Аймақтар • 17 Тамыз, 2018

«Шахтер» саябағында салынған бассейн құрылысы қала тұрғындарын таңғалдырды

425 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоба ERG компа­ния­сы мен облыс әкімдігі арасын­дағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы меморандум аясында жүзеге асты. Демалыс саябағын жаңғыртып, абаттандыруға 300 миллион теңге бөлініпті.

«Шахтер» саябағында салынған бассейн құрылысы қала тұрғындарын таңғалдырды

Енді жыл сайын жазғы уақытта кішкентай екібастұздықтар мен олардың ата-аналары бассейнге барады. Қаладағы мәдени-спорттық іс-шаралар «Шахтер» саябағында өтеді. Концерттік бағдарлама­лар өтетін амфитеатры бар. Балалар­ға аттракцион алаңы да қызық­ты. Су­бұрқақ та көкке әуелейді. Кеш­ке жарық шашып, музыкалық әуен ойнап тұрады. Астананың 20 жылдығына тарту ретінде саябақта 128 шырша отырғызылды. 

Жаңадан ашылған бассейнге бір мезетте 100 адам шомыла алады. Келушілерге барлық жағдай жасалған. Әжетхана, демалатын, тұрмыстық бөлмелер, шешінетін орындар бар. Су әрдайым таза болу үшін арнайы сүзгілермен жабдықталған.

– Еуразиялық Топтың ERG кәсіп­­орындары орналасқан қала­ларда тұрғындар өмірін барынша жайлы етуге бағытталған «Родные города» бағдарламасы бас­талды. Қалада табиғи су жоқ екендігін ескерсек, енді екібас­тұздықтарда тамаша демалыс орны пайда болды, дейді

«Еуразиаттық энер­гетикалық корпорация» АҚ «Восточный» кенішінің директоры Юрий Гончаров.    

«Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ Екібастұзды көркейтуге үлес қосуда. Балабақ­шалар және спорт алаңдарын абаттандырып, қалалық саябақтар және гүлзарларға жасыл желектер егіл­ді. Меморандум аясында ERG ком­паниясы облыстағы әлеуметтік жобалар саналатын Ақсудағы спорт сарайы, жабық хоккей корты, Екібастұздағы балалар музыка мектебі, облыс орталығын­дағы шомылу бассейнінің құрылысына, трамвай вагондарын сатып алу, мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ЕКІБАСТҰЗ