Қазақстан • 21 Тамыз, 2018

Жанар-жағармай жыры: шаруалар неге наразы?

1085 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Күзгі орақ науқаны басталған шақта егінін шашау шығармай орып алуды армандайтын диқандардың көңіліндегі күмән-күдік тарқайтын емес. Оған себеп, соңғы екі жылдан бері елдегі дизель бағасының шарықтап, 170 процентке қымбаттағаны. Мұнай өңдеу зауытындағы дизельдік отынның литрі 150 теңге тұрады. Осы бағаға литріне 5 теңгеден шығатын тасымалдау құны, 4 теңге шамасындағы мұнай базаларында сақтау шығыны және әр литріне 2 теңге көлемінде маржа қосылады. Осылайша, орташа баға 161 теңгеге жеткен. Бұл шаруаларға арзандатылып берілетін жанармайдың өзі 2016 жылмен салыстырғанда 70 процентке қымбаттағанын көрсетеді. Бүгінде жанармай құю стансаларында бір литр дизель отынының құны 185-187 теңгені құрап, баға мемлекеттік бақылаудан шығарылғаннан кейін 26 теңгеге өсті.

Жанар-жағармай жыры: шаруалар неге наразы?

Министрліктердің уәжі қандай?

Таяуда Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев әлеуметтік желі арқылы сауалдарға жауап беріп, жанар-жағармай бағасын тізгіндеуге қатысты аталған министрліктің атқарған шараларын баяндады, бағаның құбылуына қатысты пікір білдірді. Бірінші вице-министрдің айтуынша, биыл көктемгі егіс жұмыстарын тұрақты жүргізу үшін  Энер­ге­тика министрлігі Ауыл шаруа­шылығы министрлігімен бірлесіп «Көктемгі егіс жұмыстарына дизельдік отынды жеткізу бо­йынша мұнай өңдеу зауыттарына облыстарды бекітіп беру кестесін» әзірлеп, бекіткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын облыс әкімдіктерімен бірлесіп ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге (АШТӨ) қажетті жанар-жағармай кө­ле­мін анықтап, Энергетика ми­нис­­тр­лігіне егіс және егісті жи­нау жұмыстарын жүргізуге арнал­ған АШТӨ үшін дизельдік отын­ды жеткізу көлемі туралы ұсы­ныс­тарды енгізеді. Бірақ жос­парлы жұмыстың нәтижесі фер­мер­лердің көңілінен шық­пай тұр. Себебі, баға әлі де болса қым­бат. А.Евниев күзгі жиын-терін нау­қанына дайындық шара­­ларын ертерек бастап, екі ми­нис­трлік өкілдерінің, фермер­лердің және де тасымалдаушы опе­­раторлардың басын қосып жиын өткізгенін, онда әр тарап ба­ға­ға қатысты ойларын ортаға сал­ғанын, әр айдағы дизель құ­нын бекітіп отыратындарын айтты. 

− Соңғы екі жылда мемлекет тарапынан көгілдір отын құ­нын реттеп отыру жүйесі тоқта­тылды. Науқан кезінде баға­ның аспандап кетпеуі үшін Ауыл шаруашылығы, Энерге­тика министрліктері мен опера­тор компания­лар және фермерлер одағы бірігіп, әр айдағы ба­ға­ны бекітіп отыру жүйесіне кө­штік. Фермерлер үшін шіл­де айындағы барлық тарап бойын­ша бекітілген дизель отыны­ның бағасы – 163 теңге.  Шіл­де айына жоспарланған жұмыс­тың 92 проценті орындалып, жанар-жағармай фермерлерге жеткізілді. Бағасы төленді. Енді тамыз айына жасалатын келісім бойынша баға 1 теңгеге өсіп, литріне – 164 теңге болып отыр. Отын көлемі жеткілікті. Ал жоға­рыдағы келісім бойынша қыр­күйек айында баға өспейді, ке­рі­сінше төмендеуге тиіс. Нақ­ты қаншаға төмендейтінін айта алмаймын. Сонымен қатар, қазан айындағы баға қыркүйек айындағы бағадан төмен болуы керек, бұл да ортақ келісімде қарас­тырылған. Келісім 1 шіл­де­де бекітілген болатын. Бүгінгі жанар-жағармай бекеттеріндегі литріне 180-200 теңге деген бағаның фермерлерге қатысы жоқ, – деді Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Дизель құнының өсуіне ықпал етіп отырған факторды А.Евниев әр облыс әкімдіктерінің әртүрлі тасымалдаушы операторлармен жұмыс істейтіндігімен байланыс­тырып отыр.

− Жанар-жағармайды отандық фермерлерге тасымалдайтын жалғыз оператор болуы мүмкін еді. Мысалы, «ҚазМұнайГаз». Та­сы­малдаушы дәнекерлер арасын­дағы әрбір тиын үшін қаншама дау­ластық. Шаруаларға дизель отынын жеткізетін бензовоздар жақын орналасқан шаруа орта­лықтарына қосымша 10 теңгеден, шалғай орналасса – 15 теңгеден алады. Бұл сомаға жеткізу құны мен операторлардың қызметі кіреді. Алайда жанар-жағармай тасымалдайтын операторды әр облыс өзі таңдайды. Ал қай өңір қандай оператор таңдайтыны, оның келісілген бағасы қандай болатыны ашық емес. Осыдан барлық облыстағы фермерлер зардап шегуі ықтимал. Бұл мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан шаруа қо­жа­лықтарына «ҚазМұнайГаз» кәсіп­орнын оператор ретінде бекі­ту қажеттігі туралы ұсыныс айт­қан болатынбыз,– дейді А.Евниев. 

Бүгінде «ҚазМұнайГаз Өнім­дері» ЖШС Солтүстік Қазақ­стан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қос­танай облыстарына жанар-жағар­майды жеткізуші оператор ретінде бекітілген.  Мекеменің бас директоры Қуандық Құлмұрзин жанар-жағармайдың ауылшаруашылық тауарын өндірушілеріне жеткізілу кестесімен таныстырып:  

– Мұнай өңдеу зауытында ЖЖМ 1 литрі 148-149 теңгені құраса, оны мұнай сақтау базасына жеткізу құны ғана есепке алынады. Біздің бағамыз Ақмола облысы бойынша – 166-167 теңге, Қостанай облысында – 165-166 теңге, Шығыс Қазақстанда – 169-170 теңге, Солтүстік Қазақстан үшін – 168-169 теңге. Біз, операторлар бағаның құбылмауын жіті қадағалаймыз. Десек те, бізден басқа да операторлар бар, олар бағаны қалай қоятынына өздері жауапты, – деп түсіндірді. 

Ал мұнай бизнесіне қаты­су­шы ірі компаниялардың бірі, мұ­най өнімдерін оператор­ларға жеткізумен айналысатын «Petro­leumOperating» ЖШС бас дирек­торы Асхат Қалиақ­паров­тың айтуынша, баға нарық ойын­шы­ларының диалогы арқылы қалыптасады. Екі министрліктің бекіт­кен кестесі бойынша мұнай өнімдері МӨЗ-ден 150 теңгеден шығады. Ал дизельдік отын құны  кейбір жанармай стансаларында 182-187 теңгеге жеткен. 

Бекітілген кестеге қарамастан, әр тасымалдаушы, қызмет көрсе­ту­ші мекеме бағаны өзінше құбыл­тып отырғанын көруге болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселені шешу үшін ұсыныс әзір­леп отыр екен. А.Евниев цифр­ландыру аясында сатып алу жүйе­сін, келісімшарт жасасуды он­лайн түрде жүзеге асыру арқы­лы ақпарат ашықтығын қамта­ма­сыз етуді жоспарлап отырғанын айтты.

− Кез келген фермер үшін электронды түрде өтініш беру арқылы оператордың қызмет құнын таң­дау мүмкіндігі қарастырылған. Өз кезегінде операторлар да бәсе­кеге қабілеттілікті арттыру үшін сапаға жұмыс істейтін болады. Мұндай жоба кейбір өңірлерде іске асып үлгерген, qoldau.kz порталы арқылы арзан дизель отынын алу үшін 105 фермер электронды өтініш берді, – дейді бірінші вице-министр.

«Ақпараттық есептеу ор­та­лығы» АҚ павлодарлық бөлім­шесінің басшысы Жанар Сла­мованың айтуынша, шілде айынан бастап жеңілдікпен берілетін дизель отынын бөлу бойынша облыста қанатқақты жоба жүзеге асырыла бастаған. Тауар өндірушілер порталда алқап­тарды белгілеп, жер учаске­лері бойынша 2016-2018 жылдар аралығындағы үш жылдық бұй­рықтар мен биылғы жоспар­ды енгізеді. Жүйе автоматты түрде қашықтықтан жерді тексе­реді де, ауыл шаруашылығы басқар­масы сол жерде автоматты түрде бөлінетін дизель отыны­ның көлемін есептейді. Егістік алқаптарының картасы көрсетіл­геннен кейін бір күннің ішінде өтініштерді қабылдап, фермерге квота бекітеді. Осылайша  фермер оператормен портал арқылы электронды келісімшарт жасайды. Мұндай жаңашылдық  арзандатылған дизель отынын әділ бөлу үшін жасалып отыр. 

Шаруалар неге наразы?

Биылғы күзгі науқан кезіндегі бағаның күрт қымбаттауы салдарынан егін алқаптарының 20 проценті орылмай қалуы мүмкін деген ақпаратты естігеннен кейін «Қазақстан фермерлер ода­ғы» республикалық қоғамдық бір­лестігі Ақмола облысы филиа­лының төрағасы Қанат Таңат­ұлына хабарласып, мән-жайды өзінен сұрап білдік.

− Шаруалар егін егуге дайындала бастаған кезде Энергетика ми­нистрлігі түрлі сылтаумен баға­ның қымбаттағанын жариялайды. Дәл осы уақытта мұнай өндейтін зауыттардың бірі жөндеуге жабылады. Бұл мәселені шешуге Ауыл шаруашылығы министрлігінің әзірге шамасы келмей отыр. Бүгінде арзандатылған жанар-жағармайдың тоннасы – 206 мың теңге. Осының салдарынан егін алқаптары орылмай  қалуы мүмкін. Егін егіп, нәсібін көрем деген шаруа ертең шығынға батайын деп тұр, – деп күйінішін білдірді Қанат Таңатұлы.

Оның айтуынша, Фермерлер одағы акциз арқылы салық саясатын өзгерту және де субсидия беру мәселесін көтеріп, Үкіметтің 500-ші қаулысына өзгертулер енгізуді көздеп отыр. 

– Біздің ойымызша жанар-жағармай бағасының бидайға қатысы 1/3 болу керек, 1 тонна жанар-жағармай 3 тонна астықтың бағасынан аспауы шарт. Бүгінде бір тонна дизель құны бір тонна бидай құнынан  4-5 есе қымбат болып отыр, – деді фермер. Қ.Таңатұлының айтуынша, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев жоғарыда айтқан бағаны  тұрақтандыруға қатысты келісімнен Фермерлер одағы хабарсыз. Ешқандай хаттамаларға қол да койылмаған. 

− Біз басында бұл сұрақты А.Ев­ниевтің қатысуымен Энер­гетика министірлігінде, «Атамекен» ҰКП-да талқылауға  салғанбыз. Өкі­нішке қа­рай Энергетика минис­трлігінің өкілдері шаруа­лардың пікіріне құлақ салмады, ал Ауыл  шаруашылық ми­нис­трлігі мен «Атамекен» ҰКП  өз­дерінің дәрменсіздігін көрсетті. Сондықтан БАҚ өкілдеріндегі шу қолдан жасалған жоқ, оған ауылдардан, фермерлерден келіп жатқан хаттар дәлел. Қажет болса, біз келісімшарттарды да көрсете аламыз, – деді «Қазақстан Фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақмола облысы филиалының төрағасы.

Оның айтуынша, шаруа­шы­лықтағы мәселе мұ­нымен біт­пек емес. Еліміздегі ұсақ және ор­та шаруашылықтардағы сан түйіннің күрмеуі күрделеніп барады.

− Статистикаға жүгінсек, ел­дегі техни­каның 80%-і ескірген. Оны  жаңартуға бөлінген қаражат мәселенің 1,5%-ін ғана шешуге жетеді. Отандық техника біз­де жоқ деп айтуға болады. Ал ше­тел­дік техниканың бағасы өте қым­бат. Қымбат болса да, шаруа­шы­лықтар қарызға белшеден батып,  сол техникаларды сатып алуға мәжбүр, – деді Қ.Таңатұлы. 

Баға жақын арада төмендемейді

Таяуда Энергетика вице-ми­нистрі Болат Ақшолақов дизель отыны бағасының күрт өсуіне қатысты мәлімдеме жасап, мә­се­ленің мән-жайын түсіндіруге тырысқан-ды. Оның сөзіне сенсек, соңғы уақытта дизель отынын тұтыну көлемі артып, оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы және темір жол салаларын қамтамасыз етуге жұмсалып отыр. Екіншіден, Қазақстан арқылы өтетін тран­зит­тік жүк тасымалының артуы және ішкі нарық пен көрші елдер­дің шекаралас аймақтардағы баға­ның диспаритетіне байланыс­ты отынның шекара асып кетуі де негізгі себептердің бірі. Соны­мен қатар, үшінші мұнай өңдеу зауыты модернизациялаудан өт­кізілген. Шымкенттегі МӨЗ мо­дернизациялаудың екінші ке­зеңінде тұр. Олар енді қыркүйек­тен бастап жұмыс істемек. 

Энергетика вице-министрінің айтуынша,  көктемде 375 мың тонна дизель отыны шығарылса, күзгі мезгілде 394 400 тонна дизель отынын өндіру жоспарланып отыр. Қазақстанның әр бөлігінде жиын-терін маусымы әртүрлі болады. Мысалы оңтүстікте астық жинау аяқталған кезде солтүстікте енді басталады. Жоспарланған көлем облыстарға теңдей бөлінген. 

Ал бағаның өсу мәселесін мұнай өндіруші, жеткізуші компаниялар қалай түсіндіреді? Осы ретте «Kazenergy» қауым­дас­тығының мұнай-газ және энер­гетикалық даму жөніндегі атқа­рушы директоры Рүстем Қаб­жанов: «Баға өсімі тек бір мекемеге байланысты емес. Негізгі мә­се­ле шикізатқа, мұнайға тіреледі. Бірнеше жыл бұрын дағдарыс кезінде мұнайдың 1 баррелі 30 долларға дейін түсіп кеткен болатын. Ол кезде мұнай өндіруші компаниялар бағаны өздері реттеген. Дәл қазір баррель құны өссе де зауыттарға шикізаттың тиісті көлемі барады. Мемлекет тарапынан заңды тұрғыда дизель отынының бағасы реттелмейді, бағаны нарық билеп отыр. Мем­лекет дизельдік отынды субсидияламайды», деді ол.

Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов жасаған мәлім­де­меге сүйенсек, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) аясында 2025 жылы бірыңғай жанар-жағармай нарығын құру туралы ортақ келісім жасалмақ. Ол ұйымға мүше елдердегі көгілдір отынның бағасы қандай болса, Қазақстан да соған сай бағаны өзгертуге мүдделі екенін жеткізді. Ескеретін бір мәселе, көрші Ресейдегі жанар-жағармай құны біздегіден екі есе жоғары. Ресей статистика комитеті бекіткен 2018 жылдың маусым айындағы АИ-92 маркалы бензиннің құны 73,43 теңгеден жоғары болса, АИ-95-тің құны Қазақстандағы бағадан 69,87 теңгеге қымбат. АИ-98-дің құны да шарықтап тұр, екі ел арасындағы баға айырмашылығы 80 теңгені құрайды. Ал отандық шаруаларды шырылдатқан дизель бағасындағы айырмашылық – 63,37 теңге. Энергетика нарығының маманы Сергей Смирновтың айтуынша, ЕЭО аясында бірыңғай жанар-жағармай нарығын құру туралы келісімді жүзеге асыру үшін баға 2025 жылға дейін қымбаттай береді. Қазақстандық отынның құны көрші Ресейдегі бағамен сәйкес келмейінше, баға тұрақтанбайды деген пікір білдірген болатын маман. Өйткені қоғамда Ресейдегі баға Қазақстандағымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деген түсінік қалыптасып келеді. Бірақ көрші елде жанармайдың өзіндік құнының 7-10 проценті шикізаттың құнынан,  50 проценттен астамы салықтан құралса, бізде бензин құнының 60 проценті шикі мұнайға, 10 проценті салыққа тиесілі. Сергей Смирновтың айтуынша, ішкі нарықты отандық жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін МӨЗ-дерді жаңғыртып, оның қуатын толық пайдалану үшін жылына 17,5 миллион тонна шикі мұнай өңдеу керек деп жоспарланған. Алайда Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз сынды кен орындарын игерушілер мұнайды сыртқа тасымалдауға мүдделі. Яғни жаңғыртылған МӨЗ-дер толық қарқынмен жұмыс істеуге қажет шикізатпен қамтамасыз етілмей қала ма деген қауіп туындайды. 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше