Театр • 17 Тамыз, 2018

Сапар Өтемісұлы туралы сыр

806 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Даңғылынан қалтарысы көп театр өнерінде өшпестей із қалдыру – жалпыға бұйырмаған бақ. Әр бақытты сәттің артында төгілген тер, қуанышы мен күйініші арпалысқан сәт, жан дүниесін толғатқан ізденіс тұрары хақ. 

Сапар Өтемісұлы туралы сыр

Иә, өнердің қасиетін жанымен сүйіп, азабына төзіп, үлбіреген сезімін қастерлеген кісі ғана киелі сахнада тұрақтап қалмақ. 

Сапар Өтемісұлының өнер жолын таңдауы қарапайым әулеттік тектен келген қасиет екен. Ешкім де өнер иесін әріптестерінен артық сипаттай алмасы анық. Сондықтан біз де сахна төрінде жүзден аса кейіпкерді сомдаған С.Өтемісұлы жайлы шөкімдей сырды өзінің және ол жайлы әріптестерінің айтқан әңгімелері арқылы жеткізуді жөн санадық. 

Сапар Өтемісұлы: – Мен екінші дүниежүзілік соғыстың нағыз қайнаған шағында – 1943 жылы дүниеге келіппін. Бала күнімнен ән салатынмын. Өзім өскен Бостандық ауылының «әнші баласы» атандым. Әке-шешеден жалғызбын. Әкей суырыпсалма ақын болыпты. Колхозда қос өгіз айдайды екен. Бес уақыт намазын қаза қылмай, тақуа ғұмыр кешіпті. Әкемнің анасы қырғыздың қызы болған. Он бір баладан тірі қалған жалғыз мен екенмін. Бірде әкей, жазғы қырман кезінде аузыма қойдың құйрығын салады. Майлы асты ағзам көтере алмай, қатты ­ауырып қалыппын. Бір апта көзімді аша алмай жатқанымда әкем қатты қай­­ғы­рыпты. Арзан есімді жеңгеміз: «Атасына барып айт, балаңыз шақы­рып жатыр», деп хабар жібергенде ол: «Артым­да Сапарым тірі қалса, ризамын» деп, күректің үстіне тізесі қалты­рап отыра кеткен екен. Арада көп уақыт өтпес­тен жарықтық жайнамаздың үстінде намаз оқып отырып о дүниелік болып кетті. 

Әкемнің туған қарындасы Тоқта – Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Ана – Жер Ана» драмасының бас кейіпкері Толғанайдың прототипі. 1965 жылы Алматыда консерваторияда оқып жүрген кезімде қырғыз еліндегі апамызға сәлем беруге Орынбай деген немере ағам екеуміз атпен кеттік. Үш күн жүріп, Шат­қал деген ауылға жеттік. Тоқта апамыз біздерді жылап-сықтап күтіп алды. Жиырма күн қонақтап жаттым. Апам­ның жасы 83-тен асқан еді. Сол кезде: «Қырғыздың Шыңғыс Айтматов деген жазушы жігіті келіп, өмір тарихымды, күйеуім Полатым мен үш бірдей ұлда­рым Омар, Оспан, Дәуренімнің соғыста қайтыс болғанын, елдің қалай күйзелгенін жазып алып кетті. Кітабына керек екен» деген еді. Соңынан М.Әуезов театрының тарихына үлкен жаңалық енгізген айтулы пьесаның туындағанын білесіздер. 

1959 жылы қараша айында Шым­кентке, театрға келдім. Бас режиссері Ғайнижамал Хайруллина екен. Мені Тамара Владимировна Панизовкина деген реквизитордың көмекшілігіне жұмысқа қабылдады. Қалада ешкімді танымаймын. Туысым жоқ. Баратын жерім болмаған соң, театрдың грим бөлмесінде тұруыма рұқсат берді. Көпшілік сахнасына түсемін. Кішкентай рөлдерде ойнаймын. Ғайнижамал апайымыз менің жағдайымды түсініп, әр сахнаға шыққаныма 1 сом төлетті. Ол кезде 1 сом дегенің көп ақша. Бір күні Шымкентке Асқар Тоқпанов келді. Ғайнижамал апай: «Мына Сапар деген жігіттің өнерге ынтасы зор. Осыны көріңізші?!» деді. Асқар Тоқпанов менімен шамалы сөйлескен соң, «Келсін Алматыға» деді. Сонымен 1964 жылы консерваторияға түстім. Режиссер мамандығы бойынша 1967 жылы бітіріп, М.Әуезов театрына жұмысқа қабылдандым. Үйлендім. Қолыма жалғыз шешемді алдым. Бірақ мұнда келген соң анамның қан қысымының көтеріліп кете беруіне байланысты қайтадан Шымкентке оралуыма тура келді. Сөйтіп қазақ театрына жұмысқа қабылдандым. 

1982 жылы Жақып Омаров театрға бас режиссер болып келіп, «Ақан сері – Ақтоқтыны» қайта қойды. Премьерасына Ғ.Мүсірепов арнайы келіп, сахнада тұрып маңдайымнан сүйді. «Шәкеннен (Айманов) кейін Ақанды көре алмай жүр едім. Ақаным тірілді ғой?!» деп қайыра құшақтап, көзіне жас алды. 

Актриса Айжан Жұмабекова, Қазақ­станның мәдениет қайраткері: –1967 жылы жазда М.Әуезовтің «Қарагөзімен» гастрольге шығайық деп жатқанбыз. «Біздің театрға жоғары білімді, көрікті мықты жас актер келіпті?!» – деп жұрт шу ете қалды. Келе «Қарагөздегі» Наршаға түсіп, бізбен бірге гастрольге аттанды. Жаз­­­дай гастрольде бірге ойнадық. Сапе­­кеңнің өзінің ақ маңдайлы, кербез, зия­­лылығы Наршаға дөп түсті. Б.Тәжі­­баевтың «Ана жүрегіндегі» соғыс­тан­ екі аяғынан айырылып оралған Арман­ды (қоюшы режиссер Т.Өтебаев) бал­дақпен сүйеніп, сахнаға зарлата әндетіп шық­қанда, залдағы көрермен толқып кететін. Сапекеңнің сахналық серіктесін өзіне үйіріп, тартып алатын қасиеті бар еді. Өте қуатты ойнайды. Ақан серіні сомда­ғанда нағыз серіні көз алдыңа елестететін.

Актриса Раушан Салова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері: – Гогольдың «Үйленуінде» – Подколесинді, мен Ага­фья Тихоновнаны ойнадым. «Толық әйел дегенде, ішкен асымды жерге қоя­мын» деген сөзін құтыртып айтқан­да, қасында тұрған біздер күлкімізді әрең тежейтінбіз. Актердің ерекше қасиеті – сахнадағы серіктесіне адалды­ғы! Д.Иса­бековтің «Ескі үйдегі екі кез­десуінде» (режиссер Ә.Құлданов) ол кісі – Ай­төрені, мен Зейнепті орындадым. Батырдың, шалдың, махаббат кейіп­керінің, сол сияқты кез келген бейненің шырайын кіргізе ойнайтын. Сөзін тез жаттап, бойына қондырып айтады. Сосын серіктесінен де сондай жауапкершілікті талап ететін. 

*  *  *
...М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Сырымды ойнаған сәті қандай ғажап! Талдықорған театрынан келген көнекөз әртіс ағамыздың: «Сырымның рөлімен сахнада жанып, өртеніп кететін шығар деп едік. Жанып тұрған отсың ғой!» деп тамсанғаны әлі есінде. Еңбегі жанып, 1980 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы берілді. Шығармашылығындағы ең үлкен һәм айтулы рөлінің бірі М.Шатровтың «Сонда ғана жеңеміз» пьесасындағы «күнкөсемді» (режиссер Ж.Омаров) ойнағаны еді. Екі сағат отыз бес минут жүретін қойылымда сахнадан бір минут қол үзіп кете алмайсыз. Ол уақытта Ленинді Ресейде Калягин сомдаса, содан кейінгі сом бейнені қазақ актері бедерлей алды. Бұл ретте де оның тарихи тұлғаны бейне­леу­дегі еңбегі өзгелерге салып берген соны соқпақ іспетті еді. Асқар Тоқпа­нов ағасы қойылымнан соң грим бөлме­сіне арнайы келіп: «Сапар, мен де көсемді ойнап едім. «Ұстаздан шәкірт озар» деген осындай-ақ болар. Басымды идім!..» – деп көзіне жас алған екен жарықтық. Премьераға Мәскеуден театр сыншылары арнайы көруге келіпті. Петров, Ларин дегендер: «Калягиннен асырып ойнады. Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек...» деп ұсыныс жасаған көрінеді. Өкінішке қарай «Қайта құруға» байланысты ол ұсыныстары жүзеге аспай қалды. Кейін бірақ мәскеуліктер оған осы рөлі үшін «Республиканың үздік адамы» деген төсбелгі тағыпты. Белгілі драматург Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» драмалық дастанында (режиссер Е.Оразымбетов) Абайды ойнауы өз алдына бөлек әңгіме. Қызылордаға апарып қойылғанда автор сахнаға шығып: «Менің Абайым. Абай осындай болған шығар» деп ризашылығын білдірген еді. 2014 жылы Астана қаласында өнер көрсеткенде белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Қазіргі Абайды ойнап жүргендердің ішінде сізге жететін Абай жоқ» деп, қолын қысыпты. Мұнан асқан баға бар ма?!

Сая ҚАСЫМБЕК,

драматург