Виталийдің қолынан шыққан өзге ғаламшарлықтар мен динозаврлардың, ертегі әлемінің басқа да кейіпкерлерінің үлкенді-кішілі мүсіндері қазіргі уақытта маңайдағы балалардың көзқуанышына айналған. Балалар демекші, олар Виталийдің ауласына емін-еркін кіріп, ондағы ғажайып туындыларды қалағандарынша тамашалай алады. Бұған үй иесі тарапынан еш қарсылық жоқ.
«Әлемді жақсы жағына өзгерту үшін және онда жақсылық көбірек болсын десек, өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек», – дейді Виталий Хлебов.
Он саусағынан өнер тамған Виталийдің бұл ісіне соншалықты көп қаржы кете қоймапты. Себебі ол мүсіндердің көбісін пенопласт материалынан жасаған екен.
Хлебовтің мамандығы – суретші. Өзінің айтуынша, мүсіндерді жасау кезінде әжептәуір тер төгіп, еңбектенуге тура келген. Кейіпкерлерінің кім екендігі түсінікті болу үшін әрі олардың балаларды баурап алатындай тартымды шығуы үшін ұсақ-түйек бөлшектерді жасаудың өзіне мән беріп, аямай күш жұмсапты. Содан да болар, шебердің қолынан шыққан туындылар тұрғындар тарапынан зор сүйіспеншілікке бөленген.
Өзінің бұл ісін «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосқан тамшыдай болса да үлесім деп білетін жезқазғандық шебер Елбасының азаматтарды ел үшін қандай да бір пайдалы іс жасауға шақырған үндеуін толығымен қолдайтынын айтады. «Патриот болғаннан жамандық көрген адамды кездестірмедім. Меніңше, әрбір адамның миссиясы – жақсылық жасау, айналаңа қуаныш сыйлау. Біз бұл өмірге қонақпыз, сондықтан соңымыздан мағыналы із қалдыра білуіміз керек», – дейді жаны жомарт Хлебов мырза философиялық ой түйіндеп.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Жезқазған