Аймақтар • 20 Тамыз, 2018

Баянауылда туризм қалай өрістемек?

2904 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Баянауыл демалыс аймағы − 2023 жылға дейін жүзеге асырылмақшы республикалық 10 туристік орталықтың бірі. Сондықтан Баянауыл демалыс орны халықаралық талаптарға сай болуы тиіс. Бұл талап жергілікті әкімдіктердің, инвесторлардың бастамаларынан белсенділік күтуде. Өйткені инфрақұрылымы жоқ демалыс аймағына келген туристердің Баянауылға деген қызығушылығын өзіміз жоғалтып отырғандаймыз.

Баянауылда туризм қалай өрістемек?

Жалпы, облыстағы туризмнің бола­шағы Баянауылмен тығыз байланысты. Аудан аумағындағы көрікті табиғат аясы бұрыннан бері туризм кластерін дамытуға өзінен-өзі сұранып тұр. Тарихи орындар да аз емес.

 Бұл күндері облыста туризм экологиялық, тарихи-өлкетану, мәде­ни-танымдық және спорттық-сауық­тыру бағыттары бойынша жүргізілуде. Тарихи-танымдық туризмге қызы­ғушылар жиі баратын орынның бірі − Жасыбай көлінің батыс жағындағы Қоңырәулие үңгірі болса, екіншісі − Далба орманшылығында орналасқан Мұрынтал ауылы. Алашқа әйгілі Қазыбек би өмірден өткен соң денесін салған сөре тақтай осында сақталған. Сондай-ақ Жаяу Мұсаның, Бұқар Жыраудың кесенелері де жақын.

Облыстық әкімдік те өлкеміздегі қасиетті нысандардың басым бөлігі осы ауданда болғандықтан «Баянауылдағы киелі орындардың туристік картасын» жасауға байланысты жоба-жоспар құруда. Сол мақсатта аудан орталығы − Баян­ауылдың көшелерін жөндеп, су құбырларын тартып беруге былтыр 5 млрд теңге бөлінді.

Бұл бір. Екіншісі, Болат Бақауов өңірге әкім болып келген 2016 жылы Баянауылда шағын авиацияға арналған аэродромның құрылысы басталды. Жоба жүзеге асса демалыс аймағына ұшып келетін туристердің саны арта түспек. Ұзындығы 12,4 шақырым Торайғыр ауылы – Жасыбай көлі автожолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, жол бойында қызмет көрсететін 19 жаңа нысан салынуда.

Облыс әкімдігінің ресми ақпаратына қарағанда, шағын аэродром Астана –Баянауыл, Қарағанды – Баянауыл және Павлодар – Баянауыл бағыттарынан шағын ұшақтарды қабылдап, жұмысын бастайды. Астана – Баянауыл, Қарағанды – Баянауыл бағыты республикалық бюд­жеттен, ал ішкі рейстер облыс бюд­жетінен субсидияланады екен. Облыс­тағы демалыс аймағына келетін жолау­шылардың қауіпсіздігін сақтау басты назарда болмақ.

Үшіншісі, Баянауылдың Ақсаң ауы­лы маңындағы Мырзашоқы биігінен тау-шаңғы кешені құрылысы салына бастаған-ды. Бір қызығы, аудан әкімдігінің де, кәсіпкерлік, сауда, туризм басқармасының да миллиондаған қыруар қаржының бір ғана Баянауылдың туризмін дамытуға бөлінгені жайлы беретін мәліметтері әртүрлі.

 «Қажетті жабдықтар жеткізілді. Құрастырылып жатыр. Қарды тегістейтін құрылғылар да бар. Қаражат жеткілікті бөлінді. Инфрақұрылым жасалуда. Бүгінде базаға электр желісі тартылды. Шағын контейнерлер орнатылуда...» деген ұшы-қиыры жоқ мәліметтер жібереді. Бірақ өкінішке қарай, биыл қар аз болып, Мырзашоқыдан ешкім «сырғанай алмай» қалыпты.

 Басқарма өкілдерін тыңдасаңыз да сол, үйреніп алған сөздерінен жаңылмай: «Қазіргі уақытта еліміздегі Инвестиция тарту жөніндегі агенттік өкілдерімен бірлесіп, тауда туристік қызметтер инфрақұрылымын салатын инвесторларды іздестіріп жатырмыз», дейді.

Негізі, Баянауылдағы туризмді дамыту үшін 2005 жылдан бастап кешенді жоспарлар жасалды. Бұған дейін 1999 жылы облыс әкімдігінің «Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аумағында туризмді, демалысты ұйымдастыру жөніндегі» шешімімен «Баян-Сервис» атты мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылған-ды. Білетініміздей, Баянауыл туристік кластерін дамыту және көлдерді тазалау мәселесі бойын­ша бәленбай рет жиналыс өткізілді. Басқарма басшылары, аудан әкімдігі, Ұлттық саябақ өкілдері де «нақты тапсырмалар» алуға әбден үйренген. Бұл мәселе облыстық әкімдікте бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.

Мысалы, 2011 жылы жазда өзіміз қатысқан «Баянауылдың туризмін дамыту туралы» үлкен жиын да есімізде. Жобаны қаржыландыру мәселесі Үкіметке ұсынылды. Бірақ жоба жүзеге асқан жоқ. Сол кезде Астанадан келген бір басшы «Баянауылдың» туризмін дамытатын құжат жасаңдар, көмек көрсетеміз» деген еді. Бұл құжатқа сәйкес, курорттық аймақты дамытудың әр қадамы көрсетілуі керек болды. Мысалы, Ұлттық саябақ аумағына электр желісін тарту үшін жер Ұлттық саябақтың меншігінде болғандықтан, желі тартылатын жерді аудан қара­мағына алу қажет. Кешенді кәріз жүйе­лерін жүргізу жобасының сметалық құжаты мен техникалық-экономикалық негіздемелері жасалып Үкімет қарауына жіберілсін делінді, әлі айтылып келеді.

Ең бастысы − Баянауыл айрықша қорғалатын рекреациялық аймақ болуына байланысты қоршаған ортаны қорғау керек екені еске түседі. Табиғатты аялау, қорғау шараларының жеткіліксіздігі, заманауи инфрақұрылымдардың болмауы, маңайында орналасқан ауылдарда кәріз жүйелерінің салынбауы айналаға зиянын тигізуде. Жасыбай көлі демалыс аймағындағы «жабайы туризмнің» пайда болу себебі, бұл жерді туристік тұрғыдан пайдалану, демалыс үйлерінің қызметі заңнамалар жүйесі бойынша реттелмеген көрінеді. Демалыс аймағынан жерді жалға алып, өз кәсібін жасаушылар талапқа сай жұмыс істемейді. Көл жағасындағы жеке меншік демалыс үйлерінен, кафелерден шығатын қалдық су көлге құйылуда.

Ұлттық табиғи парк өкілдері туристік саланы дамыту үшін көз сүйсіндірер көрікті табиғаттан айырылып қалмауды да ойлауымыз керектігін ескертіп, бірте-бірте бұл туристердің сана-сезіміне де әсер етер деп үміттенеді. Табиғи парк аумағында «Қызыл кітапқа» енген ­жануарлар мен өсімдіктердің алуан түрі бар. Қарағайлар да қамқорлықты қажет етеді. Парк мамандары демалыс аймағына инфрақұрылымдарды жасаған кезде жер бедерлерінің ерекшеліктері ескерілуі қажет дейді.

2016 жылы Баянауылдың Ұлттық табиғи паркі жеке кәсіпкерге 49 жылға жалға берілуі мүмкін деген  сөз шыққанда табиғат жанашырлары, экологтар, жалпы, қоғам өкілдері келіспеушіліктерін айтып, дабыл қаққан-ды. Яғни, халық Ұлттық табиғи парктердің мемлекет қарауында қалуын қалайды деген сөз.

Ал 1985 жылы құрылған парк аумағының аудан орталығы тұсындағы негізгі аумағы 50 мың 688 гектар жер, Күркелі, Қаратомар, Жаяу Мұса ауылдық аумақтарынан 18 мың гектарға жуық жер бекітілсе, ал 65 мың гектарды құрайтын Қызылтау қорығы бар. Паркте 12 бақылау бекеті жұмыс істейді.

Жуырда ғана қызметінен кеткен облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Қанат Шәбенов туристерді Жасыбай, Торай­ғыр және Сабынды көлдерінің жағалауына жеке-жеке бөліп, үш жерге орналастырған жөн. Демалыс орындары халықаралық талаптарға сай болуы тиіс. Су мен кәріз жүйелері инфрақұ­рылымдарын жасауымыз қажет. Олай болмаса, талаптарға сай емес демалыс орындарының бүгінгі көрінісі турис­тердің қызығушылығын төмендетеді, деген еді.

Расында да, егер демалыс аймағын Торайғыр мен Сабындыкөл жағалауына да орналастыратын болса, біріншіден, Жасыбай көлі жағалауының сұлу көрінісін сақтап қала аламыз. Торайғыр көлінің жағасына салынған үйлердің қазір қандай күйде тұрғаны айтпаса да түсінікті. Аудан әкімдігінің өзі де көл жағасындағы демалыс аймағындағы үйлердің кімдерге тиесілі екенін біле бермейтін де сияқты.

Мысалы, Торайғыр көліне жақын жерде сақтардан қалған қорған бар. Жергілікті ғалымдардың зерттеуінше, бұл жерде обсерватория болуы мүмкін.

Ал енді өзіміз көріп жүргеніміздей, Жасыбай демалыс аймағында көлді жағалай орын тепкен 20-ға жуық демалыс үйі бар. Олар «Ерекше қорға­латын табиғи аумақты» мақсатты пайда­лан­ғандары үшін мемлекетке тиісті мөлшерде салық төлейтін көрінеді. Бірақ демалушылардың айтуларынша, кейбір демалыс үйлері әлі де талапқа сай емес. Еуропалық стандартқа сай деп тек «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның «Кристалл» демалыс үйі, «Ақсу ферро­қорытпа зауыты» АҚ-тың, Екібас­тұздағы «Богатырь» кеніші сияқты алып кәсіпорындардың демалыс үйлерін айтуға болады. Бұлардан кейін «Сұлтан» деп аталатын демалыс орнының құрылысына инвестиция салынған-ды.

Жергілікті туризм мамандары осы саладан жинақтаған тәжірибелері бар шетелдік инвесторлар келсе, Жасыбай демалыс аймағы туризм орталығына айналар еді дейді. Бұған Ұлттық парк өкіл­дерінің айтуынша, еліміздің заңнама­ларына сәйкес, «Ерекше қорғалатын жерлерді» шетелдік азаматтар тұрақты пайдаланушы ретінде ала алмайды.

Облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы да Баянауылға туристерді тартудағы түйіні қиын мәселе­лердің шетін ғана айтып қояды. Бірақ осы қиын түйінді қалай шешу жолда­рын басқармаға келгенімен жыл сайын өзгеретін бірде-бір басшы ұсына алмады.

Біз ішкі туризмді дамытамыз деп жүргенде, солтүстік өңірлер үшін биылғы жаздың міне, соңы да келіп жетті. Бұған дейін, тіпті былтырлары осы өңірде жаз шыға туризмді, ең бас­тысы Баянауылдағы туризмді жаппай қолға алу мәселесі басты тақырыпқа айналған-ды. Облыстық әкімдіктің отырыстарында, кеңейтілген мәжілістерінде шенеуніктердің жаз бойғы бас ауыртар мәселелері көбейіп, туризм жайлы күн сайын ойланып еді.

Қазіргі таңда облыстық әкімдіктің назары Маралды көлі жағалауына ауып, демалыс аймағын жасап, тіпті, едел-жедел курорт салуға көшті. Баянауылдан бренд жасаймыз деп жүрген едік. Талас па, бәсеке ме?.. Әлде Маралды көлінің түбіндегі бағалы шаяндарға көзі түскен қалталы біреудің бизнесі ме, кім білсін?

Әйтеуір «Маралды көлін туристік аймаққа айналдыру» деген жоба қызу басталды. Өткен жылы ғана ашылғанына қарамастан, Маралды курорттық аймағына 70 мың адам келіпті деген мәлімет бар. Бұл көлге көпшілік ем алуға келетінін ескерсек, жаз мезгілі отандық және шетелдік туристерді тартудың қызған шағы болуы тиіс екен.

– Өңірде туризм саласындағы инвестиция көлемі екі есеге өсіп, 1,4 млрд теңгені құрады. Биыл өңірге келетін туристер саны 70 мыңға дейін артса, ал, 2020 жылға қарай 120 мың адамға дейін жетпек. Жуырда жұмыс сапарымен өңірге келген Мемлекет басшысы алдымызға үлкен міндет қойды, – дейді облыс әкімі Болат Бақауов.

Оның ойынша, енді екі-үш жылдан кейін Маралды демалыс аймағы адам танымастай өзгереді. Көлдің айналасын көріктендіруге 150 миллион теңгеден астам жеке инвестиция құйылыпты. Автожол салу үшін облыстық бюджеттен 460 мың теңге және электр желісіне 24 миллион теңге жұмсалған. Маралдыда шомылу маусымы екі айға созылады. Инфрақұрылым тартқаннан кейін шипажай құрылысын қолға алу үшін біраз кәсіпкерлер қызығушылық танытып отырған көрінеді.

Болат Бақауов сондай-ақ өңірдегі мынадай негізгі туристік орындарды атап берді: Олар Баянауыл аймағы, Маралды көлі, Лебяжідегі Тұзқала, Шалдай орманы және облыс орталығындағы этноауыл мен «ErtisPromenade» сахнасы. Жергілікті әкімдіктерге осы туристік орындарды дамытуға баса назар аударуды тапсырды. Бұған қоса Баянауылда ат спортын, Ертіс жағасында спорттық балық аулауды, өзен үстімен саяхаттауды жетілдіру, сакралды және тарихи орындарға баруды ұйымдастыру, жол бойы сервисі нысандарын ашуды, демалыс орындарында интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету жобалары да бар.

Бірақ аталған аймақтардың әрқайсы­сынан туристік демалыс орнын жасау жоспарына уақыт та, қызметкерлердің де, әкімдіктердің де мүмкіндіктері жетуі қиындау секілді. Тіпті, өзге тұрмақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс жұртшылығы да осы жерлерді аралап, өңіріміздің өткенімен танысуға енді ғана мүмкіндік алуда. Аудандарды аралап, тарихи жерлерді таныстыруға арналған саяхаттар ұйымдастырылуда. Бұл осы бағдарламаға лайық іске асырылатын дүниелер болуы керек.

Облыстық, аудандық әкімдіктер, кәсіпкерлік сауда және туризм басқармасы жабылып бір Баянауыл демалыс аймағын бәленбай жыл бойы туризм орталығы жасай алмай отырғанда, шынында да өңірдегі бірнеше аудандағы туризм аймағын қалай дамыту керек деп әбден бастары қатары анық. Өйткені онсыз да үнемі айтылып, жазыла беретін еліміздегі болсын, өңірдегі болсын туристік қызметтер сервисі сапасының сын көтермеуі, туристік және көліктік инфрақұрылымның талаптарға сай келмеуі сияқты мәселелер жеткілікті.

Еліміздегі туризм саласы әр жылдары Білім, денсаулық сақтау және спорт министрлігінің, Туризм және спорт агенттігінің, Өнеркәсіп және сауда министрлігінің, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің құрамында болса, қазір Инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаментіне қарайды. Өңірлік туризм басқармалары өз мүмкіншіліктеріне қарай қызмет етуде.

Біздің өңірдегі мұндай құрылым «Кәсіпкерлік, сауда және туризм бас­­­­­қармасы» деп аталады. Туризм өз бетінше басқарма болса бір сәрі, онда бүкіл облыстан туристік орталықтар ашуға мүм­кіндік туар. Қазір басқармадағы туризм бөлімінде қызмет ететін 3-4- қызметкердің өңірдегі 5-6 туризм орталығын дамытуға мүмкіндіктері жете қоймас.

Сондықтан, Баянауыл сияқты рес­­пуб­ликалық туристік әлеуетті орталық­тар қатарына енген курорттық демалыс аймағын дамыту үшін өңір­дегі туризм саласын Алматы, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары сияқты өз бетінше басқаруға берген дұрыс тәрізді.

Жалпы, қандай да бір демалыс аймағын нақты қолға аламыз десек алдымен аймақтың бас жоспарын жасау барысында негізінен жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өтуі керек.

 Бір ғана мысал, Маралды көлі жаға­­­лауын айтпағанның өзінде, Баян­ауыл­дағы демалыс аймағында салынатын ны­­сандар, «Ерекше қорғалатын аймақ­тың» инфрақұрылымын дамытуға арна­йы­­ Үкіметтік бағдарлама болуы қажет. Өй­т­­кені, біз жазып отырған ішкі туризм­ді да­мы­ту жоспары жыл бойына жұ­мыс­ істей алатын туристік желілерден құралады.

Мамандар туризмнің мамандан­дырылған түрлерін дамыту жоспарын əзірлеу, сырттан келушілер жəне ішкі туризмді дамыту үшін инвестициялауды жүзеге асыру жоспарларының қажеттігін айтуда. Бұл туризм инфрақұрылымын дамыту жəне инвестициялық ахуалды жақсарту мəселелерін шешу электр же­лісін жүргізу, сумен жабдықтау жəне су бұру жүйесінің құрылысын салу, теле­фон сымын тарту жəне спутниктік бай­ла­ныспен қамтамасыз ету, көлік жол­дарын салу жəне қайта салу болып та­­былады. Бірақ өкінішке қарай, жоға­ры­дағы жұмыстарды «Баянауыл Ұлттық пар­кі­нің» немесе республикалық бюджет­тен қаншама қыруар қаражат бөлінсе де ауданның жүзеге асыра ­алмасы анық. Сондықтан, бізге өз өңірімізден қазір Баян­ауылға бәсекелес болар басқа турис­тік аймақтар жасамақ болып, ­жан-жақ­қа жүгіргеніміз дұрыс бола қоймас та.

Бұл жайында «Маралды курорт салуға дайын ба?» деген мақаламызда толық жазғанбыз. Профессор, педа­го­гикалық институт оқытушысы Қайырбай Базарбековтің айтуынша, Маралды көлін сақтау керек. Маралды көлі, жағалауы, жалпы маңайы палентологиялық, археологиялық ескерткіштерге бай. Оны қалайда сақтап қалуымыз қажет. Ал біздің өңірде туристерді тартудағы табиғи әлеуетіміз Баянауылдың ата­ғымен, сұлу келбетімен танымал. Өңірдегі Мойылды кеңес өкіметі кезінен мамандандырылған ем-домға арнайы рұқсат берілген санаторий болса, Баянауыл да сондай брэндтік демалыс аймағы саналады.

 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар