Жеңіл атлетика • 23 Тамыз, 2018

Жерді бес айналған желаяқ - Әділбек Шаяхметов

658 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі заманғы олим­пиа­далық қозғалыстың негі­зін қалаған франциялық қоғам қайраткері Пьер де Кубертэннің көздеген ең бір ізгі арманы – спорт арқылы жастарға интернационал­дық тәрбие беру екен. 

Жерді бес айналған желаяқ - Әділбек Шаяхметов

Өкініш­ке қарай, Кеңес Одағының ішін­де халықтар арасындағы интернационалдық достық туралы әңгіме өте көп айтыл­ғанымен шынтуайтында, халықаралық олимпиада­лық сайыстар басталғанда «Кубертэннің қағидалары» ұмытылып қалып жататын. Жасыратын несі бар, әркімге армандай болған әлемдік спорттық сынақтарға қазақ жастары жүрек қалауынша қатыса алмады.

Мыңнан бір мүмкіндік туған сәтте ғана олар жарыс алаңына шықты, шыққан бойда өздерінің кім екенін таныта білді. Содан Қазақстан Тәуелсіздік ал­ғаннан кейін ғана барып біздің жастарымыздың спорт алаңдарында бағы ашы­лып, жұлдызы жанды. Ата­ғ­ы әлемге танымал болған әйгілі марафоншы Әділбек Шаяхметов туралы сөз қозға­ғанда талайымыздың, тіпті өз басымыздан өткерген спорт­­тағы саясаттың солбір солақай да осал тұстары менің есіме еріксіз оралады.

Сонау 1973 жылдың өзінде еркін күрестен Орта Азия әскери округінің чемпионы атанған Әділбек Шаях­метовтің спорттағы ең жұл­дызды сәті байрақты сол бәсекеден соң біржолата аяқ­та­лады деп кім ойлаған?! Өйткені балуанға Алматыдан ары аттап басуға, халықара­лық дәрежедегі бәсекелестер­мен белдесіп, бақ сынасуға «орын болған жоқ».

Ең жанға бататыны, спорттағы мұндай кедергілерден өту-өтпеу тағ­­дыры сол жылдардағы бола­шақ спорт жұлдызы атанатын әрбір қазақ жасының маңдайына жазылып қойған еді. Кубертэннің арманын орындауға Кеңес Одағының партия басшылары мен спорт саласының функционерлері соншалықты бейіл таныт­пады. Өйткені мемлекет «КСРО – бір ұлт» деген өл­шем­ді қағи­дамен өмір сүрді.

Сонымен менің әңгімеме өзек болған танымал спортшы Әділбек Шаяхметов кім? Қазақстан Тәуелсіздік алғанда Әділбек Шаяхметов қырық­тың қырқасына шыққан өз ұжымындағы беделді аза­маттың бірі, білікті инженер-технолог қызметін атқа­ратын. Тал бойында бұла күші тасып тұрғанымен бұл жаста спортшылардың дені рекордтар жасау мүм­кін­­ді­гінен айырылып, көбісі жат­тықтырушылық қызметке немесе басқадай мамандықтар­ға ауысып жататын заңды­­лық бар.

Бір сөзбен айтқан­да, спорттың көп түрінен аламан жарыстарға қатысып жүрген жігіттеріміз орда бұзар отызында негізгі кәсі­бімен қоштасады. Спорт тәртібі солай. Алайда Әділ­бек үшін, кешегі балуан үшін – жұлдызды шақтар жасы қырықтың қырқасына шыққанда туды. Бұл да бір сиқырлы спорт әлеміндегі сыры мол құбылыс. Көз ашқаннан адал еңбектің, таза маңдай тердің өтеуін жақсы біліп өскен жігерлі азамат өз өмірінің осы кезеңінен жаңаша жол іздейді.

Соны­мен біздің Әділбек кәдімгі кәсіби қызметте жүріп-ақ жүрек қағысының әмірі­мен біржолата алыс қашық­тық­тағы марафондық жарыс­қа жүгіруге бел шеше кірісе­ді. Алдымен Қазақстан аума­ғын­да 42 километрлік мара­фондық жарысқа түсіп, ба­ғын сынап көрді. Көп кешік­­пей желаяқтар қатарынан қай­мықпай орын алады. Ащы тері шығып, іштегі бұла күші табиғи жанартаудай бұлқынған Әділбек сол күндері шын мәнінде өзін халықаралық үлкен жарыс­тар қол бұлғап шақырып тұрғанын сезінген де шығар-ау!

Өзім де куәмін, өткен ға­сырдың 90-шы жылдарының екінші жартысынан кейін-ақ қазақ жастарының есімдері халықаралық жарыстарда ауызға ілініп, көк байрағымыз көкке өрлеп желбірей бастады. Бір ғана мысал, біздің кейіпкеріміз марафоншы Әділбек Шаяхметов өткен осы мерзім ішінде Қазақ­стан мен әлемдік жарыстарда, сондай-ақ Азия құр­лы­ғын­дағы сайыстарды қос­қан­­да марафондық жарыстан барлығы 35 рет жеңіс тұғы­рына көтеріліп үлгеріпті. Со­ның ең алғашқысы да сүбе­лісі – 2010 жылы Куала-Лумпур (Малайзия) қаласында жеңіл атлетикадан өткен ХVІ Азия чемпионаты.

Осы жарыс­та кешегі еркін күрестің шебері – жерлесіміз Әділбек Шаях­метов 60 жастан жоғары топ арасындағы сайыста күміс медаль иеленді. Араға екі жыл салып Тайбей қаласында (Тайвань) өткен дәл осындай әлемдік бәсекеде, ол кезде 64 жаста, мойнына алтыннан алқа тағып Қазақстанның туын көкке желбіретті. Дүние жүзінде зәулім үйлері көкпен таласып күллі адамзатты тамсандырған Тайваньнның әкімшілік орталығында өткен осы біріншілікте Әділбек Әлем чемпионы атанды! Аса тартысты бәсекеге Азия құрлығының 18 елінен барлығы 1800 спортшы қатысқан болатын.

2014 жылы Жапония астанасы Токиода өткен кезекті ХVІІІ Азия чемпионатында тағы да күміс жүлдеге ие болды. Айтпақшы, осының алдында ғана, яғни бір жыл бұрын Жеңіл атлетикадан Сан-Паулу қаласында (Бразилия) өткен марафоншылар жарысында оның 7-ші орын алуының да маңызы зор.

Қысқа уақыт ішінде мұхит асып барып мың-сан адам ішінде 7-ші орынды иелену де, мұны марафоншылардың өздері өте жақсы түсінеді, ерлікке пара-пар дер едім. Соңғы 20 жылда жүгірген жолы Жер шарын 5 рет орап алатын Қазақстанның ардагер-марафоншысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әділбек Шаяхметовтің қазақ спорты тарихынан ойып тұрып алған өз орны бар.

Жастығында тап келген әділетсіздік кедергілерге мойын­сұнбай, нағыз спорт­шыға тән мінез көрсете білген Әділбектің көздеген арманы бұдан да жоғары әрі асқақ болатын. Оның атадан дарыған жігерін жанитын асыл қасиеттері бүгінгі жас ұрпаққа, жеткіншектерімізге, спорт жолын қуған нағыз сайыпқыран саңлақтарға өте үлкен үлгі-өнеге дер едім.

Өмірінің соңына дейін шынайы спортқа шын көңілімен адалдық танытқан, жарыс жолынан шықпаған Әділбек тосыннан душар болған кеселге ота жасату үстінде кенеттен көз жұмды. Ауыр қасірет, «қыран қазасы қияда» деген осы екен. Нағыз спортшыға тән салмақты да сабырлы байсалды азаматтың, жауырыны жер иіскемеген балуанның, әлемге аты танылған желаяқ­тың өзі туып-өскен Саурық батыр ауылындағы даңқты бабалары жатқан қасиетті қорымда жамбасы жерге тиді... Небәрі төрт айдан соң жетпіс жасқа толар еді.

Спорттың жас талға­май­тынын өзінің осы саладағы өнегелі өмірі арқылы баршаға дәлелдеп өткен Әділ­бектің ойлы жанары, қола­дан құй­ған­дай шымыр сом тұл­ғасы, қарапайым аза­маттық болмысы біздің жадымызда мәңгілік сақталып қалды.

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионы

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы