17 Тамыз, 2018

Сөз сойыл №64

904 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №64

БІРДЕ...

Марқұм жазушы Қалдарбек Найманбаев жұбайымен және бірнеше отбасы жазушы Болат Бодаубаевтың үйінде қонақта болдық. Жазатын адамдардың басы қосылғанда әңгіме алуан түрлі салада айтылып, әсіресе әзіл-қалжың қыза түсетін әдеті. Бір кезде Қалдарбек маған қарап:

– Зейнеп, сен біле бермейсің ғой, мына Бақытжан бұрын керемет қыдырымпаз болатын, қыз-келіншектерге қырғидай тигеніне талай куә болғанмын,

– деп менің қытығыма тимек болды. Жауап беріп үлгергенімше Бәкең сөйлеп кетті:

– Рас айтады. Бұрын менде қыз-келіншектердің телефондары мен адрестері жазылған қалың блокнотым бар еді. Зейнепке үйленген соң оны

Қалдаш (Қалдарбекті айтқаны) сұрап алған. Қазір сол пайдаланып рақатын көріп жүр, – деп қалжыңды иесіне қайтара салды.

*  *  *
Бәкең шақырған жерге еш­қашан кешіккен емес, дәл ай­тылған уақытында барады. «Точность – вежливость королей» дейтін қанатты сөзді үнемі қайталайтын. Әсіресе уәде беріп, айтқан уақытында келмейтіндерді ұнатпайтын. Бірақ соның өзін әзілге айналдырып жұмсартып жіберетін.

Бір жолы Сейіт деген дәрігер жігіт қонаққа бір сағаттан аса кешігіп келді. Сонда Бәкең:

– Сейіт-ау, жұмысыңа қонаққа кешіккендей кешіксең, сен барғанша ауруларың қатып қалады ғой, – деді.

 *  *  *
Адамның өзін-өзі аяғанынан өткен құнсыз сезімнің жоқ екенін біле тұра айнадағы бейнемді аяп кеттім.

– Құрысын, бұдан былай айнаға қарамаймын, – дедім.

– Неге қарамайсың? – деп сұрады Бәкең.

– Көз тоқтатар түрім қал­мапты, шашым ағарған, оның үстіне сиреп, құйқам көріне бастапты. Бетімді әжім айғыздап, ұртым солып, ішіне қабысыпты…

– деп тағысын-тағыларды тізіп жатырмын. Сонда ол:

– Ой, мамасы-ай, соның бәрін көріп тұрған көзің қандай керемет еді! – деп мені жұбатты.

Зейнеп АХМЕТОВА

Алматы

 

Ей, баға!..

Баға, баға дегенге, 
Екі нөлге ұқсаған,
Көздеріңді ақшитып,
Аңшының аш итіндей,
Тістеріңді ақситып,
Шұбар жылан тәрізді
Қу басыңды қақшитып,
Талтаң-талтаң етесің.
Кеше болып бір баға,
Бүгін болып бір баға,
Ертең болып бір баға,
Күнде өзгеріп тұратын,
Тұрлауы жоқ тұрақсыз,
Жезөкшедей сен ғана.
Қарға аунаған түлкідей,
Сылаң қағып сайқалсып,
Қала менен ауылды
Айдаһар боп жұтам деп,
Күнде аралап өтесің.
Сәуле жетпес пырақтай,
Зеңбіректегі сұр оқтай,
Батыс пенен шығысқа,
Бір секөнтте-ақ жетесің.
Бір-ақ күнде құбылып,
Жүз теңгені мың қылып,
Ізіңнің артын шаң қылып,
Елдің ішін лаң қылып,
Қанға тойған иттей боп,
Қара шаруа халықты
Қан жылатып кетесің.
Иномарка тайпалтқан,
Байлар көрсең еліріп,
Сабын жаққан терідей,
Жылпың-жылпың етесің.
Миллиарды барлардан
«Қолүздігін» дәметіп,
Айғыр көрген байталдай
Шыпжың-шыпжың етесің.
Бүйте берсең түбінде
Су түбіне кетесің!

Ғұмар АХМЕТЧИН

Қостанай

 

Мойындау

– Бір арманым бар, әйелім құпия мекемеде қызмет істеп, кешкілік үйде отырып бүгінгі өткен оқиғаларды бүге-шігесіне дейін айта алмай дымы құрыса ғой.

***

Е, мектепте жүргенде ғажап еді: қызды асханаға апарасың, қайтарда сөмкесін көтеріп үйіне трамваймен апарып тастасаң болды – ол сенікі... Содан соң одан қай сабақтан болса да көшіріп ала беруші едік...

***

Жүріп жүрген қызымның «аяғы ауыр» бола қалып еді... менің атым да, мекенжайым да, телефон нөміріме дейін өзгеріп шыға келгені....

***

Әйеліммен қатты кетіп көр-жерді қозғап ұрысқанша ұшатын ыдыс-аяқ, әсіресе тәрелкеге сенбеуші едім... енді сендім. 

***

– Мен үйде тура жолбарыс сияқтымын! – депті ішіп алған біреу танысына.

– Арпылдап, бәрінің апшысын қуырып бітетін шығарсың онда?

– Қайдағы? Сыбысымды сез­дір­мей, төрт аяқтап жүремін...

***

– Біреулер бар – өмірдегі мақсат, арманын таба алмай теңселіп жүр. Біреулер бар – нағыз махаббатын таба алмай баз кешіп жүр....

Ал мен болсам аяғыма киетін екі бірдей шұлығымды таба алмай аңырап отырмын!..

 

Сиқырлы күн

Жайдары жаздың жайма шуақ күндерінің бірі. Бүгін дәлізден шыға бере «ғажайып» көріністерге куә болдым... 

Әшейінде қоқысын кез келген жерге тастап жүре беретін төменгі қабаттағы көршіміз оны жәшікке салып жатыр. О, ғажап! 

«Атырау-ақпараттағы» жұмысыма бармақшы болып аялдамаға тақап едім, автобусым қайдан екені белгісіз, сайтандай сап ете қалды. Көлік ішінде бос орындар болса да жастар қақ­қан қазықтай қақшиып тұр екен. Бос тұрған жоқ, қолдарында Фариза мен Жұмекеннің жыр жинақтары, көздерін кітаптан бір алмайды. Ертелі-кеш құлаққаптарын тығындап алып ештеңені де елемейтін олардың бұл қылығына таңғалмай көріңіз?! 

Мен бос орындардың біріне қонжия кеттім. Әріден соң шыдай алмай: «Орын бар ғой, отырсаңшы» дедім өзімдей бір жігітке. «Үлкендер келсе отырады, ештеңе етпес» деді ол. Әдетте анасындай адамға орын бермей, жалпағынан жайғаса кететін бұларға бірдеңе көрінген ғой, сірә! 

Ем іздеп емханаға барғанымда тағы бір қызыққа куә болдым. Құс асыраған жандар жақсы біледі, жұмыртқа алмақшы болып қораға барғанда тауықтар «тағы келдің бе?» дегендей жақтыртпай қарап тұратыны бар ғой. Дәл сол сияқты, әшейінде бөлмесіне кірмей жатып «не керек?» деп гүр ететін дөкей дәрігер бұл жолы амандығымды біліп, бойжеткендей сызылып қалыпты. «Жайшылық па?» деген сұрақтың аузымнан қалай шығып кеткенін де аңғармай қалдым. Сонда ол менің қолдарымды аялы алақанына алып: «Сізді соңғы үлгідегі технологиямен толық тексеріп, қажетті дәрі-дәрмек жазып беремін, олар дәріханада тегін беріледі. Қобалжымаңыз, аурудан тез-ақ айығып кетесіз» деп күлімсіреді. 

 «Тегін дәрі» дей ме, бұл не деген батпан құйрық? Дәріханаға келгенде өзімді құдды бір ертегі әлемінде жүргендей сезіндім. Ал дәріханашы болса: «Құбыжық көргендей қатып қалыпсыз ғой, керегіңізді айтыңыз. Дәрі үшін дәнеңе де төлемейсіз» деп қарап тұр. Не дейді мынау? Ашық аспан астында түнеп қалғаннан сау ма өзі? «О, Алланың әмірі...» деп іштей күбірлеп қана қойдым. 

Үйге келсем, дәліз алдында балалар асық ойнап жүр. Е-е, азаннан кешке дейін интернетпен итәлек болатын жүгірмектер асықты қайдан тапқан? Болмаса, ғаламтор байланысы үзіліп қалды ма? Есікті аша салысымен анам жер-көкке сыймай: «Біз көп ұзамай үш бөлмелі үйге көшуіміз мүмкін. Үкімет жас отбасыларға баспана беру жөнінде заң шығарыпты» деген қуанышымен бөлісті. Апыр-ай, бәріне бірдей не болған өзі? Санамды сан ой торлады. Самайдан салқын тер сорғалады. 

Содан ауладағы орындықтардың біріне отыра кеттім. Айналама қарасам, жайқалған жасыл желек пен гүлдің небір түрлері отырғызылған. Мұны қалай байқамай жүргенмін? Қабырғасы қирап жататын орындықтар бұл жолы сырланған, әдемі көрініс көздің жа­уын алады. Ал дәліздің қабырғасына бұрынғы балағат сөздер мен ұятсыз суреттердің орнына Абайдың қара сөздері жазылыпты. 

Осылайша ойға шомып тұрғанымда, емізігін жоғалтып алған бөбектей шыр еткен оятқыштың ащы үні естілді. Сөйтсем, көргенімнің бәрі түс екен...
Жағдайымды сұраған анашыма: «Түсімде болмайтын нәрселерді көрдім. Онда жұмыссызға жұмыс, үйсізге үй беріліп жатыр» деп күбірледім. «Ендеше, түстерің өмірде де жалғасын тапсын» деген анамның тілегіне мен де қосыла кеттім. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

АТЫРАУ
 

Шопырдың «шошалаңы»

Көп жыл шопыр болған бір еркек алғаш рет оң жақ рульді автокөлік сатып алыпты. 

– Оң жақ рульді көлік қалай екен, жайлы ма? – деп досы сұраса, анау:

– Жақсы, тек әйелімнің бетіне түкіріп қоя беретінім болмаса, – деген екен.

* * *
Көлік жөндейтін шеберханадағы әңгіме:

– Қарындас, сіз бір сағат бұрын хабарласқаныңызда алдыңғы бұрышты соғып алдым деп едіңіз, ал мұнда есік соғылыпты, екі терезеңіз сынған, арттан да соққы тиіп жарықтарыңыздың быт-шыты шығыпты...

– Е, иә, сіздерге жеткенше солай болды...

* * *

Шопырлыққа емтихан тапсыруға кеткен қызы қолы таңулы оралғанда әкесі:

– Өй, не болды, шопырлық емтиханды тапсырдың ба?! – деп шошып кеткенде, қызы:

– Білмей тұрғаным, көлік айдаудан сынақ алушы ауыр халде ауруханада жатыр... – деген екен.
* * *
Ұрланған көлігін әрең тауып, ендігәрі айдап кетпесін деп оның әйнегіне: «Моторы әбден ескірген, радиоқабылдағыш атамзаманғы, аккумуляторы ескінің көзі» деп жазып қояды.

Ертеңіне көлігіне келсе, өзі жазған жазудың жанында: «Көлігіңіз мұндай мүсәпір халде болса, онда оған дөңгелектер неменеге керек?..» деп жазып, көлігін шоңқитып кетіпті...

Қожанасыр хикаялары

– Не болды, Әпенді, бүгін түнде үйлеріңнен шу шықты ғой, – дейді көршісі әуестеніп.

– Әй, пә­лен­дей ештеңе болған жоқ, тек әйелім қасынан өтіп бара жатып іліп кеткені, сосын шапан құлап түсті.

– Ау, шапан жерге түсіп кетсе сонша шу шыға ма? – деп таңғалады көршісі.

– Әй, соны да ұқпағаның ба? Шапанның ішінде мен болдым ғой, – деген екен Қожа.
*  *  *
Қожанасыр танысына келіп:

– Сені аяп тұрмын, – дейді. 

– Жай ма? – деп сұрайды ол.

– Әйелім екеуміз әбден қызылөңеш болғанша дауластық, – дейді Қожа, – тіпті ажырасып кете жаздадық, ақыры ол жеңді. Сосын мен базарға барып әйеліме шұлық, көйлек, туфли алдым.

– Менің оған қандай қатысым бар? – деп таңғалады танысы.

– Екеуміздің қатындарымыз бір-бірімен дос емес пе, – депті Қожанасыр, – бір-бірімен жиі араласады. Менің әйеліме алған киім-кешекті көрсе болды, әйелің сенің алқымыңнан алады ғой...
*  *  *
Бірде Қожа пешке от жақпақ болып әуреленіп, үсті-басы күл болып қанша үрлесе де от тұтанбай қояды. Содан ол жоғарыға көтеріледі де әйелінің орамалын басына тартып алып қайта келіп отты үрлесе, от лап етіп жана кетеді. Сонда Қожекең:

– Пәлекеттікі, пеш те менің әйелімнен қорқады екен! – депті аң-таң болып.

Мүйісті жүргізетін 

Берік САДЫР