Аймақтар • 20 Тамыз, 2018

Жайылма елді мекені диқандарының өсіріп жатқан қарбызының даңқы өрлеп тұр

613 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта Жаңақорған ауданындағы Жайылма елді мекені диқандарының өсіріп жатқан қарбызының даңқы өрлеп тұр. Әлеуметтік желіде сұрыпы бөлек, әрқайсысы 12-13 кило тартатын Жайылма қарбызынан диқан қауымның күреп пайда тауып жатқандығы айтылып жүр.

Жайылма елді мекені диқандарының өсіріп жатқан қарбызының даңқы өрлеп тұр

Әрине, ерте көктемнен ала жазға дейін қолынан ай маң­дай кетпені түспей, алқаптың ішінде дақылды жағадан ал­ған арамшөптермен күресіп жү­ре­тін, мерзімінде суарылуын қа­дағалайтын диқан маң­­дай терінің ақталғандығы өте жақсы. Бұл базбіреулер ойла­ғандай бір маусым бел ауыртып пішен ақ­шаны қалтаға басатындай оңай тір­лік емес. Оны шаруалар жақсы біледі. Бүгінде олар 500 гектар жерге егілген дақылдан кемінде 10 мың тонна өнім жинап алуды мақсат етіп отыр.

Әр өңірде сол аймақтың атын шығаратын брендтері бола­ды. Мәселен, Қарағанды облы­сындағы Жаңаарқа ауданы­ның қы­мы­зы ерек. Күбі­ні тобылғымен ыстап, піс­кен сайын қуаты артып, бетін­де мейіздей-мейіздей болып қара қошқыл майы жүзіп жүретін Жаңаарқа қымызын сол ауылдағылар күнде ішіп жүрген соң байқамайтын шығар, ал сырт­тан келіп, алғаш рет дәмін тат­қан адам ауызының суы құрып аңыздай айтып жүреді. Негізінен жусанды, селеулі даланың шөбі асыл болса керек. Сол сияқты Жа­йылма қарбызының дәмі де өз­гелерден тіл үйірер қасиетімен ерек­шеленеді. Диқандардың қай дақылға болса да тыңайтқышты көп беретіндігі белгілі. Сондық­тан да өнімдер табиғи қасиетін сақтай бермейді. Ал Жайылмада тыңайтқыштың орнына органи­калық қорек беріледі. Бақша егістігі Қаратау іргесіндегі Жиде­лі су қоймасынан суарылады.

Әрине, ауыл шаруашылығы мемлекеттік жәрдемсіз күткен үдеге жеткізе бермейтіндігі бел­гілі. Диқандар «Ауыл шаруашы­лығын қолдау қоры» арқылы «Егінжай» бағдарламасымен жеңіл­детілген несие алған. Тех­ни­калар жаңарып жатыр.

Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев мемлекеттік қол­даудың арқасында Жайылма қарбызын экспортқа шығуына мүмкіндік туып отырғанын айтады. Сапасы жоғары, бағасы қалтаға қонымды тауарды көрші мемлекеттерден де аттай қалап отырған саудагерлер жеткілікті көрінеді. Ресейдің Челябинск қаласынан келісімшарт арқылы тасымалдауға ниет білдіріп отыр­ған кәсіпкерлер бар. Елі­міздің солтүстік облыстарынан да «біз құр қалып кетпейік» деген базына айтылып жатқанға ұқсайды.

Аудан әкімі Қызылорда шаһа­рынан тек Жайылма қарбызы сатылатын нүктелер ашуға мүд­де­лілік танытып отыр. Осы­лай­ша Жайылма қарбызы Қызыл­ор­даның мақтанышына айналды. Жартысы бал, жартысы шекер Сыр қауынына құрмет ертеден бар. Жаз қызығының базары осылай қайнап жатыр.

 

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы