Аймақтар • 15 Тамыз, 2018

Белбасарда құны 350 миллион теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысы басталды

577 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы, Шу ауданының Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар елді мекенінде жобалық құны 350 миллион теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысы басталды.

Белбасарда құны 350 миллион теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысы басталды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлт­тың өткен тарихын білуді, оны құрметтеуді, туған жерге ту тігіп, ауылды гүл­дендіруді міндеттеген болатын. Бүгінгі таңда елімізде ауыл ахуалын жақсартуға көңіл бөлініп келеді.

Жер­гілікті кәсіпкер азаматтар Президент мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауылды жерлерге қолдау көрсетіп, нақты жос­парларды іске асыруда. Бүгінгі таңда елімізде «Туған жерге туың тік!» акциясын бірауыздан қолдаған кәсіпкер азаматтардың қатары артып отыр. Ел ішіндегі бірлік пен берекені арттыруға, ауыл ахуалын жақсартуға кәсіпкерлердің қосып отырған үлесі аз емес.

Жамбыл облысы, Шу ауданының Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар елді мекенінде жобалық құны 350 миллион теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысы басталды. Жобаны іске асырушы «Шебер-билд» құрылыс компаниясы. Компания басшысы, Шу ауданының құрметті азаматы Болат Сауранбаев жобаны қолға алудағы мақсат – жастарды саламатты өмір салтына бейімдеу, сонымен қатар, жан-жақты тәрбие беру екенін айтады. Құрылысы басталған екі қабатты спорт кешені 400 адамға арналған. Көлемі жарты гектар жерді алып жатыр. 

– Бүгінде бізге қолдау көрсетіп отырған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке, Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевқа алғысымыз шексіз. Сонымен қатар спортшылар Ермахан Ыбырайымов, Серік Қонақбаев, Ислам Байрамуков, суретші Ерболат Төлепбай, кәсіпкер Қайрат Оразбеков сияқты азаматтардың да қолдауы бар. Ауыл – әр қазақтың алтын бесігі ғой. Ал ауылға қолдау көрсету, жастарға өнеге беру біздің міндетіміз. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерге ту тігу керектігін нақты атап көрсеткен болатын. Міне, Елбасының мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясында Белбасар елді мекенінде заманауи спорт кешенінің құрылысын бастадық. Осы жерде ауыл жастары саламатты өмір салтын қалыптастырып, жоғары деңгейге қол жеткізіп жатса, біз үшін ол үлкен олжа. Келешекте бұл спорт кешенінен қазақ атын әлемге әйгілейтін спортшылар шығатынына да күмән жоқ, – дейді Болат Сауранбаев.

Өз сөзінде кәсіпкер ауылға әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кезінде осы Белбасар ауылынан мешіт пен халықаралық талапқа сай стадион салып берген Болат Сауранбаев енді сол жерден спорт кешенінің құрылысын бастап отыр. Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Тараз қаласының әкімі сияқты жауапты қызметтер атқарған азамат туған жерге ту тіккен азаматтар қатарында болғанын мақтаныш тұтатынын жеткізді. 

Қандай да бір игілікті іс қолдаудың нәтижесінде ғана көрінеді. Мәселен, Белбасар ауылында салынып жатқан спорт кешенінде атақты боксшы Ермахан Ыбырайымов әлемдік дәрежедегі чемпионат өткізуді жоспарласа, еркін күрес шебері Ислам Байрамуков күрес кілемін сыйға тартуға уәде етіпті. Ал белгілі кәсіпкер Қайрат Оразбеков аталған спорт кешеніне шағын футбол жабдықтарын алып беруді, әйгілі боксшы Серік Қонақбаев бокс рингін сыйлауды мойнына алыпты. Бұдан өзге бірнеше құрылыс компаниялары қаржылай демеушілік жасауға ниеттеніп отыр екен. Өз сөзінде Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев бұл бастама ауыл ахуалын жақсартуға, жастарды спортқа баулуға септігін тигізетінін айтты. 

Бүгінде Белбасар ауылында бес мың­ға тарта халық тұрады. Кезінде бұл ауыл­дан 150 алтын, күміс алқа иегерлері мен 9 Социалистік Еңбек Ері шыққан екен. 

 – Аталған спорт кешенін Тараз қала­сы­нан да, Шу ауданының орталығынан да салуға болар еді. Алайда ауылды ұмытуға болмайды. Ауылды ұмыт­қан адамның тамыры жоқ, қаңбақ сияқты кете береді. Сондықтан да бұл жақсылықтың бәрі де ауылға болса дедік. Сонымен қатар, ауылдан шыққан батыр аналар мен еңбек майданында шыныққан ағаларымыздың есімі біздер үшін мақтаныш. Енді, келешекте сол кісілердің атын қалдыру үшін ауылдан аллея ашсақ деген жоспар бар. Ол азаматтардың аты-жөні тасқа қашалып жазылса, жастарға бұл да бір үлгі-өнеге болатын еді, – дейді Болат Сауранбаев. 

Белбасар ауылында салынып жатқан заманауи спорт кешені талай таланттың жолын ашып, жұлдызын жарқырататыны сөзсіз. Елбасының «Туған жерге туың тік!» акциясы аясында салынып жатқан бұл нысан ауыл тұрғындарының да көптен күткен қуанышы. Осынау ғимаратты салуға демеушілік жасап отырған азаматтарға халықтың айтар алғысы шексіз. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»