Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Петропавлда 630 адамға арналған мешіт ашылды

520 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы 20-шы ықшам ауданда 630 адамға арналған мешіт үйі пайдалануға берілді.

Петропавлда  630 адамға арналған мешіт ашылды

Мешіттің ашылу салтанатына  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов, Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов, Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов,  республикамыздың өзге өңірлерінен, Ресейдің шекаралас аймақтарынан қонақтар қатысты.

Жиналған қауым алдында  Құмар Іргебайұлы, Ерік Хамзаұлы сөз сөйлеп, еңселі мешіттің бой көтеруі мұсылмандар жамағаты үшін айтулы оқиға саналатынын, бір шаңырақ астында тұрып жатқан түрлі діни конфессиялардың тілегі ел бірлігі екенін жеткізді. Бас мүфти С. Ораз ғибадатханаға қасиетті Құран-Кәрімді  тарту етті. «Қызылжар орталық мешітінің» наиб имам қызметін атқарып келген Қасымхан қажы Исаевтың бас имам болып тағайындалғанын жария етті. «Ақ ниет» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Құдайберген Қалиев 1,4 гектар жер бөлініп, құрылыс жұмыстарына  жекелеген адамдар, кәсіпкерлер, кәсіпорындар қаражатпен көмектесіп, сауапты іс  атқарғандарын айтты.

Жобаның авторы әрі бас сәулетшісі Сағындық Жанбұловтың айтуынша 2,7 мың шаршы метр аумақта орналасқан ғимаратты салуда бірегей сәулет үлгісі басшылыққа алынған. Дәстүрлі мұсылмандық және қазақы элементтер тоғысқан. Іші-сырты ою-өрнектермен әшекейленген. Ақшыл сары түспен боялып, қаладағы айшықты орынға айналған. Үш деңгейлі, алтын түстес күмбездер мен  биіктігі 33 метрді құрайтын симметриялық көпқырлы төрт мұнарасы, неке қию залы, автотұрақ, 500 орынды асхана, діни рәсімдер орындалатын арнайы орындар бар.

Алдағы уақытта мешіттің  маңайына  субұрқақ орнатылып, кіші саябақ ашылып, абаттандырылатын болады.

Өмір ЕСҚАЛИ

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы.