17 Тамыз, 2018

Еңбек ері – ұрпаққа үлгі

785 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еңбек ері – ұрпаққа үлгі

Қарағанды – Отанымыздың ең басты өндіріс ошақтарының бірі. Кеншілер еңбегі еліміздің экономикасына орасан үлес қосып келеді. Өмірін осы өндіріске арнаған еңбек ерлері қаншама. Десек те, бір кезде рекордтық жетістіктерімен аты шықса да, кейін уақыт өте, ел жадынан өшіп кеткен есімдер де жетерлік. Елдің білетіні – кезінде шахталарға аты берілген Иван Костенко, Түсіп Күзембаев есімдері ғана. Ал елеусіз қалған басқалары қазір аталмайды да. Бір кезде атағы дүрілдеген Социалистік Еңбек Ері Жансейіт Əбдірахманов та солардың бірі еді.

Жансейіт Əбдірахманов 1900 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Жастайынан жергілікті байдың жалшысы болып, мал баққан. Қазақ ауылдарын ұжымдастыру науқаны жүріп жатқан 1929 жылы еті тірі жігіт Семей қаласына барып, балташылық кəсіппен айналысады. Ал 1938 жылы отбасымен Қарағандыға келіп, енді салынып жатқан «Гигант» шахтасына (қазіргі Костенко атындағы шахта) жұмысқа орналасқан. Бұл шахта, құрылысы толық аяқталмастан, 1942 жылы іске қосылғанда Жансейіт өндірістік еңбектің бел ортасында жүрді.

Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында елімізге Қарағандының қара алтыны ауадай қажет болғаны белгілі. Қиын-қыстау уақытта қажырқайратымен, еңбекқорлығымен танылған Жансейіт кеншілер ұжымының алды болды, əу бастан меңгерген тіреуші мамандығының шебері еді. Өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, жоспарды əрдайым асыра орындады. Соғыс жылдарында Костенко атындағы шахтаның кеншілері 428, 6 мың тонна көмір өндірді. Жансейіт Əбдірахмановтың қажырлы еңбегі əділ бағаланып, КСРО көмір өнеркəсібі министрлігінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

1948 жылдың 28 тамызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен көмір өндіруді еселеп ұлғайтқаны, өндіріске жаңа озық технологияларды енгізгені жəне еңбек өнімділігін барынша арттырғаны үшін Жансейіт Əбдірахмановқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ж.Əбдірахманов 1957 жылы зейнет демалысына шыққанша осы Костенко атындағы шахтада еңбек етті.

Ол кісінің қола мүсіні кен орнының мұражайында тұр. Халық игілігі жолындағы еңбекке, патриоттық рухтағы тəрбие үшін осындай жандардың тұлғасын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету аса маңызды. Костенко атындағы шахтаның ұжымы қазіргі уақытта билік орындарына арнайы ұсыныс хат жазып, Қарағанды қаласының бір көшесіне Жансейіт Əбдірахманов есімін беруді сұрап отыр. Өте орынды ұсыныс. Кеншілер қаласы мен көмір өндірісінің өркендеуіне зор үлес қосқан тұлға бұл құрметке əбден лайық деп білеміз. Жергілікті билік пен ономастикалық комиссия кеншілер ұжымының тілегін орындайды деген үміттеміз.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше