қаласы және 14 облысындағы 228 білім беру мекемесі тасымалдау компанияларымен шарт жасасқан» деп атап өтті Бейбітгүл Сәрсемханқызы. 

Оқулықтардың балалар ден­саулығына қауіпсіздігі негізгі нор­мативтік құжаттармен бекі­тілген. Оқушы пайдаланатын оқу-әдістемелік кешеннің салмағына қойылатын талаптар да нормаға сай болуы керек. 

Физика, химия, биология, инфор­матика пәндері бойынша қос тілді оқулықтарды енгізу жұмыс­тары атқарылуда. Өткен оқу жылында қанатқақты мектеп­тердің 8-сынып оқушылары билингвалды оқулықтармен оқыса, жаңа оқу жылында 9-сыныпқа арналған оқулықтар сынақтан өткізілетін болады.

2017-2018 оқу жылынан бас­тап арнайы түзету мектептеріне арналған оқулықтарды жаңарту басталды. Оның ішінде зағип балаларға арналған Брайль қарпі негізінде әзірленген оқулықтар да бар. Биыл 79 атаудағы оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендермен қатар 2, 5 және 7-сыныптарға арнал­ған 30 оқу әдебиеті сарапта­маға ұсынылады. 

Бейбітгүл Сәрсемханқызы­ның айтуын­ша, білім берудің жаңар­тылған мазмұнына көшуде әлі де шығармашылық ізденістер, тың көзқарастар мен оқулықтар­ды әзірлеудің жаңаша әдістеме­лері қажет. Осыған орай бас­па авторларына, редакторлар­ға, әдіс­керлерге, т.б. мамандарға қойы­латын талаптар да жоғары. Бас­паның материалдық базасын жаңа талаптарға сай жетілдіру, шетел­дік озық тәжірибелерді игеру, авторлар ұжымын нығайту, білік­тілігін арттыру, т.б. маңызды мін­де­т­тер үздіксіз жалғасын табуы тиіс. 

Бүгінде Мемлекет басшысы бекіткен бағдарламалар аясында салада көптеген жұмыстар­дың игеріліп жатқандығын атап өт­кен «Атамұра» корпорациясы­ның президенті Рақымғали Құл-Мұхам­мед елімізде 1998 жылдан бас­тап қолданысқа енгізілген жаңа буын оқулықтарының маңызы зор деді. Баспагердің айтуынша, жаңартылған бағдарлама аясында оқытылатын 3, 6, 8-сынып оқулықтарын жарыққа шығармас бұрын арнайы жұмыс тобы еңбек етті.

Министрлік тапсырмасына орай сараптамадан өткен оқулықтарға баспа тарапынан да сараптамалық жұмыстар жүргізілген. Баспаның авторлар, редакторлар және әдіскерлер тобы өңірлерге іссапарға шығып, педагог мамандардың ұсыныс-тілектерін назарға алды. Осын­дай игі жұмыстар нәтижесін­де сапалы оқулықтар жарық­қа шықты. Рақымғали Абрарұлы соңғы жылдарда оқулықтарда кез­десетін бірқатар сөздерге қатыс­ты әртүрлі пікірлердің айтылып жатқандығына орай жаңа сөз­дердің 2013 жылы бекітілген орфо­гра­фиялық сөздік аясында қолданы­латындығын жеткізді. Сондықтан «жаңалықтың жаршысы» ретінде журналистер қауымының қоғамда даулы мәселелердің алдын алуда ықпалы зор екендігін атап өтті. 

Ал оқулық шығару нарығында көшбасшылар қатарында тұрған «Мектеп» баспасының бас директоры Ерлан Сатыбалдиев еліміздегі оқу үрдісін ұйымдас­тырудың жүйелі негізінің шетелдерде, тіптен ТМД елдерінде кездеспейтіндігін атап өтті. Ал оқулық шығару осы үрдістің құрамдас бөлігі.

Тәжірибеде көр­сеткеніндей, баспа мемлекеттік бағдарлама бекітілгеннен кейін дереу оқулық әзірлеу ісіне кірісе­ді. Бұл тәуекелді іс. Бар ауырт­па­лық авторлық ұжым мен баспа­ның жауапкершілігінде. Кітап ісі ауқымды сала. Мұнда автор, ред­актор, корректор, полигра­фия мамандарынан тұратын шы­ға­рмашыл ұжым аз ғана уақыт ішінде оқулықты әзірлеп шы­ғады. Ал өңірлерге жеткізу тасы­мал­даушының міндеті. Соңғы уақытта оқулықтардың аймақ­тарға кешеуілдеп жеткізілуі жиі орын алуда. Бұл тасымалдаушы салғырттығының салдары. Сондықтан да бұл істе жергілікті атқару органдарына жіті бақылау қажет. Ал баспа өз өнімінің барынша сапалы шығуына күшін салады. Бүгінде «Мектеп» бас­па­сының өнімдеріне жеке мек­теп­тердің, Ресей сияқты шет мем­ле­кеттердің де сұранысы зор. Нарық­тағы беделіне нұқсан келмеуі бағытында баспа мамандары әр ісіне мұқият қарайды. Аталған бас­па сайтында оқулық­тарға қатыс­ты ақпараттар мен бағасы нақты көрсетілген. 

Ал баспа ісінің оңай шаруа емес­тігін жеткізген «Алматы кітап» ­баспасы ЖШС президенті Гаухар Саймасаева аталған баспа құрамы балалар психологиясын жетік меңгерген үш жүз автордан жасақталған тәжірибелі мамандардан құралғанын атап өтті. Биылғы оқу жылында қолданысқа енгізілетін 3, 6, 8-сынып оқулық­тары сараптаманың түрлі сатысы­нан өткізіліп, жасалған ескер­тулер баспаның назарына ұсынылды. Осы орайда отандық баспа ісі және полиграфияның қалыптасуы­ның бастауында тұрған мамандар еңбегі зор, деді баспа басшысы.

«Баспалар сапаға жұмыс істей­ді», деген Гаухар Айтжан­қызы соңғы жылдарда елімізде белең алған астыртын кітап өндірісіне алаң­даушылығын жеткізді. Сон­дықтан да мектептерді, ата-аналар­ды бұл істе сақ болуға шақыр­ған баспа басшысы жақын­да ғана Екібастұз, Павлодарға заңсыз кітаптар топтамасы жет­кізіл­гендігіне тоқталды. Ал мұндай заңсыздықтардың алдын алуда құқық қорғау органдарымен қатар бұқаралық ақпарат құрал­дарының да қырағылығы қажет. Әсіресе 2015-2017 жылдар аралығында қатты белең алып отырған мұндай жағдайлар авторлық құқықты бұзып қана қой­май, жұқпалы аурулардың белең алуына соқтырады. Бұл өнді­ріс­те өте улы мырыш, фенол, т.б. зиянды бояулар пайдаланы­лады. Сонымен қатар заңсыз айналымдағы кітаптардың салмағы да шамадан тыс келеді. Заңсыз кітап шығарумен еліміз­дің ірі қалаларында астыртын өндірістер айналысуда. Ал бұл істе бірлескен күш-жігер қажет деді, баспа басшысы. 

Осындай көкейкесті мәселе­лерді қозғаған авторлар, баспагерлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, баспа саласының үнемі айтыла бермейтін өзекті мәселелерін ортаға салды.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше