15 Тамыз, 2018

Мәдениетке мән берсек...

577 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үйіміздің жанындағы азық-түлік сататын дүңгіршекке соңғы кезде сатушы құтаймай-ақ қойды, жиі-жиі ауысады. Бұрын тіпті мұнда сатушы қыздардың Павлодардан қатынап істейтінін естіп-біліп жүретінбіз. «Екі апта Астанада сауда жасасақ, екі апта бала-шағамыздың қасында болғанға мәзбіз. Ауылдан қалаға қатынап істеудің азабы мен машақаты мұндайды бастан өткізген адамға ғана мәлім. 

Әсіресе қыс мезгілінде қатты қиналатынымыз рас. Бірақ осылай жүргеннің өзінде тапқан-таянғанымыз  ішкен-жегенімізден, киім-кешегімізден артылмайды»  деп мұң шағатын Майра, Сәулеш есімді қос құрбы ауылдарына кеткелі шамамен екі-үш айдың жүзі болып қалды. Бұл жаққа мүлде келулерін қойғанына қарағанда, мұнан табысы молдау жұмысқа қол жеткізген болулары керек деп топшыладық.  

Мұны айтып отырған себебіміз, олардың жұртқа ешқашан қабақ шытқанын, дөрекі сөйлегенін, әдептен озғанын көрген емеспіз. Дүкенге қашан бас сұқсаңыз да, баяғы сол ақжарқын, жайдарман, жайсаң қалпынан айнымай, күлімдей амандасып тұрғандары. Айналадағы жұртшылық та соған үйренісіп, екеуіне әжептәуір бауыр басып қалған. Бірақ олар кеткелі мұндағы жағдай мүлде басқаша сипат ала бастады. Тұтынушы мен сауда қызметкерлері арасындағы өзара сыйластыққа құрылған қарым-қатынас көз алдымызда қалай өзгеріп шыға келгеніне іштей қатты қобалжыдық. Тіпті түске дейін бір сатушыны көрсек, түстен кейін басқасы ауыса қояды. Тәулік бойы көз ілмей халыққа қалтқысыз қызмет көрсету оңай жұмыс емес екенін түсінеміз, әрине. Алайда әңгімені әріден бастағандағы айтайын дегеніміз бұл емес, сау­да әдебі туралы, яғни сауда орындарындағы мәдениеттің деңгейі қалай деген мәселе еді. 

Қалаға қонаққа келген кісілердің аузынан налып: «Мұндағы сатушылардың мәдениеті төмен екен, тұтынушыларға сұраған затын тауып берудің орнына қабағын шытып, жөндеп тіл де қатпайды, қорлайды. «Мынаның бағасы қанша тұрады?» деп сұрай қалсаң, көздерін алартып, менменсіп, дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандай кергитінін қайтерсің. Жауап бергілері келмей, ұялы телефонмен сөйлесіп отырады. Бұлар сонда келген жұртшылықтың алдынан зыр жүгіріп, қызмет жасамаса, не үшін тұр? Тіпті кейбірі өзіңе тарпа бас салып, бетіңді тырнап алудан тайынбайды. Содан соң амалсыз: « Қой, құрысын, «Аш пәледен – қаш пәле» деп өз жайыңа үн-түнсіз кете барасың» деген өкпе-ренішін жиі естиміз. Шынымен де, ірі сауда үйлерінің өзінде мәдениет мәселесі өзекті түйткілдің бірі саналады. Сатушылары өздерімен өздері әңгіме-дүкен құрысып, кімнің келіп, кімнің кетіп жатқандарында істері жоқ, телефонға тас кенеше жабысқан күйі безірейіп отыра беретіні – үйреншікті жайт. Орындарынан қозғалуға ерінетіндеріне қарағанда, бұларға ақшаның керегі жоқ-ау деген күдікті ойға лезде бой алдырып шығарыңыз тағы хақ. Бұрын кеңес заманында сауда қызметкерлерін даяр­лайтын арнайы оқу орындары болатын. Оны бітірушілерге бірінші кезекте халыққа мәдениетті қызмет көрсету міндеттелетін. Қазір сатушылардан арнайы кәсіби білім қажет етілмейтін болғандықтан неше түрлі  сорақылыққа жиі жол беріліп жүр. Базарларда, жекеменшік дүкендерде он екіде бір гүлі ашылмаған жасөспірімдердің саудамен айналысып тұрғанын  көзіміз шалып қалады. Құдай-ау, ақша санауды білген адамның бәрі сатушы болып кете берсе, не болғаны?

Орыс халқында тұтынушының талабы қашанда жөн деген қағида бар. Бірақ соған қарамастан, күнделікті күйбең тіршілікте қарапайым тұтынушы ретінде қаншама рет құқығымыз бұзылғанына көзіміз жетіп тұрса да, оған аса мән бермей, енжарлыққа бой алдырып кеткенбіз. Мерзімі ескірген тауарды апарып қайтадан өткізуге ерініп, қол сілтей салатын салғырттығымыздан үнемі өзіміз жапа шегіп жүрміз. Бұлар сайып келгенде, құқығымызды тұтынушы ретінде шектейтін әрекеттер.

Қазір «Тауар қайтаруға немесе ауыстыруға жатпайды» деген ескертулерді сауда орындарынан көптеп кездестіруге болады. Бірақ бұл хабарламаның заңға қайшы әрекет екенін аңқау тұтынушының біле бермейтіні өкінішті. Мұндай жағдайда «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңның барын естен шығармағанымыз абзал. Ал сатушы тарапынан орын алатын дөрекілік, дауласу, беттен алу сияқты әдепсіз қылықтың дені негізінен мәдениетке жеткілікті көңіл бөлмеуден туындап отырғандығын айтпасқа тағы болмайды. Мұндай өзекжарды мәселені қазір сырттай қадағалап, бақылайтын бірде-бір тиісті ұйым, не мекеме жоқ. Бұл ретте тағы бір айта кететін жайт, сауда орны дегеніміз бір жағынан, рухани айнамыз екенін ұмытпауымыз керек.

Басқа елден келген қонақтар осыған қарап, мәдениетіміздің қай деңгейде екенін танып, біледі. Сондықтан әсіресе ірі-ірі сауда орындарындағы сатушыларға халыққа қалай мәдениетті қызмет көрсету керектігін арнайы курстарда оқытуды міндеттеу артық болмас еді. Өткенде бір көршім базарға ендігәрі бармастай болып келгенін айтты. «Демалыс күні «Еуразия» сауда орталығына ет сатып алуға бардым. Жағалай самсап жайылған еттің бағасын сұрастырсам, удай қымбат.

Бәрінен бұрын маған ондағы бір сатушының: «Сатып алмайтын болсаң, еттің бағасын босқа неге сұрап тұрсың?» деп дүрсе қоя бергені жаныма қатты батып кетті. Сонда адамдар бағаны сұрағаны үшін айыпты бола ма? Өзіңнен әлдеқайда жасы кіші әйелден сөз естіген қандай жаман. Осындай ызғарлы, зілді әңгімеден кейін біртүрлі бетің қайтып қалады екен» деп көңіліндегі кірбіңді күмілжи жеткізді... Әдептілік әліппесі қағидатымен өмір сүру ежелден қанымызға сіңген қазақы қасиетіміз емес пе еді. Есіктен енгеннен алдыңнан күлімдеп қарсы алып,  жайдары жүзбен шығарып салса, нелері кетеді екен-ай шіркіндердің дейсіз амалсыз мұндайда. Ол үшін жүректе аздап жылылық болса жетіп жатқан жоқ па!

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше