Аймақтар • 15 Тамыз, 2018

Аралды құтқару – әлемді құтқарумен пара-пар

9804 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Аралдың экологиялық проблемасына әлем жұрты алаңдайды.

Аралды құтқару – әлемді құтқарумен пара-пар

ХХ ғасырдың 60-80 жылдары Әмудария мен Сырдария өзені бойындағы халықтың саны 2,2 есеге артып, суға қажеттілік өсті. Соның салдарынан теңізге құйылатын су мөлшері азайды. Яғни қос өзеннің суын бел ортадан бөгеп, күріштік пен мақта алқаптарының көлемі артты. Мұндай антропогендік факторлардан теңізге 1960-1965 жылдары 44 мың текше метр су құйылса, 1974-1978 жылдары 13 мың текше метрге азайды. Тіптен, 1990 жылдары судың мөлшері екі есеге кеміді.

Нәтижесінде Аралға құйы­латын судың 89 процентке азайып, теңіздің су айдыны 30-200 ша­қырымға дейін құрғады. Судың тұздылығы 40 процентке дейін артты. Осылайша, Арал шөлге айналып, құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын зияндылығы жоғары 2 млн тонна тұзды шаңдар көтеріліп, экологиялық зардап аймағына айналды. Экологиялык дағдарыс салдарынан Арал өңірінде адам­дар­дың денсаулығы күрт төмен­деп, аурушаңдық белең алды. Аралды құтқару әлемді құтқару­мен пара-пар мәселеге айналды. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Арал проб­лемасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашық айтып, әлем елдерінің назарын аударды. Мәселенің өткір екендігін Орталық Азия елдерінің басшыларына түсіндіріп, бірлесе шешуді үндеп, Президенттердің басын Қызылорда қаласында қосты. Бұл 1993 жылдың 26 нау­рызы еді. Яғни Арал проб­лемаларына арналған алғашқы халықаралық конференцияға Қырғызстан президенті Асқар Ақаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязов, Өзбекстан президенті Ислам Каримов қатысты. Конференция барысында «Арал теңізі және Арал маңы проблемаларын шешу, экологиялық сауықтыру және Арал аймағының экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша бірлескен әрекеттер туралы келісімге келіп, Аралды құтқару халықаралық қоры туралы ережеге қол қойды. 

Әрине, Арал мәселесіне арналған халықаралық конференция Сыр өңіріндегі айтулы мәселелердің шешілуіне ұйытқы болды. Яғни конференция қорытындысы бойынша қатысушы мемлекет басшылары атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы­на үндеу жолданды. Халықара­лық қауымдастықтың қолдауы­­мен Арал теңізі бассейнін эко­ло­гиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарлама­лық жобаларды қаржыландыру жөнінде келісімге келді. Ең бас­тысы, Аралды құтқару халық­аралық қоры құрылды. Қор­дың төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Орталық Азия елдері үш жыл сайын қордың жұмысын үйлестіретін болып шешілді. Міне, осы халықаралық қордың құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. 

Айта кететіні, сол кездегі облыс басшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов Арал проблемасын терең түсініп, 90 жылдардың басында-ақ облыс әкімдігінің жанынан «Арал проблемасы жөніндегі» комитет құрды. Сондықтан С.Шаухаманұлы облыс басшысы ретінде халық­аралық конференцияның жо­ғары деңгейде өтуіне жауап­кершілікпен қарады. Мен облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде конференцияның жұмысшы тобының төрағасы болдым, әрі халықаралық шараның ұйымдастыру жұмыстарымен шұғылдандым. Конференцияны ұйымдастыру жұмыстарымен Алматы қаласына бірнеше рет барып, Су шаруашылығы ко­митетінде және басқа мекемелерде арнайы болып, Арал теңізі жайлы материалдарды жинадық. Тіпті Санкт-Петербургке іс-са­пармен барып, Арал теңізінің экологиялық картасын алдық. 

Конференциядан кейін Арал дағдарысын қалпына келтірумен Аралды құтқару халықаралық қоры үйлестіруді бастады. Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Даму бағ­дарламасымен, Экологиялық бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік банк, Азия даму банкі, ТАСИС ұйымдарымен, сонымен қатар, Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Кувейт және басқа да донор елдер үкімет­терімен біріге отырып, АҚХҚ аймақтың әлеуметтік және эколо­гиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келеді. 

Атап айтқанда, 1994 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары «Арал теңізі ала­бының бағдарламасын» қа­был­дады. Бағдарлама арқы­лы Арал теңізі алабындағы қор­ша­ған ортаның жағдайын тұ­рақтандыру, Арал маңының бү­лінген экологиясын қалпына келтіру, алқаптың су және жер ресурстарын қалпына келтіру және басқа да жұмыстар көзделді. 

1997 жылдың бірінші жартысында бағдарламаны қар­жыландыратын Орталық Азия­­­ның бес елі және негізгі халық­­аралық ұйымдар мен оның ұйымдастырушылық-бас­­қарушылық құрылымы анық­­талды. Яғни су ресурс­тарын басқарудың аймақ­тық­­ стра­тегиясы, су қойма­ларын және бөгеттердің тұрақ­ты­­лы­ғын қамтамасыз ету, гидро­ме­тео­рологиялық қызмет­тер,­ экологиялық ақпараттың ай­мақ­тық жүйесін, су сапасын бас­қару, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және басқа да шаруалар жүйеленді. Мәселен, құны 65 млн АҚШ доллары тұратын «Сырдария өзенінің ағысын және Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейін реттеу» (1-кезең) жобасын сәйкестендіру және бағалау бойынша жұмыстар 1998 жылы басталды. Оған Бүкіләлемдік банк, Германия үкіметі және Кувейт қоры қаржы салды.

