2016 жылдың 11 сәуірінде 80 миллион АҚШ долларына салынған бұл стадион 41 903 көрерменге есептелген. Енді «Бешикташта» сол маусымдағы Чемпиондар лигасының жеңімпазы мен Еуропа лигасында топ жарған команда өзара күш сынасып, УЕФА суперкубогының иегерін анықтайды.
Естеріңізге сала кетейік, айтулы жарыс 1972 жылдан бері қарт құрлықтың әр қиырында үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Дүбірлі доп додасында ең көп олжаға кенелген Испанияның «Барселонасы» (1992, 1997, 2009, 2011, 2015) мен Италияның «Миланы» (1989, 1990, 1994, 2003, 2007). Олардың әрқайсысы бес реттен дара шықты. Мадридтің «Реалы» төрт мәрте (2002, 2014, 2016, 2017) топ жарса, Англияның «Ливерпульі» (1977, 2001, 2005), Голландияның «Аяксы» (1972, 1973, 1995) және Мадридтің «Атлетикосы» үш реттен дәл сондай құрметке бөленді. Ал Бельгияның «Андерлехт» (1976, 1978), Испанияның «Валенсия» (1980, 2004) және Италияның «Ювентусы» (1984, 1996) екі мәрте жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, тағы 14 команда бір-бір реттен топ жарды.
УЕФА суперкубогын ең көп олжалаған испандық клубтары екен. Пирней түбегінде жасақталған командалар 15 мәрте бас жүлдені иеленді. Ал Италия – 9, Англия –7, Голландия мен Бельгия – 3, Германия, Португалия, КСРО, Ресей, Шотландия, Румыния және Түркия –1 реттен теңдессіз деп танылды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»