Әдебиет • 20 Тамыз, 2018

«Қазақ әдебиеті», 1961 жыл»

1061 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өтіп бара жатып байқадым, ескі-құсқыны сатып отырғандардың арасында жасы жетпістен асқан шашы да, сақал-мұрты да аппақ қарияның алдында бір бума газет тігіндісі жайылып жатыр. Басқа ешнәрсе жоқ. Өзі өзгелерден оқшауырақ отыр. Айналып келіп, жайылып жатқан газет тігіндісіне үңілдім. 

«Қазақ әдебиеті», 1961 жыл»

«Қазақ әдебиеті», 1961 жыл. Барлығы – мың теңге, біреуі – 50 теңге» деп жазып қойыпты. Қарияның жүзіне көз тастадым. Ешнәрсемен ісі жоқ сияқты кейіпте. Айналасында болып жатқан әрекет­тер де оған қызық емес. Ұсынып отырғанын сатуға да құл­қы аңғарылмайды. Қиялға беріліп, ой тұңғиығына сүңгі­ген. Жүзіне тесіле тағы қарадым. Сақал-мұрты күзел­ген. Үсті-басы тап-таза, мұнтаздай. Көйлегінің жаға­сын да кір шалмаған. Газет тігіндісіне қарадым. Газеттің шет-шеті сарғыш тартқанымен, жыртылмаған, тіпті бүктелмеген.

– Немене мұндай газет көрмеп пе едің? – деген оның даусынан селк ете қалдым. Онымды білдірмеуге тырысып, бойымды тез жинап алып;

– Неге білмейміз, білеміз. «Қазақ әдебиеті» қазір де шығады, оқып тұрамын, – дедім. Ол маған таңдана, сынай қарады.

– Шынымен «Қазақ әдебиетін» оқисың ба?.. Ол газетті оқитындар қазір, тіпті аз ғой. Ұмытпасам биылғы таралымы он мыңның айналасында ғана. Ол кезде оның таралымы қазіргіден он есе көп болатын. Соған қарағанда, оқитындардың көп болғаны ғой. Өтті ғой дәурен... Тастай салуға қимадым. Газеттің тігіндісін үзбей жиырма бес жыл жинап едім. Балаларым да, немерелерім де оқымайды. Сақтағаннан пайда жоқ. Оның үстіне енді қаріпіміз латынға көшкенде бұл газетіңді оқитын менің ұрпағым болмайды. Ал бұл газеттің бір жылғы тігіндісін толық оқып шыққан адам халық университетін бітіргенмен бірдей. Өкінішке қарай, халық университінің тағылымдары енді ғана қайта қолға алынды емес пе?! Халықтық қалпымызды сақтап қала алмасақ, Абай айтқандай «дүниенің бәрі бос». Мұнда толғауы тоқсан тіршіліктің бәрі бар. Бірақ ол заманның ой-өрісі өзгеше ғой, бүгінгі ұрпақ оларды түсінбейді. Осылайша ұлттық кодымыздан бірте-бірте айырыла береміз. Ұлттық өзекке толық қайта келіп байлану өте қиын. Азбыз. Оны ел басшылары енді түсінгендей, бірақ халық өз бетімен кетіп қалды. «Тұрмыс... тұрмыс» деп жүріп, рухани реңімізден айырылып қала жаздадық. Бізді еуропалық тәлім-тәрбие, ой-сана жұтып жатыр емес пе?! Енді етек-жеңімізді жинамасақ, ұлттық өзектен, әлгі сендер айтып жүрген кодтан мәңгі айырыламыз.

Сөз таластырмадым. Кетіп қалдым. Үш-төрт күннен кейін сол жерден тағы өттім. Газет тігіндісін сатып отырған кісіні алыстан байқадым. Жанынан өтіп бара жатып алдында жатқан газет тігіндісіне тағы көз тастадым. Сол. Ешкім алмапты. Ол менің назар аударғанымды байқап, ой тізгінін тартып, маған қарады.

– Аласың ба?

– Ешкім алмады ма?

– Соқырсың ба? Ешкімнің алмағанынан емес пе, жатқаны... Сен алсайшы...

– Өзің айтқандай ол заманның ойын да, санасын да түсіне алмаймын, Несіне аламын.

Ол үн қатпады. Алыстағы бір нүктеге көзін қадады да, қатып қалды. Не айтарымды біле алмай біраз тұрдым да газеттің бірін қолыма алдым. Ол көзін қадалған нүктесінен алмай сөйлей жөнелді.

– Сен 1961 жылы не болғанын білесің бе? – Осылай деген ол менің жауабымды күтпестен алдымды орап, жыл­дамдата сөйледі. – Сол жылы Сталиннің 1947 жылы ай­на­лымға шығарған ақшасын Хрущев деген мансапқор ауыс­тырды. Дәл осы жылы космосқа Гагарин ұшты. Со­дан бері дүние астан-кестен бола бастады. Космосты қо­йып, «Айға, Марсқа ұшамыз» деген жарыс, тартыс бас­т­алды да кетті. Ол аз халықтарды жұтып, жалмап қой­­ды. Неге дейсің ғой? Айтайын. Жарысу, қуып жету, «Мі­не, мен осындаймын!» деп мақтану үшін көп қаржы керек. Мұн­дайда халықтық мүдде екінші қатарға кетеді. Бұл кезде халықтық қалып үшін жұмсалатын қаржы Баль­зак­­тың былғарысындай жиырыла береді, жиырыла береді. Сенбейсің бе, жан-жағыңа бағдарлай, зерделей қара, көресің...

Ол сөзін кілт тоқтатты. Маған тесіле, зілдене ұзақ қарады.

– Сіз коммуниссіз бе? – дедім жәй ғана үнсіздікті бұзып.

– Жоқ. Адаммын, – деді ол қатулана.

– Коммунист те адам ғой...

− Жақсылықтың бәрін коммуниске телу – ескіліктің сарқыншағы. Бар жақсылық адамның бойында. Алдымен соны ұқ! Оны ұғу үшін рухыңды түзе! Ал оның негізі ұлттық тарихта екенін ұмытпа! Сол заманның ұлттық тарихы осы «Қазақ әдебиетінде».

– Ол заманның ұлттық тарихы бодандық ноқтада емес пе еді?

Оның көзі алайып кетті.

– Сенбейсің бе, мә оқы! Саған тегін берем, – деген ол газет ті­гіндісін маған зорлап ұстатты да, орнынан тұрып, үсті-басын қағып, жүре берді. Мен аңтарылып не дерімді біл­­мей орнымда қаққан қазықтай, тігіндіні құшақтап тұ­рып қалдым. Ол артына бұрылып та қарамады. Кете берді...

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,

жазушы

ТАРАЗ