2002 жылдың 6 қазанында Душанбе қаласында Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары бағдарламаның бірінші кезеңін талқылап, екінші кезеңін бастауға уағдаласты. Осылайша, 2003-2009 жылдары екінші кезеңінде солтүстік Аралды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2009 жылдың 28 сәуіріндегі Мемлекет басшыларының шешіміне сәйкес Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитеті бағ­дарламаның 3-кезеңін бастады. Осылайша, «Ғасыр жобасына», «Дүниенің сегізінші кереметіне» баланып жүрген «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы дүниеге келді. Адамзат тарихында те­ңіз­ді екіге бөліп, сақтап қалу тәжі­рибесі болған емес-тұғын. Жобаның маңыздылығы осында.

Айта кететіні, тұңғыш ха­лық­­аралық конференциядан кейін жұмыс тобы Сыр өңірінің эко­логиялық жағдайын Үкіметке түсіндіріп, Қызылорданы эко­логиялық облысқа жатқызу үшін жұмыстар жүргізілді. Жұмыс тобы мүшелерінің белсенді ізденісімен «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң жобасы жасалды. Әрі оны Ұлттық ғылым академиясының ғимаратында Үкімет мүшелері мен ғалымдардың алдында қорғадық. Топ мүшелері теңіздің экологиялық әсерін жан-жақты ғылыми негізде түсіндіріп берді. Осындай талқылаулар мен пі­кірталастардан кейін заң жо­басы қабылданды.

Заң бойынша Экологиялық апат аймағы, Экологиялық дағ­дарыс аймағы, Экологиялық дағ­дарыс жағдайына жақындаған аймақ болып топтастырылып, тұрғындарға әлеуметтік кө­мек тағайындалды. Осылайша, Сыр өңірі тұрғындарының ай­лық жалақыларына пайыз­дық үстеме қосылды. Сондай-ақ медициналық қызмет көр­сетуді, денсаулық сақтау ісін қаржыландыруды және ма­териалдық тұрғыдан жабдық­тауды ұйымдастыру, халықты әлеуметтік жағынан қолдау, экологиялық апат салдарынан зардап шеккен адамдарға берілетін қосымша өтемдер мен жеңілдіктер және басқа да халыққа тиімді жағдайлар бекітілді. Мұның игілігін аймақ жұрты осы күнге дейін көріп келеді. 

Мен ғаламат жобаның ба­сы-қасында болып, 10 жыл Арал ауданының әкімі болдым. Жобаның арқасында Арал теңізіне жан бітіп, ба­лық шаруашылығы дамып, өзге өңір­­лерге көшіп кеткендер ата қонысқа көшіп келіп, атакә­сібін жалғаған ұрпаққа куә болдым. Расында, қазір Аралдың балығы қайтадан алыс-жақын шетелдерге экспорттала бастады. Теңіз қалаға жақындады. Халықтың әлеуметтік жағ­дайы дұрыстала бастады. Сол­түстік Аралды жаңғырту жұмыс­тарымен жұрттың бойында үміт оянып, бойларында келешекке сенімділік орнықты. Мұны теңіз маңында қоныс тепкендердің жанарынан көруге болады. 

Әлі есімде, 2005 жылдың 27 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арал ауданына сапарымен келді. Президент Көкарал бөгетін көзімен көріп, ғалымдар мен жобалаушылардан: «САРАТС жобасы іске ас­қанда Арал қаласына теңіз суы келе ме?» – деп сұрады. Бұл сауал­ға мамандар теңіз жиегінің 25-30 шақырым ғана жетпей қала­тынын айтты.

«Ендеше, Кіші Аралды те­ңіз­ден бөліп алып, жағалауды қалаға дейін жеткізуіміз керек. Ол үшін САРАТС жобасының екінші кезеңін бастап кетуіміз қажет», деп кесіп айтты. 

Осыдан бастап айтылған шаруаны орындау жолында қыруар жұмыстар басталып кетті. Кіші Аралдың су баспаған жерлерінде сексеуіл ормандары бой көтере бастады. Сексеуілді орман ал­қаптарын құру сырбойылық азаматтардың белсенділігінің арқасында жүзеге аса бастады. Қазір Арал теңізінің орнында 500 гектар алқапта сексеуіл жай­қалып тұр.

Арал теңізі бассейніндегі шекаралық өзендердің су рес­урстарын бірлесе басқаруды ұйымдастырудағы шешілмей жатқан мәселелер мен әлеумет­тік-экономикалық, эко­логиялық жағдайлардың ушығуы Орталық Азия елдерін Арал дағдарысына қарсы күресте күш-жігерлерін біріктіріп, аймақтық қарқынды қызметтестікке мүдделі етуді мақсат ететін халықаралық ұйым осындай келелі істерді ат­қаруда үлкен рөл атқарды. Әри­не, мұндай маңызды қадам­дарды алдағы уақытта да атқара бере­тіні сөзсіз.

Нәжмадин МҰСАБАЕВ,

Арал және Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Жалаңтөс баһадүр» қорының төрағасы