14 Тамыз, 2018

Қара жолдың қасиеті

668 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қара жолдың қасиеті

Купедегі кісілер Анталияны мақтап келеді. Қайта-қайта бастарын шайқап: «Керемет! – дейді тамсанып. – Күшті демалып қайттық!»

Олардың әңгімесіне елтіген менің көз алдыма көгілдір айдыны күнге шағы­лысып, сылқ-сылқ күліп жатқан Ақ теңіз елестейді. Жағалаудағы алтын құмға қыздырынып жатқан қалың жұрт құжы­наған құмырсқаның илеуіне, иә болмаса, қыз-қыз қайнап жатқан қызылды-жасылды жәрмеңкеге ұқсайтындай...

Биыл Анталияға барып, теңіз жағасында, көгілдір таулардың етегінде демалып қайтудың сәті түспегендіктен бе, бүгін таң алдында сол жақтан Алматыға ұшып келіп, енді міне, кешкі пойызбен Шымкентке қарай кетіп бара жатқан кісілерге қызыға қараймын. Әрі-беріден соң ішімде бір қызғаныш оты тұтанып, кондиционердің күшімен ғана қоңыр салқын қалпын әзер сақтап тұрған купенің ауасы тарылып, ыси  бастағандай көрінеді.

Ендігі бір сәтте ретін тауып, ақырын ғана жылыстап дәлізге шығып кеттім. Дүрс-дүрс еткен теміржолдың тынысы, әлдеқайда асығып бара жатқандай жұлқынған  жүрдек пойыздың екпіні ойым­ды бөліп, әп-сәтте бойым жеңілдеп сала берді. Терезенің пердесін ысырып қойып, сыртқа үңілдім.

Қарама-қарсы бағытта келе жатқан жүк пойызы ысқырып, тарсылдап-гүрсілдеп, көмір, темір, мұнай, машина тиеген сос­тавын сүйретіп, жанталаса асығып, дәл жаны­мыздан бірер минутта зымырап өте шықты. Одан соң кең даланың келбеті қайта ашылды. 

Өз төсіндегі дүбірлеген, асыққан, аптық­қан тіршіліктің бірін де көзіне ілмей, сол баяғысынша сабырлы, төзімді, сыпа қал­пын сақтап, мүлгіп қана жатыр, жарықтық.

Көп ұзамай жол жағасынан бір шағын ауыл көрінді. Ішінде бес-алты тал өсіп тұр­ған шарбақ қорасы мен есік алдындағы қаңта­рылып тұрған трактор, машиналары әне-міне дегенше көз алдымнан зу ете қалды. Себебі, жүрдек пойыз бұл секілді шағын ауылдарға аялдамақ түгілі ентігін де баспайды...

Ауыл шетінен басталатын бір қара жол кең даладағы жота-жондардан асып, тү-у сона-а-ау көз ұшындағы көк теңіздей бұлды­раған көкжиекке қарай созылады  екен...

Кенет жүрегім шым ете түсті. Жер ортасындағы Анталияны емес, өзіміздің анау қара жолдарды, жота-жондарды – туған жердің ыстық топырағы мен боз жусанын сағынғанымды түсіндім.

Және сол, көңілімдегі мөлт-мөлт еткен сағыныш көзімнен қос тамшы жас болып үзіліп түскенін жаңа ғана байқадым. 

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше