28 Тамыз, 2018

Адамзаттың арманы – ядролық қарусыз әлем құру

11606 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда біздің еліміз әлемдік анти­­ядролық қозғалыстардың көшбас­шысына айналып отыр. Адамзатты тол­­­ғандырып отырған ядролық қару қаупін сейілтуге күш-жігерін барынша жұмсап келе жатқан еліміздің аталған саладағы көшбасшылық рөлінің ха­лықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалуын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сауатты бас­тамаларының оң нәтижесі деп айтуға толық негіз бар...

Адамзаттың арманы – ядролық қарусыз әлем құру

Осыдан 27 жыл бұрынғы, яғни 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президентінің Жарлығымен бүкіл әлемге белгілі Семей ядролық сынақ полигоны жабылып, үздіксіз жарты ғасыр бойы ядролық жарылыс жасалған тажал ошағының үні өшті. Бұл адамзат өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға ретінде қабылданды. Қазақ халқына ауыр қайғы-қасірет әкелген Семей полигонының осылайша заңдық негізде өз жұмысын тоқтатуы тек біздің еліміздің ғана емес, халықаралық қоғамдастықтың да тынысын ашып, ядролық қарусыз әлем құруға деген үмітті оятты.

Ал 2009 жылдың 30 қазанында Қазақстан тарапы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні деп жариялауды ұсынды. Ұсыныс қолдау тауып, содан бері 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде атап өтіліп келеді. Бұл ұсыныстың әлемдік қоғамдастықтан қолдау табуы шын мәнінде еліміздің ядролық қаруды азайту, таратпау мәселесіне қатысты батыл бастамалар көтеруіне толық моральдық құқығы бар екенінің мойындалуын білдіреді әрі біздің әлемдік қауіпсіздікті сақтау бағытындағы қадамдарымыздың барша адамзаттың ізгі тілектерімен үндесетінін көрсетеді.

Тәуелсіздіктің жылы лебі есе бастаған сәтте бейбітшіліктен өзге жолды таңдамай­тынын Семей полигонын жабу арқылы анық аңғартқан Қазақстан әлемдік қауіпсіз­дікті сақтау, нығайту бағытында көптеген соны, өміршең бастамаларды күн тәртібіне шығарып, өзінің ұстанымына адалдық танытып келеді. Еліміздің аталған саладағы ерік-жігері, түпкілікті мақсаты Елбасы ұсын­ған, халықаралық қоғамдастық қызу тал­қылап, қолдау білдірген «Əлем. XXI ғасыр» манифесінде жан-жақты баяндалғаны белгілі.

Қазақстанның аталған саладағы қадамы, тұшымды ұсыныстары жаппай қырып-жоятын қаруларды қысқарту, таратпау және оны сынауды шектеу ісіне қозғау салып, нәтижесінде әлем елдері ядролық қауіп деңгейін біршама азайтуға бет бұра бастады, дәлірегі ядролық қаруы бар алпауыт мемлекеттердің сынақ алаңдары тынышталып қалды.

Жалпы, Қазақстанның ядролық қару қаупін азайту, оны қысқарту бағытындағы тəжірибесі Семей полигонының жабылуы­мен тікелей байланысты. Мұны бірегей қадам, әлем тарихындағы ерекше оқиға десек қателеспейміз. Өйткені еліміздің өзінің қолындағы өте қуатты ядролық қаруды ұстап тұруға мүмкіндігі, экономикалық әлеуеті жететініне қарамастан одан саналы түрде бас тартуы адамзат үшін айтулы оқиға еді. Елбасы 2016 жылғы тамызда Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде: «КСРО күйрегеннен кейін, біз қуаты жөнінен əлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналға иелік етіп қалдық. Біздің территориямызда 104 құрлықаралық баллистикалық СС-18 («Сатана») зымырандары орналасты. Оларға 1400 ядролық оқ тұмсық орнатылған болатын. Біздің аэродромдарымызда 370 қанатты ядролық зымырандары бар 40 стратегиялық бомбалаушы ТУ-95 МС ұшақтары болды. Бұл Францияның, Ұлыбританияның жəне Қытайдың ядролық күштерін қоса алғандағы əлеуеттен артық болатын. Семей полигонында ядролық қаруды өндіруге жəне жетілдіруге дайын тұрған қуатты ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы қалды. Бұған қоса, Қазақстан табиғи уранның əлемдік қорының төрттен бірін иелене отырып, оны байытудың толық циклына, ядролық отын, реакторлар мен қондырғылар өндірісіне иелік етті», деген болатын. Міне, жоғарыдағы деректерден сол кездерде Қазақстанның ядролық мемлекет мәртебесін сақтап қалу мүмкіндігінің мол болғанын көреміз. Бірақ біз ядролық қаруға ие ел болуды жөн көрмей, жасампаздық жолын таңдадық. Мұны ядролық қарудан бас тартудың қазақстандық тәжірибесі, үлгісі деп толық айта аламыз.

Еліміздің ядролық қарудан азат болу мақсатында жасаған маңызды қадамы барша адамзаттың, оның ішінде халқымыздың арман-тілегімен үндестік тапты. Жарты ғасыр бойы ұдайы ядролық қару сынағынан көз ашпаған ұлтымыз ғасыр тажалынан аулақ болуды көксеп келген еді. Өз жерінде 456 ядролық жəне термоядролық заряд сыналған, оның зардабын жан-тәнімен тартқан халқымыздың тажал ошағынан құтылу тілегі қуанышқа орай  іс жүзіне асып, берекеміз кірді, абыройымыз артты.

Полигон маңында тұрған 1,5 миллионнан астам отандастарымызды ауру-сырқау еткен, денсаулықтарынан айырған, олардың бір бөлігін өмірден ерте оздырған ядролық сынақтардан қалған жараның орны әлі де сыздап ауырады. Дегенмен, еліміздің ядролық қаруды таратпау жолындағы батыл қадамдары дәтке қуат, көңілге медеу...

Жалпы, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ядролық қарудан азат əлем құрудың өзіндік тиімді моделін қалыптастыра білді. Оның негізін Семей полигонын жабу, ядролық қарудан бас тарту сынды басқа да өміршең бастамалар құрайды.

Қазақстан 2006 жылдың қыркүйегінде Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жария­лаған Семей шартына қол қойды. Шартқа қатысушы барлық тараптар – Қазақстан, Қырғызстан, Тəжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан 2015 жылы «ядролық клубтың» 5 державасынан арнайы хаттамамен бекітілген қауіпсіздік кепілдігін алды. Бұл өз кезегінде ядролық қаруды таратпаудың, қарусызданудың әлемдік процесінің жаңа кезеңі басталғанын білдірсе керек.

 Қазақстан өз таңдауы негізінде жаһанда алғашқы болып ядролық сынақтарға түбегейлі тыйым салу шарасын жүзеге асырғаннан кейін БҰҰ-ның шешімімен ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қоюға жол ашылды. Оған Қазақстан алдыңғылар қатарында қол қойды. Келісімге қосылған 180-нен астам мемлекеттің 160-қа жуығы бұл құжатты ратификациялады. Бұл жағдаяттар Елбасы Жарлығының аса маңызды ықпалын айғақтай түседі.

Бүгінде қазақстандық модель негізінде ядролық қарудан азат әлем құрудың дүние жүзілік тиімді моделі қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның оңтайлы тәжірибесі жаһандық үдерістерге тікелей әсерін тигізіп отырғанын білдіреді.

Сондай-ақ «ядролық клубқа» мүше елдердің кепілдігін алған Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті сақтау әрі нығайту саласындағы барлық халықаралық шарттар мен келісімдердің толыққанды қатысушысы болуы еліміздің аталған сала бойынша АҚШ, Ресей және басқа да елдермен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатып отыр­ғанын ұқтырады. Осындай әріптестіктің арқа­сында Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану ісіне серпін беріп келеді. Мұның дәлелі ретінде елімізде Төмен байы­тыл­ған уран банкінің құрылғанын айтуға болады.

Негізінде мұндай банкті құру идеясы өткен ғасырдың екінші жартысында айтылған болатын. Содан бірқатар ел МАГАТЭ жанынан төмен байытылған ядролық отын банкін құру қажеттігін ұсынған-ды. Ал 2010 жылдың қаңтарында Қазақстан аталған банкті өз аумағында орналастыруға әзір екенін мәлімдеді. Кейіннен осы іске байланысты көптеген келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде Қазақстанда 2017 жылдың 29 тамызында МАГАТЭ-ге қарасты төмен байытылған уран банкінің ресми ашылуы болды. Оның ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің МАГАТЭ-ге төмен байытылған уран банкін орналастыруға мүмкіндік бергенін, ядролық отынды таратпау жөніндегі режімді дамытуға жəне оны қауіпсіз жеткізудің бірегей тетігін қалыптастыруға елеулі үлес қосқанын атап көрсетті. Осылайша Қазақстан құрамында ураны мол шикізатқа ие мемлекет ретінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға ықпал ететінін аңғартты. Сөйтіп, біздің еліміз ядролық ел атану мəртебесінен бас тарта отырып, бейбіт атомды дамыту мүмкіндігін сақтап қалды.

Негізінде МАГАТЭ өзінің төмен байы­тылған уран банкін Қазақстанда орналастыруы халықаралық қоғамдастықтың елімізге деген үлкен сенімін білдіреді.

Жалпы, әлемдік қауіпсіздік салаларына бағытталған игі істердің белсенді қаты­сушысы саналатын Қазақстан халықаралық қоғамдастық тарапынан қызу қолдау тапқан бастамалардың авторы ретінде танылып отыр. Мәселен, еліміздің бастамасымен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2015 жылдың желтоқсанында адамзат тарихында алғаш рет Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Бұдан бөлек 2012 жылы АҚШ, Ресей жəне Қазақстан президенттерінің бұрынғы Семей полигонында үшжақты ынтымақтастықты жалғастыру туралы Бірлескен мəлімдемесі қабылданды. Сондай-ақ еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталды. Тағы бір айта кетер жайт, біздің бастамамыз негізінде адамзатты ядролық қаруға жаппай тыйым салу жолындағы күреске жұмылдыруды мақсат еткен «АТОМ» жобасы жүзеге асырылуда.

Қорыта айтқанда, ядролық қару – бүкіл адамзатқа төнген қауіп. Соңғы деректерге қарағанда 9 мемлекетте 16 мың ядролық қару бар көрінеді. Бұл әлемнің ядролық қару құрсауында тұрғанын аңғартады. Қазақстанның осы қауіптің бетін қайтару жолындағы күресі еліміздің беделін өсіре бермек. Өйткені бейбітшілік, қауіпсіздік үшін жасалған әрбір қадам өрісімізді кеңейтеді, өркенді ел болуға жол ашады.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»