28 Тамыз, 2018

Киноның құнын төмендетпейік

773 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Киноның құнын төмендетпейік

Кино әлемі... Сезініп, түйсіне біл­ген адамға ол жан рахаты, тәрбие құралы, өткен мен бүгінгіні, бола­шақты жалғастыратын алтын көпір екендігі белгілі.

Үстіміздегі жылғы тамыз айының бас кезінде «Ел арна» телеарнасынан «Біз осында тұрамыз» атты кинотуынды көрсетілді. Ертеректе көргеніміз болмаса, ұмытып-ақ қалғандай екен­біз. Ал мына көріністен кейін ондағы оқиғалар санамызда қайта жаңғыр­ғандай болды. Таныс бейнелер – киноның корифейі Шәкен Айма­нов, мэтр актерлар Фарида Шә­ріпова, Асанәлі Әшімов т.б. оқиға кейіп­керлері ретінде сол кездегі өндірдей жас қалпында көз алдымызда өтіп жатты. Шынымызды айтайық, қатты әсерлендік. Есімізге жастық шағымыз түсті. Бұл киноның құдіреті емей немене?! Өнердің ұлылығы да осында жатқан жоқ па?

Біздер балалық шағымызда «Аман­гелді», «Менің атым Қожа», «Біз­дің сүйікті дәрігер», «Тақиялы пе­ріште» т.б. да киноленталарды көріп өстік. Олардағы кейіпкерлерге ұқсауға тырыстық.

Кейінірек «Қыз Жібек», «Ата­ман­ның ақыры», «Транссібір экспресі», «Бан­дыны қуған Хамит» секілді фильм­дер өмірге келді. Бір ғажабы сол, жо­ғарыда айтқан шедеврлерді қан­ша­ма рет көрсек те жалықпай, жаңа та­­машалап отырғандай (қазір де солай) әсерге бөленеміз. Тап осындай дү­­ние­лер көптеп түсіріле берсе екен дейсің.

Соңғы жылдары түсірілген «Жау­жүрек мың бала», «Біржан сал», «Құ­нанбай» секілді көркем фильмдер отандық киноиндустрия саласына олжа салған ортақ қазынамыз.

 Барға қанағат деп айтайық, қазір не көп фильм көп, шетелдікін айт­пағанның өзінде. Оларды көпсініп отырғанымыз жоқ, тек қана кейбірінің сапасы мен мазмұнына көңіліміздің толмайтыны болмаса.

 Отандық телесериалдардың да өз көрермендері бар. Біздің айтқалы отырғанымыз басқа нәрсе.

 Шектен тыс көп нәрсенің қадірі болмайтыны белгілі. Осы орайда қа­зір­гі таңда кино түсіретін жеке­мен­шік студиялар көбейді. Кейбір облыс орталықтарында ашылған немесе ашылып жатқан осындай студияларды айтпағанның өзінде, қалталы кейбір азаматтарымыз да кино түсіретін болып жүр. Түсірсін, тек қана сапасына мән берсін, мазмұны мен тәрбиелік жағына көңіл аударса болғаны.

Ал ондай биік деңгейдегі, талапқа сай дүниелер қанша болса да бізге көптік етпесі анық.

Көңілде бір ғана қауіп бар. Ки­но­ның құнын төмендетіп алмас па екенбіз деген...

Ал, Сіз қалай ойлайсыз?

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

 зейнеткер

Түкістан облысы,

Созақ ауданы