Өкінішке қарай, бұл еңбек дәстүрі үзілуге шақ қалып, кейінгі кезде ғана қайта түлеуге көшті. Қазір өңірде қант қызылшасын өсіруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе жеке шаруалардың қызылша дақылын өсіруге ынтасы жоғары. Оның мысалын облыстағы тәтті түбір танаптарының көлемі жыл сайын артып келе жатқанынан байқауға болады.
Қант қызылшасын өсіруге бел шеше кіріскен шаруашылықтың бірі – Ақсу ауданындағы «Квитко» шаруа қожалығы. Қызылағаш ауылындағы маңдайалды ұжымдардың қатарындағы қожалық дақыл егілген танаптардың көлемінен бұрын, одан алынатын өнімнің сапасы мен өнімділігіне баса назар аударып отыр. Сондықтан болар, қожалықтың тәтті түбір алқаптарынан жиналған өнім көлемі жыл санап жоғарылап келеді екен. Мәселен, 2016 жылы әр гектардан 500 центнер қант қызылшасы жиналса, былтыр бұл көрсеткіш 600 центнерге жеткен.
– Биылғы меже гектарынан 700 центнер болады деп отырмыз. Бұған толық негіз бар. Еккен тұқымымыз сапалы, суару, күтіп-баптау жұмыстары, тыңайту әдістері толықтай әрі уақтылы жасалды. Жағдайымыз жылдан-жылға жақсарып келеді, бұл өнімділікке де пайдасын тигізіп жатыр, – дейді қожалықтың басшысы Александр Квитко.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының мемлекет қолдауынсыз алға басуы қиын. Өйткені бұл саладағы жұмыс біржақты, кесімді жоспар ауқымына сыймайды. Әрі түрлі тәуекелдер мен сыртқы жағдайлардың ықпалына да ұшырауы кәдік. Мысалы, егістік жұмыстары кезіндегі жанар-жағармай бағасының күрт қымбаттауы, тұқым сапасы мен қолжетімділігі де жеке шаруаның, тіпті тұтас шаруашылықтың бір өзі шешетін мәселе емес. Дәл осы жерде мемлекеттің қолұшын созуы заңды. Елімізде жыл сайын шаруаларды қолдауға арналған жеңілдетілген қаржылық қолдау бағдарламалары мен төмендетілген бағадағы жанар-жағармаймен қамту оңтайлы жүргізіліп келеді. Мұның сыртында шаруаға техникалық көмектен бөлек, ғылыми негіздегі заманауи жаңалықтарды қолданысқа енгізу жөнінен де кеңес беру дәстүрі қалыптасқан. Бұл диқандардың тұқым таңдауы мен жерді күтіп-баптаудағы тәжірибесін арттырып, мол өнімге аз шығынмен қол жеткізуге жол ашып отыр. Яғни жеке шаруа мен жергілікті әкімдіктердің арақатынасы көктемгі тұқым, тыңайтқыш алу мен техникалық қолдау жұмыстарынан басталып, күздегі жиналған өнімді зауытқа өткізу, таза өнімді субсидиялауға дейінгі аралықта жалғасып, біте қайнасып жатыр.
Ақсу ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі. Аудан бойынша тек қана тәтті түбір өсірушілердің жағдайын жасауға негізделген 6 бірдей сервистік-дайындау орталығы жұмыс істеуде. Осы орталықтарда алқаптардағы жұмыстарды кешенді түрде атқаратын 51 заманауи техника бар. Науқан кезінде аудан шаруаларына көмекке аттануға әзір тұрады.
Жалпы, Ақсу ауданы бойынша егілген қант қызылшасының өнімділігі жоғары. Былтыр өңір шаруалары 56 800 тонна тәтті түбір жинаған екен. Биыл бұл көрсеткіш 71 000 тоннадан асады деген сенім бар. Жүргізілген агротехникалық шаралар мен сапалы тұқым өнімге кепілдік береді. Оның ішінде тұқым сапасының маңызы зор. «Квитко» шаруа қожалығының жетекшісі Александр Квитконың алқаптарында Франциядан әкелінген қызылша тұқымы себілген екен. Бұл сорттың салмағы ауыр, қанттылығы да жоғары көрінеді. Бұйырса, жиналған тәтті түбірдің қанттылығы 22 проценттен кем болмауы тиіс. Демек, Ақсу топырағында өскен қызылша қантының дәмі әлемдік өндірістегі құрақ қантының құрамымен салыстырғанда әлдеқайда тәтті әрі табиғи болады.
Айтпақшы, аудандағы Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы нысан іске қосылса, өлкедегі суармалы жердің санаты да артпақ. Қазір шөліркеп жатқан 7 мың гектар суармалы жерге жан бітер еді. Бұл жер қант қызылшасын егуге таптырмайтын танапқа айналмақ. Бұдан бөлек, ауданда ирригациялық жүйелерді жөндеуге қомақты қаржы бөлінген. Биыл 5,9 млрд теңге игерілуде. Нәтижесінде суармалы жердің көлемі ұлғайып, егістік алқаптардың да үлесі көбеймек.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы