Үкімет • 14 Тамыз, 2018

Қорытынды көрсеткіштер көңілге қонымды

533 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы жылдың 7 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуы қорытындылары қаралып, «Бизнестің жол картасы–2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерді интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету жайы талқыланды.

Қорытынды көрсеткіштер көңілге қонымды

Өсімнің оң қарқыны сақталды

Жиында 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков баяндама жасады.

Мәлім болғандай, биылғы жеті айдың аясында ІЖӨ өсімі 4%-і құраған. Бұған инфляциялық қысымның төмендеуі, жоғары инвестициялық белсенділік және экономиканың негізгі салаларында оң қарқынның сақталуы әсер еткен. Мәселен, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің мәлімдеуінше, инфляция ең төменгі үш жылдық деңгейде сақталуда. Жыл басынан бері ол 2,7% құрады, бұл ретте жылдық инфляция – 5,9%. 1 тамыздағы жағдай бойынша елдің халықаралық қоры $87,7 млрд құрады, оның ішінде Ұлттық қордың активтері – $56,8 млрд, алтын валюталық қорлар  – $30,9 млрд құраған.

«Экспорт көлемі 21,8%-ға, импорт – 7,8% өсті. Экспорттың импорттан едәуір өсуі төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығын төмендетуге негіз болды. Ол екі есеге $1,4 млрд дейін қысқарды», деді Т.Сүлейменов.

Ал Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары О.Смоляков өз кезегінде 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша заңды және жеке тұлғалардың депозиттері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2%-ке ұлғайып, 17,8 трлн теңгені құрағанын жеткізді. Екінші деңгейлі банктер берген несиелер 1 шілдедегі жағдай бойынша 1%-ке, яғни 12,8 трлн теңгеге дейін өскен. Алдын ала берілген деректер бойынша, қаңтар-мамыр айларында сыртқы сауда айналымы $35,6 млрд құраған және 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 18%-ке өскен, оның ішінде экспорт – $23,3 млрд (22,3% -ға өсті), импорт – $12,3 млрд (10,7%-ға артық) артқан.

О.Смоляковтың сонымен қатар шілде айында «7–20–25» президенттік бағдарламасы ойдағыдай іске қосылғанын атап өтті. Қазірдің өзінде 1330 өтінім түскен, 6 млрд теңгеден астам сомаға несие берілген.

Бұдан ары Қаржы министрі Б.Сұлтанов республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. Айтуынша, осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің негізгі параметрлері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жақсы орындалған. «Түсім 6,264 трлн теңгені немесе есепті кезең жоспарының 101,9% құрады. Шығындар 6,466 трлн теңге немесе 98% орындалды. Мемлекеттік бюджет тапшылығы 203 млрд теңге сомасында қалыптасты. Бұл жоспардан екі есеге төмен», деді министр.

Мемлекеттік бюджетке 4,351 трлн теңге кіріс (трансферттерді есепке алусыз) түскен. Республикалық бюджет кірістері 104,2%-ке орындалып, бюджетке 3053 млрд теңге түскен. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 116,2%-і құраған.

Тақырыпты талқылау барысында Түркістан, Павлодар, Атырау облыстарының, Астана, Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Қызылорда облысы әкімінің орынбасары да өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Мәртебесі биіктеген бағдарлама

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың өзектілендірілген бағдарламасының жобасы. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов Мемлекеттік бағдарлама жобасында кәсіпкерлікті қаржылық және қаржылық емес қолдаудың негізгі құралдары сақталғанын атап өтті. Оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиелер бойынша кепілдендіру, гранттар ұсыну, жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу, оқыту және бизнеске консультациялық қызметтер көрсету тетіктеріне басымдық берілген.

Айтқандай, әзірленген мемлекеттік бағдарламаның жаңалығы жеке кәсіпкерлік субъектілері шығарған облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралын енгізу болып отыр. Бұл шара банктік және қор нарықтарының дамуы үшін тең бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Тағы бір жаңашылдық – кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестерін автоматтандыру және оңтайландыру.

«Бұл жұмыс бизнеске арналған Бірыңғай платформа мемлекеттік қолдау шараларын «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша электронды форматта ұсынуды көздейтін «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүргізілді», деді Т.Сүлейменов. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыруды ескере отырып, субсидиялар мен кредиттер бойынша кепілдіктер беру процесі ағымдағы жылғы қазанда кредит сомасына қарамастан электронды үкімет порталында толық автоматтандырылатын болады. Сондай-ақ шешімдер қабылдау процесінен бірқатар кезеңдер алынып тасталды, бұл кәсіпкерлерге осы қызметтерді ұсыну мерзімдерін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Қазаннан бастап, субсидиялар мен кепілдіктер бойынша шешім қабылдау мерзімі 25 күннен 5 күнге дейін қысқартылатын болады, деді министр.

Гранттар беру және жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу құралдары бойынша өтінімдер де ақпараттық жүйе арқылы қабылданбақ. Автоматтандыруды есепке ала отырып, гранттар бойынша шешім қабылдау мерзімдері ағымдағы жылғы қазанға дейін 48 күннен 16 күнге дейін қысқаратын болады, 2019 жылы бұл процесс 3 күнді құрайды. Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу бойынша шағын және орта бизнес субъектісінің өтінімін қарау және хаттама жазу мерзімі 27 күннен 4 күнге дейін қысқартылған.

Биыл ШОБ субъектілеріне екінші деңгейлі банктер несиелері бойынша шамамен 2200 субсидия мен кепілдік ұсыну, 6,6 млрд теңгеден астам сомаға шағын және орта бизнес жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізуді қамтамасыз ету және 20 мыңнан астам адамды қаржылай емес қолдау шараларымен қамту көзделген.

Сонымен қатар жиында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндамасында 2014 жылдан бастап Палата Мемлекеттік бағдарламаның төртінші бағыты бойынша оператор қызметін атқаратынын айтты. Төрт жылда 200-ден астам жаңадан бастаушы және бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлер қызмет түрлерін алды. Атап айтқанда 7600 жаңа кәсіпорын ашылды, 11 мыңға жуық жоба іске қосылды. Осы жылдың жарты жылында 37 мың кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Осылайша жылдық жоспар орындалды, деді А.Мырзахметов.

https://img.imgsmail.ru/mail/ru/images/dumb.gifhttps://img.imgsmail.ru/mail/ru/images/dumb.gifАл өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мәртебесін өзгерту тұрғысынан жергілікті атқарушы органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу бойынша тиісті бірлескен жұмыс атқарылатынын айтты. Қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев бүгінде «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы республикадағы кәсіпкерлікке кешенді қолдау көрсетудің маңызды құралдарының бірі екенін атап өтті. Бағдарлама өз нәтижелерін беріп жатқанын жеткізді. «Қазіргі таңда Мемлекет басшысымен келісілген түрде Бағдарламаға Мемлекеттік мәртебесі берілуде, осылайша ол іске асырудың жаңа деңгейіне өтеді», деді Б. Сағынтаев.

Кең жолақты интернетке қолжетімділік қажет

Үкімет отырысында кеңінен талқыланған келесі тақырып – ауылдық елді мекендерді интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету, 5G және дата-орталықтарды дамыту жобаларын іске асыру жайы.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ұялы байланыс стандарттарының жаңа буыны әр 10 жыл сайын әзірленіп отырады. 1981 жылы бірінші стандарт – 1G, 1992 жылы – 2G, 2001 жылы– 3G және 2010 жылдың аяғында – 4G енгізілді. 2020 жылға қарай 5G стандартын енгізу күтілуде. Ал осы қатардан қалыс қалмай, әлемдік стандаттарға сай болуды еліміздің «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырады. Бағдарламаның негізгі мақсаты да сол – еліміздің экономикалық дамуының қарқынын тездету және цифрлы технологияларды пайдалану арқылы ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Міндеттерінің бірі телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту. Осыған орай бірқатар жобалар, мәселен, ауылдарға интернеттің кеңжолақты қолжетімділігін қамтамасыз ету, 5G және дата-орталықтары іске асырылуда.

«Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру еліміздің 1249 ауылындағы мемлекеттік органдарды және бюджеттік мекемелерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясын қолданумен байланыс қызметіне қосуға мүмкіндік береді, байланыс арналарының жалпы өткізгіштік қабілеті кемінде 50 Мбит/сек құрайтын болады», деді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев. Сондай-ақ министр 5G ұялы байланысын Қазақстан аумағына енгізу Халықаралық электробайланыс одағының 5G стандартын қабылданғаннан кейін мүмкін болатынын жеткізді. Бұл шешімді 2019 жылы Египетте Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясында қабылдау жоспарланған. Халықаралық электробайланыс одағы 5G стандартын қабылдағаннан кейін ғана телекоммуникациялық жабдықтардың өндірушілері қабылданған стандарт бойынша жұмыс істейтін тиісті құрылғыларды жаппай өндіруді бастайды.

Тақырыпты талқылау қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев қалалар мен ауылдарды интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету уақыт талабы екенін айтты. «Интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету тек біздің ғана талабымыз емес. Біз артта қалмауымыз керек, қажетті құжаттар қабылданды, барлық шешімдер бар. Бұл уақыт талабы, көптеген мемлекеттердің күн тәртібіне алынған. Тек белсенді жұмыс істеу керек. Негізгі мәселе – өңірлердегі интернет жылдамдығы: байланыс бар, интернет бар, тек жылдамдығы өте төмен. Бұл бизнеске ғана қатысты емес, халықтың қажеттілігі», деді Премьер-Министр. Осыған орай Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп жылдамдықты интернетпен қамту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл жұмыстардың орындалуын бақылау Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевке жүктелді.

Құқықтық талапты сақтаса шетел телеарналарына шектеу жоқ

Айтқандай, Үкімет отырысы аяқталған соң Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев журналистердің сұрауы бойынша соңғы кезде қоғамда қызу талқыға түскен тақырып – 88 телеарнаның жабылуы мәселесі жайында пікір білдірді.

«88 телеарнаны жауып жатқанымыз туралы жариялаған кезде, біз екпінді басқа мәселеге қойған едік. Осы орайда Қазақстанда 219 шетелдік арнаның өкілдіктері ашылғандығын айттық. Осыған дейінгі Тәуелсіздік жылдарында мұндай болмаған еді. Қазіргі кезде барлық шетелдік телеарналарды құқықтық кеңістікке шығардық. Яғни, барлық шетел телеарналарының Қазақстанда өкілдіктері бар. Сәйкесінше, олар талапқа сай өкілдіктерде жұмыс істеп жатыр»,  деді министр. Демек, мақсат 88 арнаны жабуда емес, шетел арналарының құқықтық негізде жұмыс істеуіне талаптың күшейгендігінде. Себебі, жабылған телеарналар болашақта ел аумағында жұмысын қайта жандандыру да мүмкін. «Олардың жұмысына шектеу енгізу – телеарналардың алдағы уақытта Қазақстан аумағында ешқашан жұмыс істемейді дегенді білдірмейді. Егер де олар өздерінің өкілдіктерін ашқысы келсе, заңнамамен бекітілген барлық рәсімдерді орындауы тиіс. Осыдан кейін Қазақстан аумағына қайта оралу мүмкіндігіне ие болады», деді Д.Абаев.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше