Әлем • 28 Тамыз, 2018

Арал теңізінің тағдыры – әлем назарында

1450 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұған дейін Түрікменстанда Ор­та­лық Азия мемлекеттері – Қазақ­стан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан прези­денттерінің қатысуымен Халық­аралық Аралды құтқару қорының саммиті өткенін хабарлаған болатынбыз. Іргелі жиын туралы әлемдік баспасөз жарыса ақпарат таратты. Осы орайда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының аталған маңызды іс-шараға қа­тысты шетелдік ақпарат құрал­дарындағы жарияланымдарын ұсы­нып отырмыз. 

Арал теңізінің тағдыры – әлем назарында

Әзербайжанның Azernews.az агент­тігі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың Халықаралық Аралды құт­қару қорының саммитінде сөйлеген сө­зіне баса назар аударған. Сайттың мәлі­метінде Елбасының Орталық Азияның ха­­лық­аралық су-энергетикалық кон­сор­циумын құруды ұсынғаны атап көр­се­тіледі.

«Қазіргі жағдайда Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру мәселесіне оралуы маңызды. Оны құру трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану барысында ирригация мен гидроэнергетика арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Президент саммит отырысында.

Сонымен қатар Azernews.az Елба­сының ХАҚҚ Атқару комитетін тұрақты қоныстандыру мәселесін көтергеніне де тоқталды. Сайттың пайымдауынша, бұл ұйым қызметінің тиімділігіне оң әсерін тигізеді, төрағалық етуші тарап ауысқан кезде оның қоныс аударуы барысында жұмыстардың тежелуіне жол бермейді.

Бұдан бөлек, Елбасы жиында сөй­леген сөзінде «Арал теңізі бассейні су ре­сурстарын басқару, бөлу, есепке алу және мониторинг жүйелерін автомат­танды­ратын уақыт жетті. Бұл елдердің су­ды пайдалану ашықтығын қамтама­сыз етіп, өзара сенімді нығайта­ды», деген болатын. 

Ұлттық жаңалықтар қызметінің (НСН) хабарлауынша, Өзбекстан Пре­зиденті Шавкат Мирзиёев Халықаралық Аралды құтқару қорының саммитінде Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп, Арал теңізінің мәселесін шешуде ынтымақтастық жасауға әзір екенін жеткізді. Бұл жолғы жиын араға тоғыз жыл салып өтіп отыр. Бұған дейін 2009 жылы ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанда бас қосқан болатын.

Жалпы, Арал теңізі бассейнінде бес мемлекет – Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан қоныс тепкен. Сондай-ақ Ауғанстан мен Иранның кішігірім бөлігіндегі өзен сулары осы бассейн құрамына кіреді.

690 мың шаршы километрді алып жатқан аумақтың мәселесі қазіргі таңда өзекті болып отыр. Өйткені Арал теңізінің суы тартылып, бірқатар түйткілдер туындатты. Түрікменстандағы жиын осы мәселелерді талқылауға арналды.

Халықаралық қоғамдастық тарапынан XX ғасырдың басты апаттарының бірі саналған Арал теңізінің тартылуын жою мақсатында 1993 жылы Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылған-ды.

Regnum.ru агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Халықаралық Аралды құтқару қоры саммитінің осы жолғы жиыны үлкен маңызға ие. Сайт бұған бірнеше себеп келтіреді. Біріншіден, жыл са­йын теңіздің тартылуы салдарынан 80 миллион тонна тұз бен зиянды химиялық заттар ауаға таралады екен. Екіншіден, осының алдындағы жиын 2009 жылы өткен еді. Яғни, ұзақ мер­зім­нен кейін Орталық Азия мем­ле­кет­тері аталған мәселеге қайта жиналып отыр.

Сондай-ақ агенттіктің деректеріне сай, іс-шара қорытындысы бойынша, қор­­ға мүше мемлекеттер қаржы инс­ти­тут­­тары, халықаралық ұйымдар, биз­нес қауым­­дастық өкілдерінің Арал теңі­зі мәсе­­лесіне назарын аудартудан үміт­тенеді.

Қазіргі таңда Аралды құтқару жұмыс­тары жүргізіліп келеді. Мәселен, 2013-2017 жылдар аралығында 500 жоба жүзеге асқан.

 

Шолуды дайындаған

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»