Бағдарламалар • 19 Тамыз, 2018

Зерендіде жастардың жазғы білім лагерінің екінші маусымы жұмысын жалғастыруда

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Зерендідегі республикалық жазғы жастар білім беру лагерінің жұмысы жайлы оқырмандарды құлағдар еткенбіз. Мазмұны терең мәнді іс жалғасын табуда.  

Зерендіде жастардың жазғы білім лагерінің екінші маусымы жұмысын жалғастыруда

Жас толқынның ел ертеңі екендігі әлмисақтан белгілі. Бүгін қоғамды мазалап отырған маңызды мәселе сол жастарымыздың рухани жан дүниесі, білімі мен білігі, көзқарасы мен көңіл көкжиегі қандай деңгейде болуы керек. Зымыраған жүйрік заманның жетегіне ілесіп көштен қалмайтын, көптен озатын бір шоғыр білімді жастар өз өнегелерімен, қол жеткізген табыстарымен құрбыларының көзайымына айналып, әдемі мысал болсыншы-ақ дейсің. «Зерен» демалыс орталығындағы республикалық жастардың жазғы білім лагерінің екінші маусымы өткізілуде. Оған жастар ұйымдарының көшбасышалары, жастар ресурстық орталықтарының мамандары, кәсіпкерлер мен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатысуда. 

Осы жастар алдында Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева мемлекет пен қоғам алдында тұрған асқаралы міндеттерді саралай келе, сол міндеттерді шешуге жастардың да білек сыбана ат салысу қажеттігіне тоқталды. Әрбір бағдарламаның өзіндік ерекшелігі мен тиімділігі туралы тереңнен қозғап түсіндіріп берді. Соның ішінде әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына көп тоқталды. Төрткүл дүниені тегіс шарпыған бәсекеге қабілеттілікке біз қалай қол жеткіземіз. Өрісі кеңейген өркениетті елдермен иық тірестіру үшін не істеуіміз керек? Осынау сауалдар жалғыз модераторларды ғана емес, жиналған жастарды да толғандырып жүргендігін анық байқауға болады. Шешеннің сөзін мұқият тыңдаған олар өз көңілдеріндегі сауалдарға тұшымды жауап алды. 

Жастармен бірге бір сабағына біз де қатыстық. Жастар алдында сөз сөйлеген белгілі саясаткер Айдос Сырым мен «Қазақпарат» ХАА бас директоры Асқар Омаров ел мен жер, тіл тәрізді құндылықтар туралы ой толғады. Қысқа қайырып айтқанда, ұзын-ырғасы бес күнге жоспарланған білім лагерінің жас толқынға берері бесбатпан. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы,
Зеренді ауданы.    

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше