Аталған шарада мемлекеттік органдар өкілдері мен кәсіпкерлер бас қосып, бизнесті көркейтудің жай-жапсарын әңгімеледі. Мәселен, қазақстандық бизнестің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі сөз болып, қолайлы бизнес ортаны қалыптастыру, инфрақұрылымға қолжетімділік, кадрлар даярлау мәселесі қаралды. Сондай-ақ цифрлы жүйеге көшудің мән-маңызы, саладағы өзгерістер мен отандық бизнестің өркендеуі туралы айтылды. Министрлік өкілдері мен білікті сарапшылар отандық бизнестің өркендеуіне жол ашатын мәселелерді саралады. Жиынға Ұлттық экономика министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, Стратегиялық бастамалар орталығы, Экономикалық зерттеулер институты және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері, тағы басқалар қатысты.
Мұндай жиын еліміздің басқа да өңірлерінде өткізілген. Ұйымдастырушылар бұл жолы ат басын Астанаға бұрды.
«Астана қаласы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша көш бастап тұр. Әйтсе де, бизнестің үлесі әлі де аз. Неге үнемі рубльдің құлдырауына, доллардың қымбаттауына тәуелдіміз? Неге сыртқы саясатқа бағынышты болып отырмыз? Мұның барлығы экономикамыздың тұрақсыздығын көрсетеді. Ал тұрақты экономика болуы үшін тұрақты бизнес керек. Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 50%-ке жеткен кезде ғана экономикамыз тұрақтанады. Ал қазір республика бойынша бұл көрсеткіш бар болғаны 27%-ті құрап отыр. Астана қаласы бойынша экономикадағы ШОБ үлесі 45%, бұл көрсеткішті арттыра түсу қажет», дейді Стратегиялық бастамалар орталығының жобалар жөніндегі директоры Бақытжан Сәркеев.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»