Аталмыш шараға ағартушының өмір-тарихы және атқарған іс-әрекеттеріне қатысты деректі құжаттар мен заттық бұйымдар әкелініпті. Осылардың бірі Ыбырай Алтынсарин атамыздың 1884 жылы Қазан қаласында жарық көрген атақты «Шариғатул – ислам» кітабының тұпнұсқасы.
Бұл жәдігерді музейге 2000 жылы ойда жоқта қостанайлық діндар, қаладағы Марал ишан мешітінің молдасы Ертай Балахметов ақсақал әкеліп тапсырған екен. Ерекеңнің айтуынша, бұл дүние әулеттің құнды мұрасы ретінде ұзақ жыл сандықта сақталып келген.
Кеңес заманында Ыбырай атамыздың аты қаншама ұлықталса да бұл туындыны жарыққа шығаруға мұра иелері қорыққан. Өйткені ол тұста дін-исламға қатысты жаулық көзқарас күшті болғандықтан құнды кітаптан айырылып қалармыз деп қорыққан. Бұл туындыны қазақ тілінде шариғат ілімі жайлы жазылған алғашқы оқулық десе болады. Оған дейін қазақ даласында оқытылып келген ислам ілімінің қайнары татар, парсы, араб тіліндегі оқулықтар еді.
Аталмыш кітаптың алғы сөзінде Ыбырай атамыз бұл еңбекті жазуға, біріншіден, қазақ жастарының діни ұғым-түсінігі басқа арнаға ауып кетпеуі, екіншіден, қазақтың жазба тілі болашақта татарланып кету қаупі туып тұрғандықтан қолына қалам алдым деп, ашық айтады.
Кітап төрт бабтан (бөлім) тұрады. Әуелгісінде иман туралы болса, екінші бабта, намаз, ораза, зекет, қажылық жайлы толық түсініктемелер беріліп, оған қоса шариғаттағы фиһх іліміне қатысты харам, макруһ жайлы сөз болады. Келесі бабтар адамға баласына қажет ақлық-әдептер, намаз дұғаларының қазақша мағынасы, сонымен қатар ұлық мейрам Құрбан айттың пайда болу тарихы мен құрбандық шалу құлшылығын қалай орындау жайлы мағлұматтар топтастырылған.
Бұл еңбек 1991 жылы Алтынсариннің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында қазіргі қазақ тіліне сай тәржімаланып, қолданыстағы кириллица әрпіне көшіріліп «Мұсылманшылық тұтқасы» деген атпен 100 мың данамен жарық көрді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»