17 Тамыз, 2018

Сабағы да, тәртібі де жақсы. Бірақ...

654 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үшінші сыныпқа енді көшкен Николай Керцман 6-12 тамыз аралығында үш мәрте автокөлік айдап кетіп, жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Кішкентай «баукеспенің» кесірінен оның ата-анасы енді 1,4 млн теңге айыппұл төлеуге мәжбүр.

Сабағы да, тәртібі де жақсы. Бірақ...

Бұл оқиға тып-тыныш тамыз айында оралдықтарды таң-тамаша қалдырды. 6 тамыз күні сегіз жасар Коля ең алғаш көшеде есігі ашық, кілті «аузында» тұрған «Сузуки» маркалы көлікті айдап кеткен. Кішкентай «барымташы» бірнеше көшеден өтіп барып, «Лада Гранта» көлігіне соғылып тоқтаған. 8 тамыз күні Коля үйінен тағы да қашып кетіп, жол жиегінде ашық тұрған «Тойота» микроавтобусын айдай жөнелген. Автокөлік иесі полицияға хабарлап, тәртіп сақшылары соңынан қуғанда, Коля көлікті басқара алмай, көпірдің тірек-бағанына соғылып қалған. Үшінші рет – 12 тамыз күні Коляның көзі «Hyundai» көлігіне түсіпті. Осы оқиғалардың бәрінде де көліктер жол жиегінде ашық-шашық, қараусыз тұрған екен. 

– 2 тамыз күнгі оқиғада Николай Керцман жолы жөнделіп жатқан көшенің бетон кедергісіне соғылды, – дейді Орал қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Мүсілім Жәрдемов.

Абырой болғанда кішкентай «жүргізушінің» өзі дін аман. Әкесі 47 жастағы Александр Керцманның айтуын­ша, Николай кішкентай күні­нен техникаға құмар, тынымсыз бала болып өскен. Ең сүйікті ойыны – компьютерлік көлік жарысы екен. Оның үстіне, отыз жылға таяу жүргізу­шілік еңбек өтілі бар әкесі автобус жүр­гізушісі болған кезінде ұлын қасы­на, тіпті алдына отырғызып, өзімен бірге алып жүрген екен.  

Жоғарыдағы үш оқиға бойынша да Қазақстан Республикасы Қыл­мыстық кодексінің 200-бабы бойын­ша («автокөлікті айдап кету») қыл­мыстық іс қозғалған. Оның үстіне, «кә­мелетке толмағанды тәрбиелеу міндетін атқармағаны», «ата-аналық міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін» Коляның ата-анасы да жауап­кершілікке тартылған. Жоғарыда соғылып-бүлінген автокөлік иелері өздеріне келген шығын мөлшерін 1,4 млн теңгеге бағалап отыр екен. Екінші топ мүгедегіне бұл қаржыны төлеу де оңай болмаса керек.

Орал қалалық ішкі істер басқар­масында өткен брифингке арнайы алдырылған кішкентай Коля бұл әрекетті жасауға не себеп болғанын түсіндіріп айта алмады. Тіпті «әттең, бойым кішкентай, алдымды көре алмай қалдым, әйтпесе ештеңеге соғылмас едім» деп ақталып қояды. Әке-шешесі, ата-әжесі бар бала ештеңеден таршылық көрмей өсіп келеді екен. Өзінің планшеті, компьютері де бар. «Коля өте әсершіл, техниканы өте жақсы көреді, автокөліктің бүкіл маркасын таниды, кішкентайында үнемі көлік жүргізіп ойнайтын. Білмеймін, әсіресе соңғы екі аптада тіпті өте әсершіл болып, өзгеріп кетті», дейді әкесі А.Керцман.

Мұғалімдерінің айтуынша, мектепте Николай Керцманның сабағы да, тәртібі де жақсы көрінеді. Бұрын есепте тұрмаған. Оқыс оқиғадан кейін мектеп директоры Николайға жеке жолығып, мән-жайды білуге тырысқан. «Қылмыстық іс тергеуі барысында біз Николайды қылмысқа итермелеген не нәрсе екенін анықтаймыз. Әзірге оны жол-көлік апатына түскен авто­көліктер тұратын айып тұрағына апа­рып көрсетіп, көлік жүргізу – өте жауап­­ты іс екенін, жауапсыздық өмірге қауіп­ті екенін түсіндіріп, профилак­тика­лық әңгіме жүргіземіз», дейді Орал қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі М.Жәрдемов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы