Әлем • 28 Тамыз, 2018

Британдықтар – төзімді әрі байсалды халық

1194 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанның Еуропадағы басты серіктестерінің бірі саналатын Ұлыбританиямен арада дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына ширек ғасырдан асты. Осы кезең ішінде өзара тиімді әріптестікке бағытталған байланыстар барынша нығая түсті. Осының нәтижесінде бүгінде Ұлыбритания Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша ең ірі 6 мемлекеттің қатарынан саналады. Еліміздің Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан ЫДЫРЫСОВПЕН әңгімемізде екі ел арасындағы саяси, экономикалық, мәдени байланыстардың негізгі бағыттары сөз болды.

Британдықтар – төзімді әрі байсалды халық

– Ерлан Әбілфайызұлы, Ел­басының Қазақстанның сырт­қы саясатын «эконо­миза­ция­лау» туралы нұсқауына сәйкес, эко­номиканың басым­дық берілген салаларына шетел инвестицияларын және инно­вациялық технологияларды тартуға жәрдемдесу, сондай-ақ отандық экспортты ілгерілету бо­йынша Ұлыбританиямен ара­да қандай жұмыстар атқа­рылуда?

– Қазақстан-Британ сауда-инвестициялық қатынастарын дамыту, британдық озық технологияларды еліміздің экономикасына тарту – елшіліктің аса маңызды міндеттерінің бі­рі. Соңғы жылдары осы бағыт­та едәуір жетістіктерге қол жет­кіздік. Атап айтқанда, Ұлыбри­тания Қазақстан экономикасына ті­келей инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы алты елдің құрамына, ал тауар айналымы көрсеткіші жағынан үздік он­дықтың қатарына енді.

Ұлыбританияның биыл ға­на іске қосылған Астана халық­аралық қаржы орталығын (АХҚО) құруға белсенді атсалысуы елімізге шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар. АХҚО-да ағылшын құқығының нормалары мен қағидаларының қолданылуы, ағылшын тілінің орталықтың жұмыс тілі ретінде пайдаланылуы Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруына, АХҚО-ның халықаралық беде­лінің артуына және шетел биз­несінің біздің елімізге деген қы­зығушылығының жоғары­лауына ықпал етері сөзсіз.

Бұдан бөлек, жыл сайын Біріккен Корольдікте елшіліктің және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен инвес­ти­ция­лық форумдар, семинарлар, басқа да іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мысалы, былтыр Лондон қор биржасында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ инвестор күні сияқты аса ірі іс-шара өтті. Оған көптеген британдық компаниялар қатысып, инвестициялық жобаларға қатысуға қызығушылық білдірді. Сондай-ақ биылғы сәуір айында «Kazakh Invest» басшысының Лондонға сапары барысында «Республикалық маңыздағы ауыз суды тарату желілерінің құрылысы» жобасы кеңінен талқыланып, бастапқы құны 2 млрд АҚШ долларын құрайтын бірлескен жобаны іске асыру жөнінде келісімге қол жетті.

– Бизнес жүргізу тұрғысынан алсақ та, күнделікті тұрмыс-тіршілікте де ағылшындар мен қазақтардың менталитетінде едәуір айырмашылық бар де­седі. Саяси-экономикалық дип­ломатияда экономикалық келісім­шарттар жасасуда осы ерек­шеліктер біліне ме? Жалпы ағыл­шындар қандай халық?

– Әрине әр елдің бизнес жүргізу ережесі әртүрлі. Ең алдымен бұл ұлттық менталитет пен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерге байланысты. Ұлы­британия көп ұлтты мемлекет, бірақ мұндағы іскерлік мәселелер алуан түрлі болғанымен, биз­нес­тегі негізгі қағидалар бәріне ортақ. Британдық бизнесмендер әлемге аса білікті іскер адамдар ретінде танымал. Нарықтағы ахуалды жылдам сараптай білу, бизнестің дамуын қысқа және орташа мерзімге болжамдауда британдық бизнесмендерден үйренеріміз көп. Сонымен қатар ағылшындар банк секторында және қаржы саласында да озық. Осы салалардағы жаңалықтардың көпшілігі соларға тиесілі.

Британдықтар – төзімді және байсалды халық. Бұл қа­сиет­тер іскерлік келіссөздер жүргіз­генде немесе бірлесе бизнес­пен айналысқанда сезіледі. Бай­салдылықты олар құрмет белгісі ретінде қабылдап, өздерімен де байсалдылықпен қатынасқанды қалайды. Британдықтардың тағы бір ерекшелігі – олардың заң­ға қатаң бағынатыны. Әділ­дік сезімі оларда өте қатты дамы­ған. Сондықтан олар ойын ереже­сі барлығына тең болуы қажет деп есептейді. Жалпы Қазақ­стан биз­несінің британдық әріптес­терінен үйренері көп деп ойлаймын.

– Биыл екі ел арасында ын­ты­мақтастық орнағанына 26 жыл. Осы жылдар ішінде Ұлы­бри­таниядан Қазақстанға келетін туристер саны өсті ме? Оқыр­мандарымызға екі ел ара­сындағы тікелей әуе жолы, виза­сыз режім туралы әңгімелеп берсеңіз...

– 2016 жылы Қазақстан Еуро­палық одақ және Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйы­мына мүше мемлекеттердің аз­аматтарына визасыз режім енгізгеннен кейін елімізге сапарлап баратын британдықтардың саны күрт артты. Елімізге ұзақ мерзімге виза рәсімдеген бри­тандық азаматтардың саны да өсті. Атап айтсақ, 2018 жылғы бі­рінші жартыжылдықта рәсім­делген визалардың саны 744-ке жетті. Қазіргі таңда британ жұртшылығының Қазақстан туралы мағлұматы едәуір молайды деп айтуға болады. Бұған себеп ретінде бірнеше факторды атап өткен жөн. Біріншіден, британдықтардың Қазақстанға баруы біршама жеңілдеді. Енді олар елімізге 30 күнге дейін визасыз келе алады. Екіншіден, осы жылғы 1 маусымнан бастап Лондон мен Астана қалаларының арасындағы әуе рейстері жиілеп, күн сайын қатынайтын болды. Жалпы, соңғы жылдары Қа­зақ­станда өткізілген көптеген жаһан­дық деңгейдегі іс-шаралар еліміз­ді британ халқына ғана емес, жалпы әлем жұртшылығына танытуға ықпал етті деп ойлаймын.

Ұлыбритания тарихи тұрғыдан алғанда өзінің қатаң көші-қон сая­сатымен танымал. Осы мәселе Біріккен Корольдіктің Еуропалық одақ құрамынан шығуының бас­ты себептерінің бірі болып отыр. Қазіргі таңда елшіліктің бас­тамасымен Қазақстан азамат­тарының Ұлыбританияға сапарын жеңілдету мақсатында айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Атап айтсақ, осы мәселе бойынша қазақстандық мемлекеттік органдардың арнайы жұмыс тобы құрылып, жақында оның алғашқы отырысы өтті.

– Ұлыбританиядағы диаспорамыз үлкен бе? Олар қай қалада көп қоныстанған? Не­мен айналысады? Еңбек шарты­мен келетіндер көп пе?

– Ұлыбританиядағы қазақ диас­порасының негізін Түркиядан қоныс аударған бауырлар құ­рай­ды. 1960-жылдары түрік жерінен кө­шіп келген қандастарымыздың саны бүгінгі таңда 45-50 отба­сына жетті. Осындағы қазақ диас­по­ра­сының өкілдері Британия­ның түрлі саласында қыз­мет атқарады. Әрине еліміз еге­мен­дікке ие болғалы Ұлыбри­та­ния­да бизнеспен айналысып жүр­ген, білім алып жатқан қазақ­стан­дық­тар саны да тұрақты түрде өсуде.

Елшілік қазақ диаспорасымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қандастарымыз елшілік ұйымдастыратын түрлі мәдени іс-шаралар мен ресми қабылдауларға белсенді қатысып тұрады. Сондай-ақ елшілікте аптасына бір рет диаспора жастарына арналған қазақ тілі сабағы жүреді. Сабақ барысында жастар қазақ тілін үйреніп қана қоймай, Қазақстанның тарихымен және мәдениетімен танысып, еліміздің қазіргі тұрмыс-тіршілігі жөнінде ақпарат алады.

Қазіргі таңда біздің диаспорамыз қазақ тілі оқулықтарымен және балалар мен жастарға арналған bilimland.kz,
twig-bilim.kz, imektep.kz, kitap.kz, openu.kz сияқты қазақ ті­лін­дегі түрлі тақырыптық онлайн ре­сурс­тармен қамтамасыз етілген. Со­нымен қатар қазақ диаспорасының жас буын өкілдеріне қазақша-түрікше тілашар таратылды.

– Ел студенттері үшін тұ­ман­ды Альбион аса тартымды елдер қатарында екені білінеді. Білім қуып, Британияға барған жастарымыздың саны қанша? Олардың елшілікпен байланысы қаншалықты?

– Британияда оқитын сту­дент­тердің нақты санын тап басып айту қиын, себебі олар­дың көбісі жеке өз бастамасымен келген. Әрі елшіліктің қолында барлық студенттердің есебін жүр­гізуге арналған заңды тәсіл жоқ. Елшіліктің консулдық тір­кеуіндегі қазақстандық студенттер саны 300-ден асады, олардың 290-ы – «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып жүрген жастарымыз. Біздің жас­тар британдық барлық жетекші университеттерде оқиды. Біздің болжамымызша, британдық колледждер мен университетке дайындық мектептерін қоса алғанда студенттер саны 3-5 мыңға жетеді. Қазақстандық студенттер білім, ғылым, инновациялар салаларында көптеген идеялар ұсынып, елшілікпен бірлесе іс-шаралар ұйымдастырып тұрады.

Елшілік биыл «Астана ха­лық­аралық қаржы орта­лы­ғы­мен» бірлесіп, «Шелл» гол­ланд­тық-британдық мұнай-газ ком­паниясының Лондондағы ғимаратында Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастарымызға арнап бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Оған Біріккен Корольдіктің Оксфорд, Кембридж университеттері, Лондон экономика мектебі, Лондонның Университеттік колледжі мен Корольдік колледжі және басқа да жетекші оқу орындарынан келген 100-ге тарта студент қатысты. Болашақта мұндай бос орындар жәрмеңкесін біз жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Елшілікте Қазақстанның жалпыхалықтық мереке күн­дері аталып өте ме?

– Біз еліміздің жалпыұлттық мейрамдарының көпшілігін Ұлыбританияда мүмкіндігінше атап өтеміз. Жай атап өтіп қоймай, оларды британ жұртшылығы арасында насихаттап, еліміздің мәдени және тарихи мұрасын таныстыру мақсатында қолданамыз. Мысалы, биыл елшілікте Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді.

Сырт елде жүрген отан­дастарымызға аяқ астынан жедел көмек қажет болатын оқи­ғалар туындап жатады. Осы орайда ең бірінші елшілік ойға оралады. Азаматтарымыз қан­дай мәселелер бойынша жиі хабарласады?

– Отандастарымыздың көпшілігі түрлі іс-шараларды бірлесе атқару және оларға консулдық қолдау көрсету жөніндегі мәселелермен хабар­ласады. Елшілік жерлес­теріміздің Қазақстанды британ жұрт­шылығына танытуға, оның жа­ғымды имиджін әлемдік деңгейде ілгерілетуге арналған ұсыныс­тарын қарастырып, қолдан келгенше қолдау көрсетуге әрқашан дайын. Өйткені дипломатияда ұсақ-түйек мәселе болмайды. Біз үшін әр отандасымыз қымбат. Оларды қолдап-қорғау, еліміздің жетістігін таныту, ел мен елді байланыстыру – біздің тікелей міндетіміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Венера Түгелбай,

«Егемен Қазақстан»