Қазақстан • 28 Тамыз, 2018

Жаңа әліпби – тәуелсіз сананың жаңғыруы

969 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан Шаях­метов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орта­лығы Алматы қаласында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ­бойынша ақпараттық насихат жұмыстарын өткізді. 

Жаңа әліпби – тәуелсіз сананың жаңғыруы

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық насихат жұмыс тобының жетекшісі, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орт­а­лығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева, «Мемлекеттік тілді дамыту институты» ЖШС атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек сынамаға қатысушылар алдында қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығын ғылыми негіздермен көпшілікке түсіндірді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ­«...Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиі­не көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйек­тілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуел­сіздік алғаннан бері мұқият дайын­дал­дық» деуі Қазақ елінің бұл тари­хи бас­­таманы жүзеге асыруға дайын екен­дігін білдіреді. Қазақ әліпбиін латын гра­­фи­касына көшіру ел үшін – ең биік белес.

 «Қай әліпби болсын, сол халықтың мәдени болмысын аңғартатын айғақ­тардың бірі. Өйткені мәдени мұра, мәдени жәдігерлер әліпбиде сақталады, әліпби арқылы келесі ұрпаққа жетіп отырады. Қай әліпбидің болсын, осындай тарихи миссиясымен бірге оның заманауи міндеттері де болады. Қазақ өз тарихында тұңғыш рет төл әліпбиін мемлекеттік деңгейде таңдап отыр. Бұл – ел тарихындағы аса ірі оқиға. Сонымен бірге әртүрлі тарихи, саяси, әлеуметтік себептермен дүниенің түкпір-түкпіріне тарап кеткен қазақ баласы ортақ әліпбиге ие болады. Бұл қандастарымыздың қатынасы үшін аса маңызды қадам. Жалпы, жаңа әліпби тәуелсіз сананың жаңғыруына бастайды, дүниені тануымызды оңайлатады.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үшін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практи­калық орталығы» құрылып, білікті мамандармен қамтамасыз етілуде. «Тіл-Қазынаның» бүгінгі таңдағы ең маңызды міндеті – жаңа әліпбидің емле-ережелерін дайындау жұмыстарын үйлестіру. Қазір бұл ережелердің жо­балық нұсқасы дайындалып, оның апробациясы Астана, Қарағанды, Өске­мен, Семей, Көкшетау, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында өтті. Енді Алматы қаласында өткізілуде. Халықтың жаңа әліпбидегі сауаттылығын қамтамасыз ету үшін емле-ережелерімен бірге, қа­зақ тілінің жаңа орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктері дайындалады»,  деп ойын түйіндеді Ербол Тілешов.

Тіл маманы қазақ әліпбиін латын гра­фикасына көшіру бойынша ақпа­рат­тық насихат жұмыстарының пәрме­н­ді­лігін арттыру қажеттігіне көңіл аударды.

Латын графикасына көшу – өрке­ниет­тік мәселе. Ашық және жаhан­дық әлем пайдасына пайдасына арналған таңдауымыз арқылы қазақ тілі жаңа динамика мен да­муға мүм­кіндік, бағыт алып отыр. Бү­гінде көпте­ген тілдер жаһандық процес­тер тара­пынан қысым көруде. Осы орай­да Қа­зақ­станның латынға көшуі – білім са­ла­сына байланысты басқа да ре­фор­малар­мен тығыз байланыс­та. Демек, бұл – жаһандану кезеңіндегі ұлт­тың бәсе­­келестікке қабілеттілігін артты­руға ба­ғыт­талған ұлттық білім жобасы болмақ.

«Ең бастысы – ұлттық сананың транс­­формациялануы, өзгеруі. Елбасы дәстүр мен заманауилық арасында тепе-теңдікте тұруға тиісті қазақстандық жаңғыру бағдарламасын енгізудің жүйе­сін ұсынды. Ол тек өткенге, бұрын­ғыға жалтақтай бермеуге, жаңаны да қуып, артынан еріп кетпеуге шақы­рады», деді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бө­лімінің меңгерушісі, филология ғылым­дарының докторы Орынай Жұбаева.

 Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық насихат жұмыстарына қатысушылар жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық танытып, қызу талқылады.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