Жазғы спорт • 19 Тамыз, 2018

Жакартада жанған жұлдыз

506 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индонезия астанасы Жакарта қаласында XVIII Жазғы Азия ойындары басталды. Оған сары құрлықтың 45 елінен келген сайыпқыран саңлақтар спорттың 42 түрі бойынша сынға түсіп жатыр. Осы бір дүбірлі жарысқа өз дүлдүлдерін қосқан елдің бірі - Моңғолия.  

Жакартада жанған жұлдыз

Жарыстың алғашқы күні осы моңғолдың баскетболшы қыздарымен Гонконгтың қыздар құрамасы жолықты. Қызық болғанда бұрын соңды мұндай үлкен додада биіктен көріне бермейтін моңғолиялық арулар 83:79 есебімен жеті миллион тұрғыны бар әлемнің ең бай шаһарының командасын жеңді.

Бұл оқиға Моңғол елінде үлкен сенсацияға телініп, командаға жеңіс сыйлаған шебер баскетболшы қазақ аруы Бұлбұл Мұратқызы туралы ақпар Моңғолдың аспанында жаңғырып тұр. Оны спорт сүйер қауым "Жакартада жанған жұлдыз" деп бағалауда. Бұлбұл шеңберге допты алыстан 8 рет дәл түсіріп, өзге де әрекеттерімен командасына 37 ұпай алып берген. Бұл жеке ойыншы үшін үлкен жетістік.

Бұлбұл қарындасымыз 1995 жылы 11 қарашада Ұлан-батыр іргесіндегі Налайқы кентінде дүниеге келген. Бойы - 165 см, салмағы - 58 кило. Баскетболмен айналысқанына оншақты жылдың жүзі бопты. Бұған дейін бірнеше халықаралық жарыстарда топ жарып, 2016 жылы құрлықтық студенттер лигасының қола медаль иегері атанған.

Ақпар үшін айта кетейік. Аталмыш жарысқа Бұлбұлдан басқа көрші Қытай Республикасының атынан тағы үш қандасымыз қатысып жатыр. Олардың бірі - 65 кило салмақта белдесетін еркін күрес шебері Ерланбек Кәтейұлы болса, екіншісі - Уәлихан Серікұлы. Бұл жігіт грек-рим күресінен 60 кило салмақта өнер көрсетеді. Үшінші қандасымыз боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлы. Бұл азамат 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сайысады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"

Суретте Бұлбұл Мұратқызы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше