Қазақстан • 20 Тамыз, 2018

Қызылордада суға батқан жігітті құтқарды

503 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тілсіз жаудың бірі – су. Жаз­ айларында салқындаймын деп суға түсіп, оның қаупін еле­­меу­дің салдары талайларды­ өкі­нішке қалдырып жүргені бел­гілі. 

Қызылордада суға батқан жігітті құтқарды

Осындай оқыс оқиғаның бі­рі жуырда Шиелі ауданында да қайталана жаздады. Бәй­­ге­құм көліне Қызылорда қала­сы­нан келген бір топ демалушылардың арасындағы К. есімді 22 жасар жі­гіт көл ортасында қайықтан секі­ріп түсіп, жағаға дейін жү­зіп бармақшы болады. Жас адам­ көл суының ақпайтын, ауыр­ болатындығын ескермеген секіл­ді.

Бастапқыда малтығаны­мен сәлден соң-ақ құлашы жазылмай суға бата бастайды. Оны жа­ғаға шығарғанша, жігіттің аяқ-­қолының тамырлары тартылып, жүрек соғысы да бәсеңсіген. Абы­рой болғанда осы маңда серуендеп жүрген ерлі-зайыпты дәрігерлер Қошқарбаевтар оқиға орнынан табылып, алғашқы жедел көмекті өте сауатты ат­қа­рып­ шығады. Қызылорда облыс­тық ор­талық ауруханасында хи­рург қызметін атқаратын Нұр­бол мен облыстық балалар ауру­ханасының узисті Айжан осылайша адам денсаулығына төнген қауіп­тің бұлтын сейілтті. Іле-шала төтенше жағдай органы құт­­қарушыларының көмегімен Шие­лі аудандық ауруханасына жет­кізілді.

Шиелі ауданы ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі Бақыт Исмагулованың айтуынша, жігіт ауруханаға түс мезгілінде, өте ауыр жағдайда келіп түскен. Жалғас Абдухожаев пен Ерлан Сартбаев есімді дәрігерлер ауыр жағдайда жатқан жігітті реанимация бөліміне қабылдап алып, шұғыл әрекет жасаған. Жі­гіт­тің тыныс алу жолдарына за­қым келіп, өздігінен дем ала ал­ма­ғандықтан ИВЛ аппараты қо­сылған. Ертесіне ғана арнайы ап­парат алынып, жігіт өзі демалатын жағдайға жетті. Есін де жи­нады. Реанимация бөлімінде 4 күн бойы  жатып, бесінші күні терапия бөліміне ауыстырылды.

Жігіттің жағдайы жақса­­руы үшін Шиелі ауданы ауруха­на­сының қызметкерлері барынша тер төкті. Науқас өте көп мөл­шер­­­де су жұтып қойғандықтан ем-шара қабылдау барысында Ақ­­тілек Даниярова физикалық кабинетте арнайы  жаттығулар жасатып,  тыныс алу жолдарын ретке келтірді. Ем-шараның бар­­­­лы­ғы нәтижелі аяқталып, 15 шіл­­­де күні ол ауруханадан шы­ғарыл­ды.

Баланың ата-анасы құтқарған адамдарға және Шиелі аудандық ауру­ханасының дәрігерлеріне үл­кен ризашылығын білдіріп отыр. Қашанда «адам-адамға дос, бауыр» деген қағиданың сал­танат құруы  бір-бірімізге деген мейі­рімімізді оята түседі. «Сақ­тансаң – сақтаймын» демекші, жаман­дық айтып келмейді. Сол себепті барынша абай болып, қандай жағдай болмасын сақ­тық шараларына қамданып жүр­геніміз абзал.

 

Нұрмахан НАЗЫМХАНҰЛЫ

Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы