Бүгінгі таңда мектеп, балабақша, емдеу-сауықтыру орындарының, сондай-ақ басқа да бюджеттік қаржыландыру арқылы азық-түлікпен қамтамасыз етілетін түрлі деңгейдегі мекемелердің сүтке деген сұранысы жоғары болып отыр. Олардың сұранысы қалай қанағаттандырылып отыр? Аудандардағы сүт өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін аталған мекемелерге қанша көлемде жеткізуде, бағасы көңілге қонымды ма? Осы сауалдарға жауап іздегенде өңірде өзекті болып отырған баға тұрақсыздығы мәселесі алдымыздан шығады. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңір аудандарына жұмыс сапарымен барғанда осы мәселелерге айрықша назар аударып, келеңсіздіктерді ретке келтіру үшін жауапты тұлғаларға тапсырма берген болатын.
Қазір сүт өнімдері арасындағы баға теңсіздігі белең алып тұр деуге болады. Аталған мәселе бойынша өз ойын білдірген Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев конкурс өткізу немесе бір жерден сатып алу арқылы тегін және жеңілдікпен ыстық тамақпен, оның ішінде сүт өнімдерімен қамту, қызмет көрсету шаралары жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ сүт бағасының тұрақсыздығына себеп болған жайттарға да тоқталды.
«Мәселен, облыстық білім басқармасына қарасты Тараз қалалық сервистік-технологиялық колледжі мемлекеттік сатып алуға ұсынылған 1 литр сүт үшін 202 теңге белгілесе, «Шалқаров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оны 195 теңгеден ұтып алып, жеткізіп беріп отырған. Ал №1 қалалық балалар ауруханасы 1 литр сүтті мемлекеттік сатып алуға 130 теңгеден ұсынса, оны «БекСтрой» жеке кәсіпкерлігі 98 теңгеге ұтып алып тасымалдаған.
«Бір таңғаларлығы, 1 литр сүттің бастапқы бағасы шамамен 100 теңгеден кем емес. Сонда «БекСтрой» ауруханадағы балаларға қандай сүт апарып беріп жүр? Не малы, не сүт өңдейтін цехы жоқ жеке кәсіпкердің бірі − осы. Осы тектес мысалдар жетіп-артылады. Бір кәсіпкерлер сүт өнімдерінің кейбір түрін үш есе қымбат бағамен жеткізіп беріп жүрсе, кейбір жеке кәсіпкерлер тендерге жалғыз өзі қатысса да, өнім жеткізуді бастапқы бағадан арзанға ұтып алған. Ереже бойынша онымен таласатын ешкім болмаса, өнімнің құны сол күйінде қалуы керек. Осы тектес олқылықтар көп», дейді облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев.
Бұл мәселе тек сүт өніміне ғана емес, сары май өніміне де қатысты болып шықты. «Сары май өнімінің әр килосына порталда ұсынылған баға 1486 теңге болса, оны жеткізуші 610 теңгеге ұтып алған. Ал №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы сары майдың әрбір килосы үшін 1590 теңге ұсынса, оны жеткізуші «Лесняк» жеке кәсіпкерлігі 519 теңгеден ұтып алып отырған», дейді облыс әкімінің орынбасары.
Бүгінде мемлекет тарапынан сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Ағымдағы жылдың өзінде 7 нысанға 185 миллион теңге субсидия берілген. Сонымен қатар өңірде сүт бағытында 24 ауылшаруашылық кооперативі құрылып, жақсы жұмыс істеп келеді.
Алайда, ішкі нарықтағы жұмыстың жүйесіздігінен бе, әйтеуір сүт бағытындағы баға мәселесі әлі де өзекті.
Бұл орайда, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев бүгінде сүт өнімдерін қайта өңдеу жұмыстары өз деңгейінде емес екенін айтты. Бұдан бөлек, кәсіпорындар өз өнімдерін бюджеттік ұйымдарға әртүрлі бағамен өткізетінін, мемлекеттік сатып алудан кейін оның бағасы өзгеріп, тым қымбат немесе арзан бағаға сатылып жатқанына да тоқталды. Айталық, өңірдегі сүт және сүт өнімдерін өндіретін барлық кәсіпорындардың тәуліктік қуаты 56 тонна екен. Шамамен бұл көрсеткіш тұтынушылардың 50 процентін қамтамасыз етеді. «Мәселен, сүтті бір мекеме 98 теңгеден алса, басқа цехтар 276 теңгеден өткізеді. Бұл кәсіпорындар ішкі нарық үшін емес, өнімді тек бюджеттік мекемелерге тасумен ғана шектелген», дейді басқарма басшысы. Сонымен қатар келесі жылдан бастап мұндай келеңсіздіктер болмайтынын, мемлекеттік сатып алу жұмыстарының да бақылауда болатынын, бұл үшін барлық кәсіпорындарға саралау жүргізілетінін жеткізді.
Өндірген өнімін шетелге экспорттап жүрген «Көкжиек-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Әбдіқали Бегімбетов мемлекет қолдау көрсетсе, сапалы өніммен тиісті мекемелерді қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ кәсіпкер шарт бойынша сүтте шлактың мөлшері 00,1 процент болып көрсетілгенімен, бүгінгі сүт өнімдерінде бұл 9 проценттен асып бара жатқанына өкініш білдірді. Осы орайда облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенер болсақ, облыс аудандарындағы қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаты жоғары болғанымен, өндірілген өнім көлемі оған сай емес екен. Тіпті мал шаруашылығы жақсы дамыған Сарысу, Мойынқұм секілді аудандарда әлі күнге дейін шағын болса да сүт өндіретін бірде-бір кәсіпорын ашылмаған. Демек, олар тиісті мекемелерге қажетті сүт өнімдерін Тараз қаласынан алады.
Жамбыл облысында өздері ешбір өнім өндірмей-ақ, өндіруші кәсіпорын мен тұтынушы мекеме арасында сауда көрігін қыздырып, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің жұмысын ретке келтіру басты мәселе. Тіпті өңірдегі сүт өнімдерін қайта өңдейтін ірі кәсіпорындардың бағасы арзан әрі сапалы өнімдерін өткеруде қиындықтар туындағаны, соның салдарынан кәсіпорындардың қуаттылығына қарай жүктемелерін арттыру мүмкін болмай отырғаны туралы мәселе де көтерілген болатын. Ендігі жерде сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсібіндегі кемшіліктер мен оны сатып алу, тасымалдау мәселелеріндегі олқылықтар ретке келтірілсе, өңірдегі өндіріс саласының қарқын алатыны сөзсіз.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы