Қазақстан • 16 Тамыз, 2018

Ақтау саммитінің қорытындылары бойынша Қайрат Әбдірахманов түсініктеме берді

335 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ақтау саммитінің қорытындылары бойынша Қайрат Әбдірахманов түсініктеме берді

- Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесi туралы қабылданған Конвенцияның маңыздылығы туралы не айта аласыз?

- Конвенция Каспий жағалауында орналасқан елдердің кең ауқымды бағыттарда ынтымақтастығы үшін тиімді құқықтық негіз қамтамасыз етеді.  Елбасы айтқандай аталған құжатты «Каспий теңiзiнiң конституциясы» ретінде қарастыру керек екендігі кездейсоқ емес. Конвенция Каспий аймағының саяси тұрақтылығына, аймақтың дамуына, сондай-ақ табиғи ресурстарды сақтауға және көбейтуге қызмет етеді.

Еске сала кетсек, Конвенция жағалаудағы мемлекеттердің Каспий теңізін, соның ішінде оның суын, теңіз түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстары мен оның үстіндегі әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі құқықтары мен міндеттеріне байланысты барлық мәселелерді реттейді. Су акваториясын бөлу мәселесі айқындалды. Аумақтық су көлемін 15 теңіз миль етіп бекітілді. Олардың сыртқы шекаралары мемлекеттік мәртебеге ие болады. Аумақтық суға 10 мильдік балық аулау аймағы жалғасады. Әрбір мемлекет балық аулау кәсібінде ерекше құқыққа ие болады. Балық аулау аймағынан тыс ортақ су аймағы сақталады. Теңіз шекарасынан тыс, жағалаудағы елдердің жалауларымен жүзетін кемелерге кеме қатынасы бостандығы қолданылады.

Маңызды ереже ретінде, әсіресе, ішкі елдер үшін басқа теңізге және әлемдік мұхитқа шығу еркіндігі болып табылады. Теңіз түбіндегі магистралды құбырлар мен кабельдерді төсеу мүмкіндігі қарастырылады. Құжатқа сәйкес әрбір мемлекет жер қойнауын пайдаланудың егемендік құқықтарын оның төменгі секторы шегінде жүзеге асырады. Көптеген байқаушылардың алаңдаушылығы туралы мәселеге де жауап беріледі: Каспий маңыңдағы мемлекеттердің қызметінің маңызды қағидаларының бірі – Конвенияға қатысушы болып табылмайтын әскери күштердің Каспий теңізінде болмауы.

Бұған байланысты Конвенциядағы біздің әріптестеріміз басшылыққа алатын тағы бір қағидаға назар аударамын - егемендік, аумақтық тұтастық, тәуелсіздік, мемлекеттердің егемендік теңдігі, күш қолданбауға немесе күш қолдану қаупін туғызбау, өзара сыйластық, ынтымақтастық, ішкі істерге араласпау. Сауда-экономикалық, көлік ынтымақтастығы, шекара ведомстволарының өзара іс-қимылдары, инциденттердің алдын-алу, ұйымдасқан қылмысқа және терроризмге қарсы күресті қамтитын Каспий маңы елдерінің жоғары лауазымды өкілдері қол қойған маңызды құжаттарды атап өту қажет. Бұл бағыттар қазіргі кезеңде халықаралық аренада өзекті мәселелер қатарына кіреді.

Жалпы алғанда, әлемнің кейбір аймақтарында қиын жағдайды ескере отырып, Каспий маңы елдерінің басшылары дана және көреген шешім қабылдап, Каспий теңізін одан әрі тұрақты дамуы үшін үлкен әлеуеті бар бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік аймағы ретінде ұсынды.

- Каспийдегі ынтымақтастық саласындағы келесі қадамдар қандай?

- Басқа елдердің барлық басшылары саммит шеңберінде консенсусқа жетудегі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың рөлін мойындап, алғыстарын білдірді. Елбасы атап өткендей алдағы жұмыстың төрт негізгі бағытына ерекше назар аударғым келеді.

Біріншіден, әскери іс-қимыл саласындағы келісілген сенім шаралары бойынша жеке бесжақты келісім жасасу қажеттілігі.

Екіншіден, Каспий жағалауындағы елдердің сауда-экономикалық қатынастары, әсіресе инвестициялық ынтымақтастық, энергетика, көлік және логистика саласында жаңа серпін алуға тиіс.

Үшіншіден, Президент тарифтік саясатты оңтайландыру және Каспий маңы елдеріндегі көлік жағдайын жақсарту мәселелерін қарастыруды ұсынды.

Төртіншіден, Елбасы биологиялық ресурстарды заңсыз аулауға қарсы күрес туралы құжат қабылдау қажеттігін атап өтті.

Ақтау конвенциясына сәйкес Каспийде ынтымақтастықтың түрлі аспектілерін қарау үшін Сыртқы істер миниистрліктерінің қамқорлығымен бесжақты тұрақты консультациялар жүргізу механизмі құрылуда. Саммит қарсаңында Сыртқы істер министрлері Каспий теңізі мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жұмыс тобын құруға уағдаласты. Бірінші кездесуді биылғы жылдың қараша айында Әзербайжанда өткізу жоспарлануда. Ең алдымен, құрылатын топ Каспийде тікелей базалық сызықтарды құру әдістемесі туралы келісім жобасын әзірлеуге және келісуге кіріседі.

- Неліктен БАҚ-тар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенциямен таныса алмайды? Мұның себебі неде?

- Құжаттар Каспий жағалауында орналасқан елдердің парламенттерімен бекітілгеннен және күшіне енгеннен кейін жарияланады. Бұндай тәртіп көптеген елдерде қабылданады. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңының 24-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Қазақстан Республикасы Парламентімен ратификацияланғаннан кейін және күшіне енген кейін жариялануға жатады.