Қазақстан • 21 Тамыз, 2018

72 сағатта 35 метр бөкебай тоқыған

1016 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Талдықорған қаласында «Jetisy Style» атты жастар фестивалі өткен болатын. Аты да, заты да өзгешелеу шараның мақсаты аймақтағы дарынды жастардың басын қосып, жұрт алдына шығуға мүмкіндік жасау еді.  

72 сағатта 35 метр бөкебай тоқыған

Ел ішіндегі еленбей жүрген өнер иесі мен қолы епті ісмерлердің және көшбасшы жастардың танылуына жол ашқан осы фестивальде ән шырқалып, күй тартылды. Отты жыр оқылып, фотосурет байқауы да өтті. Үздіктер анықталып, топжарғандар облыс әкімінің қолынан мақтау қағаз бен бағалы сыйлықтар алды. Осы күні «Jetisy Style» жастар фести­валіне жиналғандар ғана емес, жал­пақ жетісулықтардың таңдайын қақтыр­ған қолөнер иесінің атына қанық болдық. 

Нұрлан Жартыбеков есімді жас жігіт нағыз тоқымашы екен. Ол – ілмектеп тоқудан әлем рекордын жаңарт­қан жерлесіміз. Қапшағай қала­сындағы «Балдәурен» респуб­ликалық оқу-сауықтыру орталығында тоқыма пәнінен дәріс беретін Нұр­лан ілмектеп тоқу өнері бойынша дүние жүзінің шеберлерін шаң қап­тырыпты. Мысалға, қолыңыздағы тоқымаңызды көзіңізді жұмып отырып жасай аласыз ба? Мүмкін емес пе? Ал Нұрлан арнайы мамандардың алдында көзін тарс байлап алып рекорд жасаған. Ептілік пен сәттіліктің жарысында ол 1 минутта 56 рет ілмек тоқып, хас шеберлердің қасын кергізіпті. Әрі бұл жас тоқымашы­ның жалғыз жетістігі емес. Жақында ғана Нұрлан жаңа рекорд жасады. Бұл жолғысы тіптен ғажап. Ілмектеп тоқудың шебері 72 сағат бойына тоқтамастан жұмыс істеп, иірілген жүннен шарф тоқып шықты. Тоқыған мойынорамасының ұзындығы 35 метрге жетті. Бұл – әлемдегі әйгілі тоқыма шеберлерінің өзі мұн­ша­лықты аз уақыт ішінде қол жеткіз­беген жетістік екен. 

Демек, 72 сағатта 35 метр түбіт бөкебай тоқыған Нұрлан Жарты­беков нағыз рекордшы емес пе? Тоқымашы жігіттің еңбегін ескерген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов оған арнайы диплом мен статуетка сыйлады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы