Аймақтар • 29 Тамыз, 2018

Айыртау – асыл аймақ Арқадағы

1271 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Айыртау – көгілдір тауларымен, қалың алқапты ормандарымен, айдын шалқар көлдерімен ерекшеленетін өлкелердің бірі. Қайталанбас сұлу табиғатымен тамсандыратын кербез жер жаннатын жырламаған ақын жоқ шығар, сірә.

Айыртау – асыл аймақ Арқадағы

Осы өңірдің перзенті Кәкімбек Салықовтың «Айыртау – асыл аймақ Арқадағы, Бал кәусар жан баурайды таң самалы. Қиядан қос өркешті көз шалғанда, Аңсаған ата-анаңдай қарсы алады...», секілді кестелі жыр-шумақтарын арнауы, оған халықаралық, республикалық фестивальдардың лау­реаты, сазгер Құрмет Сақайдың ән шығаруы, жергілікті әнұран ретінде тез қабылданып, жиі шырқалуы сал-серілер сайрандап, Құлагер шауып өткен жердің қадір-қасиетін асқақтата түскендей.

Аққан жұлдыздай жарқ еткен ғұлама ғалым Шоқанды, аспандағы аққудың сұңқылына әнін қосқан Үкілі Ыбырайды, от ауызды, орақ тілді айтыс ақыны Орынбайды, одан берідегі даңқты тұлғаларды тізбелейтін болсақ, дүниеге әкелген киелі топырақты қалайша тегін деп айтарсың. Олардың ішінде әншілік пен ақындық өнерді құстың қос қанатындай тең ұстап, зор атақ пен абыройға ие болған Ақан сері Қорамсаұлының орны бөлек екені дау­сыз. Қазақ даласын әнмен тербеткен күміс көмей әншінің 175 жылдығы мен ауданның 90 жылдығы орайласа келіп, қос мерейтойға арналған игілікті шараларға жиналған қауым «тумаса Сарыарқада Ақан сері, Қызыққа қалар еді-ау, дала тоймайдының» күйін кешіп, өзгеше қырынан танығандай болды.

– Қазақтың мақтан тұтар ұл-қыз­да­рының отаны саналатын қасиетті жер тарихи-мәдени мұраларға бай. Бо­тайдағы ежелгі адамдар мекені, Ай­ғаным қонысы, Сырымбеттегі Шоқан Уәлихановқа арналған этнографиялық мұражай, Қарасай-Ағынтай батырлар кесенесі, Кеңащыдағы «Ақан сері» композициясы, тағы басқалары құнды жәдігерлеріміз болып табылады. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткендей, мұндай ескерткіштер өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің таптырмас үлгісі. Ботай қонысы мен «Қарасай-Ағынтай батырлар» мемориалдық кешені республиканың киелі жерлер картасына енді. «Рухани қазына» кіші бағдарламасы шеңберінде«Ақан сері» мүсіні композициясын жасау және тарихи-өлкетану мұражайының құрылысы жоспарланған.

Бүгінде 345 кәсіпорын, 1498 жеке кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Жылына шамамен 40-қа жуық шағын және орта бизнес нысандары ашылады. Жолдарды жөндеуге 2,2 миллиард теңге бөлінді. 19 ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің жобалық құжаттары әзірленді. Егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да өркендеп келеді, – деді сөйлескенімізде іскер басшы ретінде танылып қалған аудан әкімі Бейбіт Исманов.

Ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Жақсылық Жұсыпов Ақан серінің есімін ұлықтау мақсатымен ұйымдастырылған «Ұлылар елі – серілер жері» атты республикалық ақындар айтысы өз деңгейінде өткенін, Ринат Зайытов, Аспанбек Шұғатаев, Жарқын Жұпархан секілді жыр марқасқаларының арасынан қарағандылық Мақсат Ақанов озып шығып, 700 мың теңгенің бас бәйгесін иеленгенін жеткізді. Одан кейінгі игілікті шара мәдениет үйінде өтіп, «Туған жер – тұнған шежіре» атты ауданның құрылу кезеңінен бүгінге дейінгі шежіресін баян­дайтын түрлі-түсті жинақтың таныс­тырылымына жалғасты. Тұсаукесер рәсімде аудан әкімі Б. Исманов, еңбек ардагері Болат Сүлейменұлы, «Айыртау-Информ» ЖШС-нің директоры Ирина Бурковская сөйлеп, тәуелсіздік кезеңінде қалыптасқан құндылықтар жайлы сыр шертті. Ауданға 11 жыл жетекшілік еткен Армия Әбілқайыров ақынның 150 жылдығы қарсаңында кіндік кес­кен қонысында жаңа елді мекеннің бой көтергенін, Құлагердің құдығы орналасқанын, еңселі ескерткіш бой түзегенін еске алды. Белгілі мемлекет, қоғам қайраткері Бәйкен Әшімов алғашқы еңбек жолын Саумалкөлден бастап, көзі жұмылғанша екінші туған жеріндей қастерлеп өтіпті. Орталық көшелердің біріне есімі беріліп, ұлы Оңдасын Бәйкенұлы әулет атынан ризашылық сезімін білдірді.

«Айыртау – алтын бесігім» атты мә­дени-спорттық жиында облыс әкі­мінің орынбасары Мадияр Қожахмет аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың жылы лебізге толы құттықтау хатын оқып берді. А.Әбілқайыровқа облыстың құрметті азаматы атағы табыс етілді. Бір топ азаматтар құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды.

Аламан бәйгеде қара үзіп, мәреге бірінші келген сәйгүліктің иесіне жеңіл көліктің кілті табыс етілді. Тайынша ауданының өкілі Рустам Жұмаев «түйе балуан» атанды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы