Технология • 16 Тамыз, 2018

Роботтандырылған хирургия – медицина мәртебесі

1319 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде отандық медицина озық тәжірибелерге сүйеніп, оңтайлы істерімен оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Халықаралық тәжірибелер негізінде ауруды ерте диагностикалау және медициналық технологияларды дамыту ісінде ілкімді ілгерілеушілік бар. 

Роботтандырылған хирургия – медицина мәртебесі

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан На­зар­баев биылғы Жо­л­дауында «Меди­цинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект техноло­гияларын енгізуге кірісуіміз керек» деген болатын. Жолдау жүктеген міндеттерге байланыс­ты Президент Іс басқармасы ме­ди­циналық орталығының ауруханасы бірқатар жаңа жобаны жүзеге асыру­да.Осы орайда атал­ған орталықта жуыр­да робот-хи­рургтың көмегімен жү­рекке ота жасалмақ. Президент кли­ни­касында роботтандырылған тех­нологиялардың референстік орталығын құру бойынша қар­қынды жұмыстар жүргізіліп жатқандығын да айта кеткен жоқ. 

Әрине, робот-хирург дәрігерді алмас­тыра алмайды. Дегенмен дә­рі­герге нақты әрі тиімді әрекет етуге кө­мек­теседі. Медицина тілінде мұндай ота­ны лапарос­копия деп те атайды. Яғни адам денесіндегі кішкентай саңылау арқылы оның іш құрылысына ота жасайды. Отандық медицинада роботтандырылған хирургияны гинекологияда, урологияда, асқазан және тоқ ішекке ота жасауда қолданбақ. 

Президент Іс басқармасы меди­циналық орталығы ауруха­насы директорының хирур­гия бойынша орынбасары Се­рік Меңдіқұловтың айтуынша, мұндай ота кезінде жарақаттану деңгейі төмен болады, сәйкесінше емделуші тез сауығады. «Ота кезін­де хирург тек робот жү­зе­ге асыратын іс-әрекеттерді басқарады және оның өз артық­шы­лықтары бар. Алдымен адаммен салыстырғанда робот шаршамайды және ұзақ уақытқа созылатын ота­ны дәлме-дәл айқын түрде жүргізеді. Сонымен қатар оның құралдары ота жасалған орынды сапалы етіп тіге алады. Бұдан бөлек, робот ота жасалатын тұсты анық көрсетіп береді. Бұл хирургиялық қателіктердің азаюына ықпал етеді», дейді С.Мең­діқұлов.

Ауруханада ота жасалып қа­на қоймай, сонымен қатар хи­рург­тарды аталған технологиямен жұ­мыс істеуге оқыту жұмыстары жүр­гізіледі. Сол се­беп­ті орталық рефе­ренстік деген атауға ие болып отыр. Кли­­­ника мамандары шетелдік ма­­мандар үшін де ше­бер­лік сынып­тарын өткізуді жос­парлап отырғандығын айтады. 

Әлемде алғашқылардың бірі болып роботтандырылған құ­рыл­ғының көмегімен ота жасауды бастаған белгілі американдық хирург Давид Самади. Қазіргі таңда американдық хирургтің сәтті өткерген отасының саны жеті мыңнан асып жығылады. Таяуда беделді  дәрігер Пре­зидент Іс басқармасы меди­циналық орталығының дәрі­гер­леріне ақыл-кеңесін айтып,­ әріптестеріне жаңа техно­ло­гия­ның қыр-сырын үйрету мақ­­сатында елордамызға ат басын тіреді. Дәрігер Давид Са­ма­димен кездесуде кез келген технологияны енгізу ма­мандарды дайындаудан бас­тау алатындығы сөз болды.

«Биыл күзде клиникамыздағы дәрі­герлердің алғашқы тобы Еуропаға іс-тәжірибеден өтуге барады. Онда мамандар робот-хирургпен жұмыс істеу курсынан өтеді. Біз ауруханамызға енгізілетін жаңа технологияның мамандарымыздың кәсіби бі­ліктіліктерін арттырып,­ нау­қастарды тексеру, емдеу және сауықтыру жұмыстарын же­ңіл­детеді деп ойлаймыз. Ро­боттандырылған техно­ло­гия­лардың референстік орталығы халықаралық деңгейде жұмыс істейтін болады», дейді Пре­зи­дент іс басқармасы ме­дициналық орталығы ауруханасының директоры Әмір Ахетов.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде 36 мыңға жуық қазақстандық обыр дертімен ауы­рады және шамамен 15 мың адам қайтыс болады. Давид Сама­дидің айтуынша, ең бастысы – медицинада ро­боттардың пайда болуы, әсіресе обыр дер­тін емдеу­ үшін жаса­латын ота­ның сапасын арт­тырған.

«Ота дәл, нақты жа­са­ла­тындықтан, нау­­қас­тарда қосымша химиялық терапия алу және басқа да зерттеулерден өту қажеттілігі туындамайды. Біз атқаратын маңызды жұмыстар әлі алда. Сондықтан да аурухана дәрігерлерінің роботпен жұмыс істеу біліктілігін арттыру мақсатында осында ке­ліп отырмыз. Бұл аурухананың жеткен жетістіктері аз емес. Біз де сіздермен әріптестік ор­на­туғ­а әрқашан дайынбыз» дейді Д.Самади. 

Айта кетейік, робот-хи­рург­­­­­тың қатысуымен жасалатын­ ал­ғаш­­қы ота осы жылға жоспарланып отыр. 

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»