Қазақстан • 27 Тамыз, 2018

Әсет Исекешев пен Алик Шпекбаев Астанадағы Ikomek жедел əрекет орталығына барды

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана әкімі Әсет Исекешев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс бабымен Астанадағы Ikomek жедел əрекет орталығына барды.  

Әсет Исекешев пен Алик Шпекбаев Астанадағы Ikomek жедел əрекет орталығына барды

Ikomek орталығы арқылы әлеумет жағдайы жіті бақылауда тұр. Мұнда тұрғындардың өтініштері қабылданып, коммуналдық жəне жедел қызметтердің жұмысы үйлестіріледі. Деректерге сәйкес 109 бірыңғай байланыс орталығына 2018 жылдың 8 айында 461 мыңнан астам өтініш келіп түсіп, 77% шешілген.

«Кез келген шағым түрлері тез арада назарға алынады. Әлеуметтік желілер əр 10 минут сайын қаралып тұрады. 109-ға көшеде шылымның қалдығын тастаудан бастап, электр қуаты сөніп қалған жағдайда оперативті түрде жұмыс командасын бағыттауға дейінгі барлық бақылау, жедел əрекет ету қызмет түрлері кіреді. Ikomek бейнебақылау арқылы қаланың барлық ауданында, көшенің бұрыш-бұрышында кім не істеп жатыр - бəрі көз алдымызда», деді Астана қаласының әкімі.

Ikomek арқылы сонымен қатар қаладағы жол қозғалысы да бақыланады. 

«Тәулік бойы бақылаудың арқасында біз бүгінде қаланың қай көшелерінде жиі жол ережесі бұзылатынын біліп отырмыз, сол бойынша тиісті шаралар қабылдануда», деді Әсет Исекешев.

Ikomek орталығында қаланы қадағалайтын 4422 бейнебақылау камерасы орналасқан. Сол сияқты орталықта Ішкі істер департаментінің қызметкерлері жұмыс істейді. ІІД өзара əрекеттесу нəтижесінде үстіміздегі жылдың басынан бері 1297 өтініш келіп түсіп, оның 1189-ы өңделді.

«Бүгінге дейін жиі мазалап келген проблеманың бірі - құдықтардың қақпағын ұрлау. Бейнебақылау мен 109-ға хабарласу нəтижесінде ұрлық тыйылған. Тағы айта кететін мəселе - қала тұрғындарының белсенділігі. Халық қаланың көшелерінен қандай да бір шұғыл жөндеу немесе əрекет ету проблемаларын өздері 109-ға хабарласып алады. Бұл - халықтың жаны ашитындығының белгісі», деді Елорда басшысы.