Аймақтар • 17 Тамыз, 2018

«Алакөл-2018» жазғы кәсіподақ лагері өтті

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының Алакөл курортты аймағында республикалық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының «Алакөл-2018» жазғы кәсіподақ лагері» форумы ашылды.

«Алакөл-2018» жазғы кәсіподақ лагері өтті

Ағымдағы жылы еліміздің Кәсіп­одақтар федерациясы бастауыш кәсіп­одақ ұйымдарымен өзара байла­нысқа не­гізделген бірқатар ауқымды тәжі­ри­белік іс-шаралар өткізуде. «Алакөл-2018» жаз­ғы кәсіподақ лагері де феде­ра­ция­ның кәсіп­одақ жүйесі үшін осы жаз­дың бас­ты оқиғаларының бірі деуге болды. 

Жазғы лагерьде кәсіподақ қозғалы­сының 100-ден астам белсендісі арнайы оқудан өтті. Олардың ішінде жаңадан құрылған «SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы, білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы, мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының мүшелері болды.

Жазғы лагерь аясында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров, «SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподақ төрағасы Сапарбек Дүйсенов, Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Мейірхан Тілеубаев қатысушылар алдында сөз сөйледі. 

Ерлан Саиров өз сөзінде Қазақстан кәсіподақтар федерациясының еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының жұмыс сапасын жан-жақты дамытуды және жақсартуды көздейтінін жеткізді. «Кәсіподақтар қыз­мет­кер­лері белсенді және жан-жақты бі­лік­ті мамандар болуы тиіс. Белсенді ақ­­­па­рат­­тық жұмыс – кәсіподақтар қыз­ме­ті­нің маңызды бөлігі. Шынында бұл ма­­ңыз­­­дыл­ығы жағынан кәсіподақ жұмы­сы­­ның дәстүрлі бағыттарына тең келетін, жар­ғылық міндеттерді шешудің ажыра­май­­тын бөлігі. Ақпараттық жұмыс кәсіп­одақ мүшесіне кәсіподаққа мүшелікке са­на­лы көзқарасқа ие болуы үшін қажетті то­лық мәлімет беруі тиіс» деп атап өтті Кәсіп­одақ­т­ар федерациясы төрағасының орынбасары.  

Атқарушы билік өкілдерінен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Мемлекеттік еңбек инс­пекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов сөз сөйледі. 

«Кәсіподақтар әлеуметтік-еңбек қатынастарын шешудің маңызды буыны. Жұмысшылардың әл-ауқаты мен әлеуеті, олардың әлеуметтік кепілі мен құқығының қорғалуы тек кәсіподақ­тардың белсенділігіне байланысты», деді Ә.Нүсіпова. 

Сондай-ақ қолданбалы ғылым сек­торы­­­ның өкілдері де өз тәжірибе­лерімен бө­ліс­ті. Олардың арасында Academy of la­bo­ur relations ЖШС бас директоры Би­бі­гүл Нұрашева және басқа да ғалымдар бар.

«Алакөл-2018» жазғы лагері аясында тақырыптық тренингтер, тимбил­динг және басқа да шаралар ұйымдастырылды. 

2018 жылдың басынан бастап Кәсіп­­одақ­­тар федерациясы баста­уыш кәсіп­одақ ұйымдарымен өзара байла­нысқа және жұмыс жүргізуге баса назар аудару­да. Се­бебі кәсіподақтар қозға­лысының және жұмыс топтарының мәсе­лелері мен сұ­ра­ныстарының бар­лық спектрі бастауыш кәсіподақ ұйым­дарында шоғырланған. 

Биыл ҚРКФ басшылығы федерация қызметінің жаңа саясаты мен Жол кар­тасы­ның негізгі бағыттарын түсіндіру мақ­сатында еліміздің барлық өңіріне жұ­мыс са­парымен барды. 2018 жылғы қаң­тар-шілде айларының аралығында ба­стауыш кәсіподақ ұйым­дарымен 139 кездесу өтті. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы