Қазақстан • 14 Тамыз, 2018

Делдалшылар көмір бағасын қолдан жасап отыр

436 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көмір бағасының қымбаттауын делдалдар қолдан жасап отыр. Бұл туралы кеше Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында «ҚТЖ» ҰК» АҚ атқарушы директоры - «Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Сауырбаев мәлімдеді.

Делдалшылар көмір бағасын қолдан жасап отыр

Оның айтуынша, жылу беру маусымы қарсаңында көмір нарығында бағаның деңгейін жасанды түрде өсіру байқалады. Бірінші кезекте бұл жағдай көмір өндірушілер мен тұтынушылар арасында бірқатар делдал ұйымдардың бағаны шектен тыс асыруына байланысты. Ескеретіні, көмір бағасын бекіту, саудалық қызметті реттеу және делдалдық құрылымдарды жою Энергетика министрлігінің құзырына жатпайды. Бұл мәселені реттеу Ұлттық экономика министрлігінің құзырында. Аталған министрлік биылғы жылу маусымында көтерілген мәселені шешу үшін нақты қадамдар жасап отырған жоқ. Тек Үкіметтің тапсырмасы бойынша биржалық сауда механизмін жетілдіру, көмір нарығына қатысушыларға талаптарды орнату және көмір саудасы нарығының ашықтығын қамтамасыз ету бойынша тиісті Заң жобасын әзірлеу қарастырған. Бірақ оның нақты қашан жүзеге асатыны әлі белгісіз.

Қ.Сауырбаев келтірген мәліметке сүйенсек, биылғы 7 айда компания 56 млн тонна көмірді тасып үлгерген. Бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда артық болып отыр. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер бойынша тұтынушылар үшін 4,5 млн тонна көмір жеткізіліп, бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 10 пайызға жоғары.  Сондай-ақ, жыл соңына дейін 106,5 млн тонна көмір тасымалдау жоспарланып отыр. Оның ішінде қазақстандық тұтынушыларға 75,9 млн тонна жеткізілмек. Жүк тасымалдайтын компанияда аталған жүкке арналған 54 мың ашық вагон бар, соның 29 мыңы көмір тасымалына жұмылдырылған. Сәйкесінше, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 4 мың вагонға артық.

− Коммуналдық-тұрмыстық көмірді тасымалдауға 9 мыңнан астам ашық вагон тартылды. Жылжымалы құрамның тапшылығын болдырмау мақсатында  ашық вагондарды көмір разрездеріне бекіту шаралары іске асырылды, -деді Қ.Сауырбаев.

Айта кетерлігі, былтыр жылыту маусымы кезінде елде көмір тапшылығы туындап, аталған отын түріне сұрақтың жоғары болуынан баға шарықтап кеткен болатын. Аталған сала мамандары жергілікті атқару органдарының алдын ала қамданбағаны және көмір жеткізушілердің жоспарлы түрде жұмыс жасамағаны салдарынан көмір тапшылығы сезілгенін айтады. Бұл мәселе биыл қайтадан қайталанбас үшін Энергетика министрлігі

жергілікті атқарушы органдарға 2018-2019 жылдарға арналған коммуналды-тұрмыстық қажеттіліктерге және тұрғындардың көмірге сұранысы бойынша жоспар құрылды тапсырып отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше